Ақмарал БАЙҚАДАМОВА
Zhubanov University «Дефектология» мамандығын бітіруші, Үздік диплом иегері
-Ақмарал, «Дефектология» мамандығы бойынша академиялық оқуыңызды үздік нәтижемен тәмамдаған екенсіз. Бүгінде бұл маманға сұраныс жоғары. Қай жерден еңбек жолыңызды бастамақсыз?
-Ия, бірер уақыттан соң жас маман болып, жаңа мүмкіндіктерге толы өмірге аяқ басқалы отырмын. Мамандығымды өзім сүйіп, таңдап түстім, біз «Олигофрения» (Зерде бұзылысы бар балалармен жұмыс) траекториясы бойынша оқыдық, өзім қатты осы бағытты ұнаттым. Зерде бұзылысы бар балалармен жұмыс шыдамдылықты, мейірімділікті талап етеді. Осыған байланысты еңбек жолымды №7 арнайы (түзетім) мектебінен бастағым келеді. Бірақ қазір «Дефектология» бағыты бойынша магистратураға түсуді жоспарлап отырмын.
-Маман ретінде өз салаңыз бойынша қандай сұрақтар толғандырады? Тілі ұзақ шықпайтын балдырғандар көп.
— «Дефектология» өте ауқымды, өзінде медицинаны да, педагогиканы да, психологияны да қамтитын ғылымның бір түрі. Оның ашылмаған жаңалықтары әлі көп деп ойлаймын. Мені балалардың психологиясы қызықтырады, сол бағытпен одан әрі қарай танысқым келеді. Сіз айтып отырған тіл шықпаудың да түп негізі осы бала психологиясында жатыр. Көбінесе баласының тілі шықпағанын ата-ана, қалай айтсам болады, бір «қазақилыққа» салынып, «ағасының тілі кеш шыққан, әлі-ақ сөйлеп кетеді» деп қате пікірде жүреді. Осының әсерінен ерте диагностикадан, екіншіден, кемшіліктердің алдын алудан кеш қалып жатады. Бұл жерде барлығы ата-анаға келіп тіреледі, баланың кішкентай кезінен өсу динамикасын бақылап отырса, бір күмән туса, міндетті түрде тексерілу керек. Баланың тілін шығаруға, дыбыстарды қоюға болады, ол үшін баланың таным процестерімен жұмыс жасап, әр түрді әдістерді пайдаланамыз. Бірақ бұл жерде міндетті түрде ата-ана да өз тарапынан атқарылатын жұмысқа араласуы керек екенін атап өткен жөн.
-Қозғап отырған проблема жайлы пікірлер әртүрлі. Дегенмен қандай жағдайда сақ болу керек? Баланың тілі мүлдем шықпай қалуы мүмкін бе?
— Мүмкін, себебі жаңағы айтқан ерте диагностика болмаған жағдайда бала тілі одан әрі қалай, «деградация» дейді ғой, нашарлап кетуі мүмкін, оған қоса екіншілік кемшілектер пайда болуы мүмкін. Ал ондай диагноздармен күресу үшін көптеген уақыт, шыдамдылық, табандылық қажет болады. Бұл жерде көріп тұрсыз ба, барлығы ата-ананың қолында, бала өзінің даму сатысымен, қалыпты өсуі қажет, ал егер бір регресс байқалып жатса дабыл қағу керек.
-Өндірістік практика кезінде қандай балалармен жұмыс жасадыңыз, нәтижесі болды ма?
-Өндірістік практика кезінде зерде бұзылысы бар балалармен жұмыс жасадым. Олигофрения диагнозы балаларға өмір бойына қойылады, себебі бұл көбінесе туа біткен кемшілік. Ия, олармен жұмыс жасау қиындық туғызады, бірақ бастапқы білімді қалауға әрине болады. Ақтөбе қаласында зерде бұзылысы бар балаларға арналған №7 арнайы (түзетім) мектебі бар, мұнда F70 диагнозы бар балалар білім алады. Сабақтары В.В. Воронкова бөлген типологиялық топтары бойынша оқытылады, яғни сыныпта отырған 10 балаға өзінің ақпаратты қабылдау деңгейіне қарап әртүрлі тапсырмалар беру арқылы оқытылады. Мұндай концентрлі білімнің нәтижесі бар. Бұл мектепті тәмамдаған оқушылар арнайы (түзетім) мектебін бітіргендіні туралы куәлік алып, тіпті жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
-Студенттік алтын шақ аяқталды. Алда жаңа орта, жаңа әріптестер күтеді. Дайынсыз ба?
-Мен өзім әр ортаға тез сіңісіп кететін адаммын, адаммен тез тіл табысамын. Сол себепті шығар, 4 жыл бойы алтын группаластарымның старостасы болдым. Жаңа қадамға, жаңа ортаға әрқашан дайынмын, себебі менің ойымша адамның өміріне келген әрбір адам оған жаңашылдық алып келіп, оның басқа қырынан танылуға мүмкіндіктер ашады.
-Жақын болашаққа жоспар магистратураға түсу деп отырсыз..
-Бұйырса тамыз айын күтудемін, магистратураға құжаттар тапсырамын. «Дефектология» білім беру бағыты бойынша магистр болғым келеді. Оқып жүріп, тәжірибе жинақтасам ба деймін. Болашақта университет қабырғасында студенттерге сабақ та бергім келеді, бәрі уақыт еншісінде..
Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.