Понедельник, Май 27, 2024
Басты > Жастар саясаты > Академиялық ұтқырлық студент үшін зор мүмкіндік

Академиялық ұтқырлық студент үшін зор мүмкіндік

Zhubanov University студенттер үшін академиялық ұтқырлық бағдарламасы конкурсына 2-3 курс студенттері қатыса алады.
Академиялық ұтқырлық шеңберінде республикалық бюджет қаражаты есебінен конкурсқа қатысуға көрсетілген құжаттарды ұсыну шетелдік әріптес ЖОО арасындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.  Үміткерлер конкурсқа қатысып, іріктеледі. Басты талап шетел тілін меңгеру деңгейі В2 төмен емес, ағымдағы үлгерім транскриптінің GPA орташа балы 2,67 төмен емес шарты болып табылады. 2022-2023  оқу жылының бір семестрін Zhubanov University
50-ге жуық үздіктері Түркия, Польша, Ресей мемлекеттерінде оқыды.
Лаура Мингисиева — болашақ педагог.
«Арнайы педагогика» мамандығының 3 курс студенті. Келешек қызметін ғылыммен байланыстыруды мақсат тұтады. Ал академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде оқып келу студентке зор мүмкіндік деп есептейді. Қазір Түркия мемлекетінің Кастамону университетінде оқу жылының II семестрін аяқтап жатқан студент академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу жолы жайында баяндайды.

 Мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы туралы 2 курста оқып жүргенімде естідім. Бір факультетте оқитын қыздың инстаграм парақшасынан Түркияда жүрген фотосын көрдім. Сабақ уақытында ол басқа мемлекетте қалай жүр деп ойлап, сұрастыра бастадым. Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен барғанын білдім. Қатты қызығып, керек ақпарат жинадым. Алдыма мақсат қойдым. Қалайда жетемін дедім. Баратын елдің тілін білу қажеттігін, оқу үлгерімі жақсы болу керектігін  білгеннен соң нақты қарекет жасай бастадым. Түрік тілін оқытатын курсқа қатысып, тілдік деңгейімді  көтердім. Негізі түрік сериалдары, әндері ұнайтын және ол елдің студенттік өмірі, білім алу процесі қалай екен деген қызығушылықтарым болды, себебі өзім университетте белсенді студент болғандықтан ол жақта да Студенттік парламент ұйымы бар шығар, қалай жұмыс істейді екен деген сұрақтар қызықтырды.

Түрік тілі курсын аяқтап, сертификатымды қолыма алдым. 3-курстың 1-ші семестрінде академиялық ұтқырлық бойынша қараша айында құжат жинау басталды. Мен көп ойланбастан құжаттарымды тапсырдым. Конкурс өтті, 2 турдан тұрады екен. 1-ші турдан өттім, 2-ші тур сұқбат алу, яғни конкурстың комиссия мүшелерінен түрік тілінде сұқбат алу керек. Екі турдан да сәтті өттім. Мен армандаған түрік елінің Кастамону қаласына баратын топқа іліктім. Қатты қуанғанымнан біразға дейін сене алмадым. Отбасыма жақсы жаңалықты жеткіздім, олар мені қолдап, бірге қуанды. Әрине әке-анам менталитеті басқа ел болғасын аздап қобалжыды, уайымдады. Бірақ үлкен қолдау көрсетті.

Университеттің Халықаралық ынтымақтастық департаменті шетелге бір оқу семестріне жүргелі отырған бір топ студенттермен жиын өткізіп, мазалаған сұрақтарымызға жауап берді, біздің шетелдегі өмірімізді үйлестіріп отыратын координатор бекітті. Сондай-ақ факультет деканы, кураторым үлкен үміт артып, шығарып салды.

Бізді Станбұл әуе жайында Кастамону қаласына арнайы автобус күтіп тұрды.
Түркиядағы автобустар ұзақ жолға ыңғайлы, бұл транспорт түрі жақсы дамыған.

Кастамону қаласында координатор алдын ала дайындаған апартаментке түстік. Иесі өте жылы қарсы алды. Қазір бірге келген төрт қыз сол абидің баласындай болып жүрміз. Келесі күні Кастамону университетінің өкілдері Айша ханым және Осман ходжамен таныстық. Олар шетелдік студенттерді жаңа ортаға бейімдеу ісін үйлестірумен айналысады. Құжаттарын тексереді, оқу жүйесіне енгізеді, факультетке бөледі. Қажет көмекті береді. Біз барғанда орасан жер сілкінісі, соңынан афтершоктар болып жатты. Сондықтан оқуымыз жартылай онлайн, жартылай офлайн өтті. Қалада студент аз қалған еді. Біз түскен апартаментте 30 қазақстандық студент тұрамыз.
Жақын араласып, ауырып қалғанда  бір-бірімізге қамқор болып, кейін жақсы достарға айналдық. Сабақ жүйесін үйрене бастадық. Бұл жақта оқу процесі бізге қарағанда мүлдем басқаша екен. 1 пән, яғни 1пар аптасына 1рет және 2 жарым сағат болады.

Басында үйренісе алмай, сіңісіп кету қиындау болды, бірақ түрік халқы өте мейірімді, мінезі ашық адамдар, бізге өте көп көмегін тигізді. Түрік топтастарым үй тапсырмасын орындау кезінде жәрдемдесті. Сөйтіп, достарымның қатары көбейді.  Мұнда кітапханаларының өте үлкендігі таң қалдырды. Ең бірінші Фатма ходжаның дәрісі өтті, ол кісі келген мемлекетіміз жайлы ақпарат дайындауға тапсырма берді. Біз қазақ елін, ұлттық тағамын, ұлттық аспабын, көрікті жерлерін таныстыратын және өз университетіміз туралы әдемі слайд жасадық. Көп ұзамай академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келген студенттер үшін Кастамону қаласын аралатты. Тарихын әңгімелеп, табиғатын көрсетті. Экскурсия кезінде өзге шетелдік студенттермен таныстық, қазақша ән айтып, елімізге қызығушылығын ояттық. Олардың елдері жайлы да білдік.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасының ұтымды жағы — өрісің кеңейеді, басқа білім сапасын көресің, жаңа достар табасың, оқуға деген құштарлығың артады. Студенттердің өмірге, білімге көзқарасын өзгертуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан біздің университет студенттері осындай шансты жібермеуі, армандауы және оған жетуде алдына мақсат қойып, оған қалайда жетуі керек. Мен осы мүмкіндікті кезінде пайдалана алғаныма ризамын.

Алда жоспарым көп,  бірі -магистратураны шетелде, осы Түркия мемлекетінде оқысам деймін. Бұл жақта  арнайы педагогика бағыты жақсы дамыған дейді.  Университеттер туралы пікірлер жинап, сұрастырып жатырмын. Еліме  білікті, білімді, кәсіби маман иесі болып, қызмет еткім келеді. Өз саламды зерттеп, ашылмаған қыр-сырына қанығып, дамытсам деймін.

 

Жазып алған Гүлнара Қараша

Zhubanov University облыстық газеті, №5(485), 2023 ж.