Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Жастар саясаты > Білім-ғылым жолына түсуді таңдап отырмын

Білім-ғылым жолына түсуді таңдап отырмын

Мадина ТЕМИРХАНОВА

Zhubanov University «Мұнай-газ ісі» мамандығын бітіруші, Үздік диплом иегері

Мұнай-газ ісі мамандығын иеленген қыздар немен айналысады? Өзіңіз қайда жұмысқа барасыз?

— Жалпы «Мұнай-газ ісі» мамандығын иеленген қыздардың саны көп емес десек те болады. Бірақ сол мамандықты игеріп шыққан қыздар көбіне еңбек жолын өндірісте бастап жатады, ал біраз бөлігі білім-ғылым жолында. Мен де өзіме сабақ берген ұстаздарым секілді білім-ғылым жолына түсуді таңдап отырмын, себебі мұғалім болу менің бала кезгі арманым еді. Сондықтан бұйырса магистратура оқып, өзімнің алтын ордамда ұстаз болуды мақсат етемін.

Мамандық таңдауда қателеспеу керек екенін білеміз. Дегенмен, таңдау мен адамның қалауы, оның сол мамандыққа ебі сәйкес болса жақсы. Кейде керісінше болып жатады. Мұнай мен газ саласын меңгерсем дейтін талапкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Негізінен мен мектеп бітірген кезде физика пәні мұғалімі боламын деп ойлағанмын. Бірақ 2 балл жетпей осы «Мұнай-газ ісі» мамандығына оқуға түстім. Және де осы мамандыққа түскеніме ешқашан өкінген емеспін. Өзімнің группам, кураторымның және сабақ берген ұстаздарымның арқасында менің бұл салаға деген қызығушылығым арта түсті. Тағы да бір себепкер болған жәйт, 1 курста өткен “Мамандығым-мақтанышым” деген сайыс болатын. Осы сайыстың нәтижесінде мұнай-газ саласының ерекшеліктері, елімізге тигізер пайдасы қандай, тағы да басқа көп ақпараттармен таныстым. Мұнай мен газ саласын меңгерсем дейтін талапкерлерге  кеңесім — көп оқыңыздар, өзіміздің еліміздің кен орындары туралы қарастырып, аз болсын мәліметтермен танысыңыздар. Ең бастысы қазірден бастап ағылшын курсына қатысып, білімдеріңізді шыңдаңыздар дегім келеді.

Мектепті Алтын белгімен, университетті Үздік дипломмен аяқтапсыз. Керемет! Ата-ана риза болар.

— Көп рақмет, әрине ата-анам дән риза. Туыстарым, достарым, ұстаздарым да жылы лебіздерін аямауда. Мен қос атамның қабілетін қайталап отырмын. Өзімнің атам кезінде оқу үздігі болып, ЖОО-ны Қызыл дипломмен бітірген, ал нағашы атам мұнай-газ саласының үздігі. Білім-ғылымға ынталығым осы аталарымнан дарыған болар. Қандай жағдай болмасын мені қолдап, білім алу үшін бар жағдайымды жасағандары үшін ата-анама алғыс айтамын. Әрі қарай да маған артар сенімдерін ақтаймын деген ниеттемін.

Би билеуді ұнатамын, кітап оқуға құмармын деп отырсыз. Бұл әуестіктер бала кезден қалыптасуы керек. Солай ма? Бұл қызығушылықтарға кім үйретті?

— Негізі мен 1 кластан бастап староста болып, 2 класта диктант тың тексін оқитынмын. Менің осындай лидерлік, алғырлық қасиеттерімді байқап, одан әрі жетілдіруге ат салысқан алғашқы ұстазым — Сағызбаева Зәуреш Опақызына рақметімді айтамын. Бастауыш кластан бастап әртүрлі интеллектуалды-танымды сайыстарға жиі қатыстырып, көп кітаптарды оқуға себепші болған кісі. Сол кітап оқитынымның арқасында эссе, шығарма жазғанда 200-300 сөзді қиналмастан жазатын едім. Ауызша емтихандарымды да, тіпті диплом қорғаған кезде де сауатты, нақты сөйлей білдім. Кітапты көп оқу сөздік қорыңызды кеңейтіп, ойыңыздың толығуын қалыптастырады. Ал би жағына келер болсақ, менде бұл  жай ғана әуестік. Бала кезімізде әр мереке сайын, туыстарымыз қонаққа келгенде, біз қонақтап барған кезде концерт қоятынбыз. Әпкем жүргізуші болып, біз билеп, солай биге қызығушылығым бала кезден болды. Одан кейін мектепте іс-шараларда билейтінмін. Кей кезде костюм таба алмай, анам көңілімді қалдырғысы келмей, өзі тігіп беретін. Үйдегі маталардан үнді киімін тігіп бергені, барлығы көйлегіме қызыға қарағаны, сол кезде көңілімнің қатты көтерілгені ерекше есімде қалды.  Кейін дәл солай университетте белсенді болып,  билеп жүрдім.

Студент шақта бауыр басатын, қимас жандар болады. Кімдерді қатты сағынатын боласыз?

— Студент шақ өмірдегі қызықты шақтың бірі әрі бірегейі ғой. Ең бірінші келген кездегі 30 ұл, 4-ақ қыз болғаны әлі көз алдымда. Ештеңені толық түсінбей, сессия, рубежка деген сөздерден қорқып, бәріміз кітапханада отырып дайындалатын едік. Туған күндерде, мерекелерде бір-бірімізді құттықтап, әр қуанышымда жанымда болған, студенттік шақтың қызығы мен шыжығын бірге көрген өзімнің группамды қимаймын, қатты сағынатын боламын. Өз қызындай қарап, ақыл-кеңесімен бөлісіп отырудан шаршамай, біздің еркелегімізді көтере білген кураторым Кайненова Тұрсынгүл Сансызбайқызын өте қатты сағынатын боламын. Сабақтан 1-2 балл жетпей көңілім түсіп барғанымда әрдайым қолдау көрсететін. Сырларымды да қысылмай айта беретін едім..

Болашақта барлығы оңынан болсын, мақтан тұтар түлек болатыныңызға кәміл сенемін! Ақ жол!

Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.