Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Профессор Салима Сейтенованың жұлдызды шағы

Профессор Салима Сейтенованың жұлдызды шағы

Еңбек түбі — зейнет. «Педагогика, психология және бастауышта оқыту» кафедрасының оқытушысы Салима Сағынқызы Сейтенованың өмірінің қазіргі жұлдызды шағы осының айғағы. Аз уақыт бұрын Салима Сағынқызына ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен «Педгогика» мамандығы бойынша Қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілген болатын. Көп ұзамай профессор С. Сейтенова тағы бір қуанышты хабар алды. Ол министрліктің ғылыми байқауының Ақтөбе облысы бойынша жалғыз жеңімпазы атанды. Ғалымның еңбегіне көрсетілген жоғары назар – Жұбанов университетінің де асқақ абыройы, мақтанатын марапаты. Біз де Салима Сағынқызын құттықтап, қызықтырған сұрақтарымызға жауап беруін өтінген едік. Әңгімелескен журналист Жадыра Арен.

-Биылғы жыл сіздің өміріңізге жақсы жаңалықтарды толтырды. Бұл сәйкестік пе, әлде тынымсыз еңбектің нәтижесі ме?

-Иә, биылғы жыл менің өмірімде жақсы жаңалықтарға толы жыл болды. Сәйкестік те шығар, бірақ өмірдегі жетістіктер тынымсыз еңбектің арқасында келеді деп ойлаймын. Қауымдастырылған профессор атағын алу үшін оған үлкен еңбек керек, өзіндік талаптары бар. Мақалалар санының жеткілікті болуы, «Thomson Reuters», «Scopus» базасындағы жарық көрген мақалаларың болу керек. Менің шетелдік басылымдарда, АҚШ, Индия, Канада, Австрия, Франция, Чехия, Украина, Ресей елдерінде конференция жинақтарында, «Thomson Reuters», «Scopus» базасындағы журналдарға ғылыми мақалаларым жарияланды. Мұның барлығы тынымсыз еңбегімнің арқасы деп ойлаймын. Адам еңбектене білсе, міндетті түрде бір нәтижеге қол жеткізе алады.

-Енді өзіңізге жақында жеңіс сыйлаған ғылыми жобаңыз жайлы толығырақ айтып берсеңіз..

-ҚР Білім және ғылым министрлігі 2011 жылдан бері жыл сайын Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендияларға конкурс жариялайды. Сол конкурсқа қатысып, бағымды сынап көрсем деп, биыл монографиямды ұсынған болатынмын. Монографиям «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту әдістемелік негіздері» деп аталады. Әрине, өте қуаныштымын. Бұл да еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Конкурстың қойылған арнайы талабы бар. Сол талаптар бойынша жұмысымызды тапсырдық. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету әдістеріме арналған монографиямның ерекшелігі болған шығар деп есептеймін. Менің жобамның таңдалып алынуы қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі болғандықтан болар, мүмкін қазіргі кездегі талапқа сай болған шығар. Мүмкін менің маңдайымдағы бақ болар. Бұл — бір жылдық стипендия. Барлығы жетпіс бес стипендия бөлінеді, олардың елуі 35 жасқа дейінгі дарынды жастарға беріледі. Тек жиырма бесі ғана  35 жастан кейінгілерге тиесілі. Орайлы сәтте, конкурс талаптарына сай құжаттар тізбесін дайындап жүрген кезде, еш кедергі келтірмей, керісінше қолдау көрсетіп, тілекші болған университет басшылығы мен әріптестеріме алғыс айтқым келеді.

-Осыған дейін де ғылым саласында жетістіктеріңіз болған шығар..?

-2013 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы мен мемлекеттік грант иегері атандым. Және осы жылы Халықаралық КАНКОРД академиясының корреспондент мүшесі болдым. Берген грант бойынша 2014 жылы Франция мемлекеті астанасы -Париж қаласына барып, біліктілікті көтеру және тәжірибе алмасу мақсатында тағылымдамадан өтіп келдім. Францияның Les Sables Dolonne қаласында өткізілген «Colloque de LAcademie Internationale CONCORDE 2014» Халықаралық ғылыми конференциясына қатысып, 4 баяндама жасадым. Барлық  жасаған баяндамаларым ғылыми мақала ретінде РИНЦ базасына енген Импакт-факторы бар «Bulletin Deurotaient-Fidjip» халықаралық журналында жарияланды. Сол жылы Түркия еліне жолым түсіп,  Стамбул университетінде біліктілігімді жетілдіріп, тәжірибе жинақтадым. Осы грант негізінде Ресей мемлекетінде Таганрог қаласында өткен семинарға қатыстым. Және сол жылы Алматы қаласында шет тілін үйрену мақсатында «Lingual School» тілдер оқыту мектебінде оқып, сертификат алдым.

