Понедельник, Октябрь 2, 2023
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми жұмыстармен айналысуға ынта мен уақытым артты

Ғылыми жұмыстармен айналысуға ынта мен уақытым артты

2022 жылы Zhubanov University «Оқытушы-зерттеуші» жаңа санаты енгізген еді. Оқытушы-зерттеушілер профессор-оқытушылар құрамына вебинарлар өткізіп, жоғары рейтингті басылымдарда мақалалар жариялайды, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тарапынан жарияланатын гранттық қаржыландыру конкурстарына қатыса алады. Бұл санатқа ие болған оқытушы-зерттеушілердің жалақысына айтарлықтай үстемақы бекітілді. Жаңа бастама оқытушыларды ғылыммен айналысуға ынталандыруға бағытталған. Арнайы ереже әзірленіп, байқау өткізілді, 40 оқытушы өтініш беріп, оның ішінен 21 оқытушы іріктелді. Олардың оқу жылында атқарған істерінің нәтижелері сарапталды. Жоспарлаған міндетті толық орындап, абырой биігінен көрінген оқытушы-зерттеушінің бірі — Айгүлден Тоғайбаева. Жоғары білім беру саласындағы тәжірибесі 25 жыл, білікті педагог. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. «Психологиялық — педагогикалық және арнайы білім беру» кафедрасында қызмет жасайды.
2021 жылы ҚР БжҒМ  «ЖОО Үздік оқытушысы» республикалық гранттық конкурсының жеңімпазы. 150-ге жуық ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде халықаралық дәрежедегі  2 монография, ҚР БжҒМ бекіткен 2 оқу құралы, 11 оқу құралы және көптеген әдістемелік нұсқаулар тізімі бар.
Өтінішіміз бойынша Айгүлден Кәдірқызы жаңа лауазымдағы жүзеге асырған істері туралы әңгімелеп берді. Тыңдаған Гүлнара Қараша.

 — 2022-2023 оқу жылының басында университетте «Оқытушы-зерттеуші» жаңа лауазымына конкурс жарияланды. Көптеген әріптестерім секілді осы конкурсқа қатысып, жаңа талаптарды бағындыруға шешім қабылдадым. Конкурстан сәтті өтіп, оқытушы-зерттеуші қызметіне ауыстым. Бұл қызметке қойылатын жоспарлы талаптар бар. Мысалы, оқу жылы ішінде профессор-оқытушы құрамы мен білім алушылар үшін 6 вебинар ұйымдастыру қажет. Алдын ала ұсынылып, бекітілген тақырыптар бойынша вебинарларды толық өткіздім. Соның ішінде «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға педагогикалық-психологиялық қолдау» (28.09.2022) тақырыбындағы вебинарға  облыстың жалпы білім беретін мектептерінің ұстаздары, сондай-ақ қырғызстандық әріптестер қатысты. Бішкек қаласындағы Қазақ-Қырғыз университетінің ректоры А.Г.Казмагамбетов және аталған университет профессоры Д.Кулчабаев вебинар тақырыбының өзектілігін атап өтті.  Ресей Федерациясы Казан мемлекеттік университететінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты М.Р.Шамтиеваның және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі К.О.Казиевтің, сол сәтте РФ Мәскеу қаласындағы М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде  «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан әріптесіміз  Б.Б.Ертлеуованың қатысуымен өткен кезекті халықаралық вебинарды «Білім алушылардың бейімделу кезеңіндегі ментальды күйдің ғылыми негіздері /24.10.2022/ тақырыбында 7М01101 «Педагогика және психология» ББ магистранттарына, жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөліміне, яғни 1 курс магистранттарына арнадық. Марина Романовна Шамтиева біздің ЖОО магистранттарының белсенділігі мен вебинар барысындағы толымды жауаптарына ризашылығын білдірді. Түркияның Мерсин университетінен Ажар Орда ханым және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі әріптестерімізбен зерттеу әдістерін жиынтық қолдану мәселелері туралы (28.11.2022)   мазмұнды вебинар өткіздік. Аталған ЖОО профессор- оқытушылар құрамы өз тараптарында  ұйымдастырылып жатырған ғылыми іс-шараларға ат салысуды ұсынды.

