Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Дөңгелек үстел халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа арналды

Дөңгелек үстел халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа арналды

7-ші желтоқсанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған «Телегей теңіз дарын» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікбай Қайдасов, Ізімғали Көбенов, Жанұзақ Қалдыбаев секілді зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Р.А.Бекназаров жүргізді. Алдымен ол университет ректоры Б.А.Ердембековтің  кіріспе сөзімен таныстырып өтті.

Дөңгелек үстел барысында Р.Бекназаров «Әбіш Кекілбайұлы және Хан моласы қорымының зерттелуі» тақырыбында баяндама жасап, заңғар тұлғаның өлкеміздің тарихына қосқан үлесіне тоқталды.

Айтулы ақын, журналист, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы  қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қазақ елінің тәуелсіздік тұғырына шығуына қосқан үлесін, ұлттық мүдде үшін сіңірген еңбегін, қаламгерлік ерекшелігін атап өтті.

Әдебиеттанушы ғалым Алпысбай Мұсаев кемеңгер қаламгердің поэзия, проза, публицистикада қалдырған айрықша қолтаңбасы туралы сөз қозғады. Халықаралық «Невада — Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры, қоғам қайраткері  Ізімғали Көбенов  жазушы тұлғасының қазақ елінің игілігі үшін атқарған қызметі, ұлтжандылығы туралы  мазмұнды мәлімет беріп, естеліктерін айтты. Бұл ретте мемлекет қайраткерінің Қобыланды батырдың мемориалдық кешенінің тұрғызылуына, Ә.Молағұлованың 70 жылдығына орай  Әлия мен Мәншүк ескерткішінің орнатылуына ұйтқы болғандығы туралы баяндады.

Доцент Мұхтар Миров қаламгердің анасы Айсәуле әжеміз туралы естелік мәліметтерге тоқталды.

Ақын Серікбай Қайдасов пен жас ақын, магистрант Қастербек Сайлауқазы  Абыз ағаға арнау өлеңдерін оқыды.

«Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Мира Балтымова дөңгелек үстелге қатысушыларға алғыс білдіріп, заңғар жазушының есімін ұлықтауға қатысты университетте атқарылып жатқан шаралар туралы айтты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Ә.Кекілбаев туралы бейнефильм көріп, дара тұлғаның көзін көріп, қызметтес болған ел ағаларына көкейкесті сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Жас ұрпақ ел мүддесі үшін қызмет етіп жүрген зиялы қауым өкілдерінің сөздерімен қуаттанып,  рухани нәрімен сусындады.