Вторник, Октябрь 3, 2023
Басты > Жастар саясаты > Жасанды интеллект көптеген мамандық иелерінің жұмысын біраз жеңілдетті

Жасанды интеллект көптеген мамандық иелерінің жұмысын біраз жеңілдетті

Арғын МАРАТ

Zhubanov University «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласының бакалавры, Үздік диплом иегері

Арғын, университетті үздік бітіріп жатырсыз, енді  Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының бакалавры академиялық дәрежесіне иесіз. Құтты болсын! Бұл мамандық бойынша өзіңізбен бірге қанша жас диплом алып жатыр?

-Көп рақмет! Қазіргі таңда мамандығым бойынша 81 студент жас маман атанып отыр. Оның ішінде 11 студент үздік диплом иегері.

Еліміздің өзге өңірінен келіп оқыған екенсіз. Осы университетке түсуіңізге не себеп болды?

-Иә, негізінен Атырау облысының тумасы болып келемін. Жалпы бұл университетті таңдаудағы басты бір себебім, еліміздің батысындағы көшбасшы оқу орындарының бірі болғасын және де мектеп қабырғасынан осы университеттің студенттік өміріне деген қызығушылығым болды.

Қоғамдық белсенді студент болдыңыз. Озат оқумен қалай бірге алып жүрдіңіз. Әдетте қиын ғой.

-Университетке 1 курс студенті болып түскен сәттен бастап, факультетімнің белсендісі және “Жұбанов жылуы” волонтерлар қозғалысының волонтері болдым. Оқушы кезімнен әртүрлі жарыстарға қатысып, іс-шараларды ұйымдастыру қатты ұнайтын. Содан болу керек университетте қатты қиынға соққан жоқ. Әрине үздік оқу мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру кейде қиындық тудырады. Бірақ соған қарамастан 4 жыл бойы белсенді студент болуымды тоқтатқан емеспін. Мен үшін керісінше жан-жақты даму, алға ұмтылу мүмкіндіктері болды. Таңертең сабағыма қатысып, түстен кейін қоғамдық  жұмыстарды  атқардым.
Университеттегі қоғамдық-мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, республикалық форумдарға қатыстым. Сонымен қатар “Үздік студент” төсбелгісінің иегері атанып, студенттік сенатор болдым. Бос уақытымда сурет салумен, графикалық монтаждармен айналыстым.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы жүйрік дамуда. Жасанды интеллект туралы не айтасыз?

-Қазақстанда IT бағыты енді дамып келе жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мамандық иелеріне арналған грант санын көбейту секілді айрықша басымдықтарды көрсетіп берді.
Жасанды интеллект көптеген мамандық иелерінің жұмысын біраз жеңілдетті десе де болады. Роботтардың адам дыбысынан бастап, сурет пен видеодағы киімдерді өзгертетін деңгейіне жеттік.

Келешекке қандай жоспар құрдыңыз?

-Алдағы уақытта бағытымнан алыстамай «Информатика мұғалімдерін даярлау» мамандағы бойынша магистратурада оқу ойымда бар.

Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.