Вторник, Март 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ұжымы саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті

Университет ұжымы саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті

Бүгін Жұбанов университетінің ұжымы жыл сайынғы дәстүр бойынша 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай марқұмдардың рухына тағзым етті.

Сол зұлмат жылдардың құрбаны болған жандардың бірі – Құдайберген Жұбановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен ғалымды еске алды.

Жиынға университет ректоры Лаура Қарабасова, басқарма мүшелері мен құрылым басшылары, профессор-оқытушылар қатысты.

Басқарма төрағасы Лаура Қарабасова тарихи санамызды жаңғыртуда бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталып, тағылымы мол тұлғалардың ғылыми мұрасын ары қарай жас ұрпақ бойына сіңіру университеттің үлкен миссиясы екенін атап өтті.

Ғалымның немересі, филология ғылымдарының кандидаты Ардақ Жұбанова атасы туралы естеліктерін айтып, ел тарихында мұндай қайғылы оқиғалар қайталанбаса деген тілегін жеткізді.

Айта кету керек, сонымен қатар университеттің бір топ өкілі «Азаттықтың ақ таңы» ескерткішіне барды. Олар жазықсыз жапа шеккен құрбандардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.