Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ералы Тоғжанов профессор Назарбай Блиевке «Облысқа сіңірген енбегі үшін» төс белгісін табыс етті

Ералы Тоғжанов профессор Назарбай Блиевке «Облысқа сіңірген енбегі үшін» төс белгісін табыс етті

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов белгілі математик, профессор Назарбай Блиевпен және Zhubanov университетінің физика-математика факультетінің оқытушыларымен кездесіп «Білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы жиынға қатысты.

«Назарбай ағамыз, елімізде математика ғылымының дамуына зор үлес қосты. Оның есімі, ғылыми еңбектері әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал. Бүгін біздің өңіріміз үшін физиктер мен математиктерді дайындайтын педагогтардың қатысуымен нәтижелі диалог, тәжірибе және пікір алмасу өтіп жатыр. Сондай-ақ, осы күндері ағамыздың құрметіне Назарбай Блиев атындағы физика және математика олимпиадасы бастау алды.
Олимпиадаға облысымыздың физика, математика пәндерінен 100-ден астам бала қатысып, бақтарын сынауда. Бүгін олимпиаданың жабылуына өзіңіз қатысып, Сізге ұқсап, математика ғылымын таңдағысы келетін, жүйрік  озып шыққан балаларыңызға батаңызды беретініңізге қуаныштымын»,
 – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ең мықты қазақстандық математиктердің бірі Назарбай Блиев 1935 жылы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында дүниеге келген. Профессор атағын 1985 жылы алып, кейін ҚР ҰҒА академигі, «ҚР ғылым және техника саласына еңбек сіңірген қайраткер» құрметті атағы және Халықаралық бірінші дəрежелі Хорезми сыйлығының иегері болды.

Профессордың отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Ол шәкірттері арасында 22 ғылым кандидаты және 3 ғылым докторы бар. Конференцияға қатысушылар ғалыми еңбектерінің теориялық маңызы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі салаларда практикалық қолданыс тапқанын атап өтті.

Ғалым өз сөзінде жиналған қауымға алғысын білдіріп, дарынды балаларды анықтауда және олардың таланттарын ашуда педагогтың үлкен рөліне тоқталды.

«Мен туған жеріме келгеніме өте қуаныштымын. Облыс әкімінің уақытының тығыздығына қарамастан, өңірдегі ғылымды дамытуға көп көңіл бөлетініне қуаныштымын. Бүгін облыстың жетекші педагогтары жиналғандықтан, менің сіздерге айтарым бар. Қай жерде оқысаңыз да, ең алдымен қалай оқитыныңыз маңызды. Оқушы ретінде мен облыстың ең шалғайдағы шағын ауылдарының бірі – Жарқамыста оқыдым. Бірақ маған үздік оқытушылар жолықты. Олардың арқасында мен өзімді ғылым жолында жүзеге асырдым. Көп нәрсе мұғалімдерге байланысты. Сіздің міндетіңіз – материалды түсіндіру ғана емес, сонымен қатар балаларды қосымша тәрбиелеу, олардың таланттарын ашу. Сізден бұл туралы ұмытпауыңызды сұраймын», – деп атап өтті профессор.

Кездесу соңында өңір басшысы Назарбай Блиевке білім және ғылым саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп,  «Облысқа сіңірген енбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

//aqtobegazeti.kz/