Воскресенье, Январь 29, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > Студенттер ғарышкермен кездесті

Студенттер ғарышкермен кездесті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Халық қаһарманы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетовпен кездесу өтті.

Кездесуге Еуразиялық планетарийлер ынтымақтастығының тең төрағасы, Нижний Новгород планетарийі директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары У.Авдеенко, жазушы-фантаст, Қазақстан Жазушылар одағының және ТМД Астрономия-геодезия қоғамының мүшесі Ж.Сақұрпағы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының жұлдыздар физикасы мен тұмандықтар зертханасының меңгерушісі Л.Щестакова, физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының директоры Н.Бейсен, физика-математика ғылымдарының кандидаты, халықаралық астрономиялық олимпиадалардың төрағасы, Пущино радиастрономиялық обсерваториясының жетекші ғылыми қызметкері М.Гаврилов,

«Знамени мира» үйлестіру орталығының үйлестірушісі И.Куцеволова, жас техниктер станциясының директоры, ғарыш зертханасының жетекшісі С.Дауталиев, Ақтөбе облыстық планетарийінің директоры Қ.Бөлеков, сондай-ақ университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кездесуді университеттің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев жүргізіп отырды. Ол кездесудің университет жастары үшін тарихи маңызы зор екенін жеткізді.

Шарада А.Айымбетов ғарыш кеңістігіндегі сәттерді еске алып, жастардың қойған сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, ғарышкер өз әңгімесінде ғарыш сапарының қалай өткендігін сөз етіп, қазақстандық ғалымдар дайындаған ғарыштық технологиялар мен тәжірибелерге тоқталды. Ғарыштық технология жетістіктерінің күнделікті тіршілігімізге қалай ене бастағанын, Қазақстанның ғарышкерлер саны жағынан әлемде тоғызыншы орынға шыққандығын, еліміздің ғарыш кеңістігін игеру мүмкіндіктері зор екенін, болашақта да өзінің бар күшін соған арнайтынын айтты.

— Мен әскери училищені тәмамдағаннан кейін Қазақстанға қайта оралдым. Ол кезде сол аумалы-төкпелі заман орын алды, айлықты жарты жылдап бермейтін еді. Кейбіреулер Қазақстаннан жақсы өмір іздеп кетіп жатты, кейбіреулер бизнеске кетті. Өмірде әрдайым қиындық болады, тек оған шыдап, төзімділік таныту керек. Менің айтатыным, алдарыңызға мақсат қоюға қорықпаңыздар, керісінше, алдарыңызға мақсат қойып, соған ұмтылатын болсаңыздар, оған міндетті түрде жетесіздер, — деді ол.

Оның айтуынша, ғарышкерлер қатарына қосылу үшін, ең алдымен, денсаулығың мықты болуы керек, екіншіден, жоғары білімі болуы қажет. Сондай-ақ еңбекқор болу керек.

 Мен Қазақстан Президентінің қолынан жоғары марапат алған кезде өзіме Отан үшін, елдің өркендеуі үшін барлық өмірімді сарп етемін деп уәде еттім. Мен жоғары марапатқа ие болдым, бірақ мен сол баяғы Айдын болып қалдым, өзгермейтін де шығармын. Себебі өз қызметімді атқарып, еліміздің ғарыш саласын көркейту жолында еңбек ете беремін, — деді ғарышкер.

Кездесу соңында Айдын Айымбетовке Құдайберген Жұбановтың суреті бейнеленген кілемше мен университеттің 50 жылдығына арналған сағат сыйға тартылып, ғарышкер кездесуге келген жастармен естелік суретке түсті.

 Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ.

источник