Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тарих пен тағылым

Тарих пен тағылым

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандары: тарихы мен тағылымы» атты ғылыми конференция өтті. Оған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, жоғары және арнаулы оқу орындарының мамандары, тарихшылар мен студенттер қатысты.

Іс-шара барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы баяндамалар оқылып, тағылымды ойлар айтылды.

Конференцияға қатысып, сертификат алғандар арасында М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің мұғалімі Қымбат Жалғасова да бар.

— Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтауға арналған танымдық іс-шараларды көбірек ұйымдастыруымыз керек. Өскелең ұрпақ тарихи мұраларымызды, дәстүрлерімізді дәріптейтін ақпараттарға қанығып өскенде ғана зейінді жастарымыздың саны арта түседі. Ұлтжанды ұрпақ — ел болашағының кепілі, — дейді ол.

Жиында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы мұрағат деректері келтірілген бейнематериалдар көрсетілді.

— 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы тұста университет қабырғасында 9 бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Зерттеу жұмыстарына археологтер мен тарихшылар, экспедиторлар жұмылдырып отыр, — дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Асылбек Мәден.

Іс-шара соңында барлық қатысушыға сертифат табысталды.

 

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

/aqtobegazeti.kz/