Пятница, Март 29, 2024
Басты > Құттықтаулар > Жасай бер, жайнай бер — Астана!

Жасай бер, жайнай бер — Астана!

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен тарихи бастамаларының арқасында қасиетті Сарыарқа даласында өзіне ғана тән бірегей сәулетімен арман қала бой көтерді. Сарыарқаның төсінен Қазақстанның жаңа елордасын салу, оған Мәңгілік ел болу мүддесіне сай рухани мазмұн беру – Ұлт Көшбасшысы, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұлы идеялары, шешімді қадамдары арқылы сәтті іске асқанына куә болудамыз.

Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі.

Астана — Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытты. Мұнда әлемдік көшбасшылардың кездесулері, аса өзекті саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралар өткізіліп келеді. Ол Еуразияның кіндік қаласына – елдердің орнықты даму жолдарын айқындап, халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту тетіктері қарастырылатын ортаға айналды.

Жас елорданың мерекесі әрбір қазақстандықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенімді шындай түсуде. Қарыштап дамыған жаңа Астананың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ.

Бұл елдік пен бірлікті басты мұраты етіп таңдаған барша Қазақстан халқы мен Отанымыздың әрбір шынайы патриот азаматы үшін зор қоғамдық-саяси мәні бар ерекше мереке. Осы күнге дейін Астана тәуелсіз еліміздің жаңарған тарихының таңғажайып туындысына, жұртымыздағы өркендеу мен жасампаздықтың жарқын үлгісіне айналды.

Астана үйлесімділігімен және дүниенің төрт жағы — Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдениеттерінің тоғысуымен ерекшеленеді. Елордамыз әлемдік деңгейде өткізілетін самиттер мен конференциялардың орталығына айналды. Соның бір дәлелі «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астана қаласында өткізілуі.

Алға қойылған міндеттердің табыспен іске асырылуы Астананың одан әрі өркендеп, келешегі кемелдене түсуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сеніміміз зор.

Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Астана — болашағы жарқын қала.

Қадірменді жерлестер!

Шуақты мереке – Астана күнімен баршаңызды құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт, ізгілікті іс-әрекеттеріңізге табыстар тілейміз! Егемен еліміз бен Елордамыздың еңсесі биіктей берсін!

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры,

профессор Б. А. Ердембеков