Білім алушыларға арналған «Академиялық сауаттылық -бүгінгі заман талабы» (14.12.2022) тақырыбындағы вебинарда дипломдық жоба жазуда назар аударылуы керек маңызды тұстарға тоқталдық. Қысқы мектепке жазылған әріптестерімізге «ЖОО-да интербелсенді әдістерді пайдалану тиімділігі» тақырыбында 5 сағаттық дәріс оқылды.
«Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Хабаршысы» ғылыми журналының  2022 ж., № 3(68) санына  «Pedagogical possibilities of forming legal culture of students»  тақырыбында шетелдік ғалым Марина Романовна Шамтиевамен (М.R.Shamtieva) авторлық бірлестікте мақала жарияланды.
Айта кететінім, кафедрада әріптестерім Д.Ж.Рамазанова және М.Н.Есенгуловамен бірге барлығымыз шетелдік әріптестермен бірге халықаралық ғылыми жоба аясында ынтымақтастықта осыған дейін де жұмыс жасап келеміз.

Ағымдағы жылы «Effect of mobile learning on students’ satisfaction, perceived usefulness and academic performance when learning a foreign language» тақырыбында әріпстестерім Д.Ж.Рамазанова, М.Н.Есенгулова, А.К.Нурлин және Р.Шокановтармен  қосалқы автор ретінде бірлесе отырып, Scopus базасындағы Frontiers in Education, 2022, 7, 946102 журналына мақала жарияланып, базаға енгізілді. Мақаламен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=57218109272

«Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Хабаршысы» ғылыми журналындағы мақалаларға пікір жазу талабы бойынша редакцияға келіп түскен мақалаларға кезегінше сараптама жасалды. Осы оқу жылында барлығы 3 ғылыми мақалаға сараптамалық талдау жасалып, қорытындыланды.

«Педагогикалық білім бағдарламалары білім алушыларының кәсіби қызметте инклюзивті білім беруді жүзеге асыру дайындығын қалыптастырудағы интерактивті оқыту» тақырыбында ҚР ҒжЖБМ жариялаған 2023-2025 оқу жылдарына арналған гранттық қаржыландыруға байланысты республикалық конкурсқа жоба ұсынылды. Жобаның жұмыс тобында тәлімгерлікке алған жас оқытушы Г.Б.Боранбаева да бірлесе жұмыстанды.

Сонымен қатар, сәуір айында Қызылорда қаласында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылған 7М01  педагогикалық бағыттар бойынша магистранттардың VIII республикалық пәндік олимпиадасына 7М01101 «Педагогика және психология» ББ 2 курс магистранттарына жетекшілік жасап, жүлделі 3 орын иелендік. Бұдан басқа әріптесім Д.Ж.Рамазановамен бірге Республикалық магистранттардың ғылыми зерттеу жұмысы конкурсына жоба әзірлеп ұсынған едік, гранттық конкурстың II дәрежелі дипломын иелендік. Алда осы бағытта еңбектенетін боламыз.   Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Сондықтан оқытушыларға білім беру жүйесінің талаптарын орындауда талап күшейді. Университет ректоры Л.Ч.Қарабасованың бастамасымен енгізілген оқытушы-зерттеуші қызметі оқытушыларға үлкен мүмкіндік беріп жатыр. Жауапкершілігі мен талабы зор болса да,  оқытушының ғылыммен айналысуына ынтасын арттырып, ең бастысы оған еркін уақыт беріледі. Осы мүмкіндік үшін рақмет айтамын.

 

Zhubanov University облыстық газеті, №5(485), 2023 ж.