Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Пекиндегі маңызды кездесу көп мүмкіндіктерге жол ашты

Пекиндегі маңызды кездесу көп мүмкіндіктерге жол ашты

Желтоқсанның 4-інде Ақтөбе облысының әкімі Бердыбек Машбекұлы Сапарбаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы, СНПС – Ақтөбемұнайгаз акционерлік қоғамының бас директоры Ван Цзюньжэнь және бір топ делегация мүшелері Қытай мұнай университетіне арнайы іс сапармен келді. Пекин қаласындағы Қытай мұнай университетінің ректоры Чжан Лайбин, проректор Ли Гэньшэн мырза келген қонақтарды жылы лебізбен қарсы алып университеттің жұмыс барысымен таныстырды. Арнайы жиынға халықаралық ынтымақтастық орталығының жауапты мамандары да қатысты.

Кездесу аясында университет ректоры Чжан Лайбин мырза Ақтөбе облысынан арнайы ресми іс-сапармен келген басшыларды қошеметпен қарсы алып, «Қытай мұнай университеті мен Қазақстан  арасындағы ынтымақтастықтың ұзақ тарихы бар, алғаш рет 1997 жылы университетіміз қазақстандық студенттердің бастапқы санын қабылдады,  қазіргі таңда 200-ге жуық қазақстандық студенттер білім алып жатыр».-деді ол. Сондай-ақ университетте оқып жатқан қазақстандық студенттердің жалпы жағдайымен,  шет елдік студенттерді оқыту үдерісі мәселелері жайында да сөз қозғады.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев «Қазақстанның қызметкерлері мен студенттерін білікті маман ретінде кәсіби тұрғыда дайындап, жоғары сапалы білім беріп келе жатқандарыныз үшін алғысымыз шексіз»- деді.

Білім — бұл ұлттың негізі, білікті кадрларды дайындау ел дамуының басты ықпалы. Осыдан үш жыл бұрын, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстандағы «Бір белдеу және бір жол» атты стратегиялық жобасы ұсынылды. Бұл жаңа бастама біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін берді. «Ақтөбе облысы, елшілік, СНПС – Ақтөбемұнайгаз акционерлік қоғамы жоғары білікті мамандардар дайындауда барынша қолдау көрсетіп, жаңа бағытта қызметтер атқарып жатыр” – деп, сөзін жалғастырды облыс әкімі.

 

Жиын барысында Пекин қаласындағы Қытай мұнай университетінің ректоры Чжан Лайбин мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ректоры профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков екі университет арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Қос тарап басшылары ынтымақтастық бағыттарын кеңейту туралы жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, екі университет алдағы уақытта ынтымақтастық аясында байланысты нығайтуға келісті. Ортақ даму, қосдипломдық білім беру бағдарламасы, дуалды оқыту жүйесі негізінде бірлесе білім беру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру жөнінде де келіссөздер жүргізілді.

Жиын соңында делегация өкілдері Қазақстандық студенттермен кездесіп, ең үздік белсенді 20 студентті марапаттады.

Бүгінгі күні Пекиндегі Қытай мұнай университетінде қазақстандық 189 студент білім алуда, оның ішінде 129 студент бакалавриат, 18 студент магистратура және 12 студент қытай тілін үйрену бағдарламалары бойынша оқып жатыр. 1997 жылдан бастап бұл жоғары оқу орнынан мұнай саласы мамандығы бойынша барлығы 800-ге жуық қазақстандық студент білім алып шықты.

Пекиндегі Қытай мұнай университеті – Қытай Халық Республикасы білім министрлігінің арнайы бақылауымен құрылған, Қытай елінің ұлттық университеттерінің бірі. Университеттің негізгі миссиясы — сапалы білім беру және зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы әлемдік мұнай өнеркәсібі үшін білікті инженерлер мен техниктерді дайындау болып табылады. Университет тек қана мұнай-газ саласы ғана емес, бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша химия өнеркәсібі,  геофизика, механикалық және электрондық жабдықтар, сонымен қатар информатика, бизнес саласы негізінде білікті мамандар даярлайды.