-Педагог жолы – ауыр жол. Бұл мамандықта тұрақтап қалмайтындар да көп.. Ал сіз саналы ғұмырыңызды осы жолға арнап келесіз..

-Біз Кеңес үкіметі кезінің, сол кездің тәрбиесін алған адамдармыз. Біз үшін мұғалім деген – биік тұлға болатын. Мұғалімнің алдынан ешқашан кесе өтпейтінбіз. Ең беделді адам сабақ беретін ағай-апайларымыз еді. Сондықтан осы жолды таңдауыма сол беделді кісілердің ықпалы молырақ болды деп ойлаймын. Әрине жақсы педагог болу үшін армандау керек. Мен бала кезімнен педагог болсам деп армандадым. Бала кезімізде өзге балалар ойыншықпен ойнаса, мен мұғалім апай болып ойнайтынмын. Сондай-ақ, педагогтық тұлғамды, мінез-құлқымды қалыптастырған ата-анама рахметімді айтам. Ата-анамның тәрбиесінің маңыздылығы зор болды деп есептеймін. Әсіресе, әкемнің ықпалы көбірек болды. Әкем үнемі «Мұғалім болу — қыз балаға лайықты мамандық. Бұл ұлағатты жол» деп айтып отыратын. Отбасында екі қыз баламыз. Өзімнен үлкен апам да ұстаз болды. 25 жылдай мектеп директоры қызметін атқарды, қазір зейнеткерлікке. Сол кісінің жетістіктері, тұлғасы да әсер еткен болу керек. Дегенмен барлығы да өмірлік тәжірибемен келеді ғой.

-Педагог болумен қатар, ғылым жолын қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?

-Әрине, өзіндік қиыншылықтары да бар. Педагогикалық жол, ғылым жолы, отбасы. Бірақ өзің сол жолды қалап, өмірлік бағытыңды соған арнағасын бәріне де үлгеруге, жоғары деңгейде орындауға тырысасың. Менің ойымша, адам ешқашан қиындықтан қашпау керек. Соған қарсы жүргенде ғана, қиындықты жеңе аласың. Бала тәрбиесімен қатар, мамандығымды, ғылым жолындағы ізденістерімді жетілдіруде отбасымның да тигізген ықпалы зор. Менің ең үлкен жетістіктерге жетуіме жетелеген ең алдымен отбасылық қолдау, ауызбіршілік деп санаймын.

-Шәкірттеріңізді қандай қасиеттерге баулып жүрсіз?

Ең бірінші аудиторияға кірген кезде тазалыққа мән беремін. Студенттердің отырысына, тәртібіне көп көңіл бөлемін. Тәртіп болмаған жерде, білім де болмайды. Қыз балалардың әркез әдемі болып жүруін қадағалаймын. Ұқыпты, өзіне жарасымды болып жүруіне орай ақыл-кеңестерімді беріп, тәрбиелеуге тырысамын. Педагог болғандықтан шәкірттеріміз бізге қарап бой түзейді. Біздің жүріс-тұрысымыз, сөйлеуіміз, киім киісіміз оларға әркез үлгі-өнеге. Студенттердің барлығы мен үшін бірдей. Әрине, олар қабілеттеріне орай әртүрлі. Біреулері ғылымға жақын болса, біреулері басқа қырынан талантты. Мен студенттермен ғылым саласы бойынша көбірек жұмыс жасаймын. 2014 жылы ҚР СҒЗЖ конкурсында «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 4-курс студенті Т.Е.Қожаберген деген шәкіртім екінші орын иеленсе, 2016 жылы «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 3-курс студенті Ш.Ә.Рэн бірінші орын иеленді. Осы жылы «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 4-курс студенттері Б.А.Елеусизова мен Г.С.Сейтжановалар да үшінші орын иеленді. Сондықтан шәкіртеріммен де еңбегім нәтижесіз емес деп есептеймін. «Ғылыми зерттеу» деген үйірмем бар. Бұл үйірмеде студенттерімді ғылыми бағытқа тәрбиелеймін. Мақаланы қалай жазу, конкурстарға қатысу ережелері, жетістіктерге жету жолдарын осы үйірме жұмысы барысында үйретемін. Студенттерім оқу бітіргенше 8-9 ғылыми мақалаларын жариялап үлгереді. Оларға үнемі еңбектену керек деп айтып отырамын. Білім алушылар арасында дарынды студенттер өте көп. Сабақ берген кезде, жанып тұрған жастарды көргенде кәдімгідей қуанып, қанат біткендей күй кешемін.

Сұқбатыңызға рахмет, жемісті және жеңісті күндеріңіз жалғаса берсін!