Понедельник, Октябрь 2, 2023
Басты > Жастар саясаты > Құқық саласы кәсібилікті талап етеді

Құқық саласы кәсібилікті талап етеді

Әлфия ЕШМҰХАН

Zhubanov University Жоғары колледжін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіруші, Үздік диплом иегері

-Zhubanov University Жоғары колледжін сәтті аяқтауыңызбен құттықтаймын! Өзіңіз айтпақшы үздік болуға үздіксіз талпыныс жасайтын жас екенсіз. Бұл жауапкершілік бала кезден қалыптасқан-ау..

-Құттықтауыңыз бен ілтипатыңызға алғыс білдіремін! Сізбен сұқбаттасып жатқаныма өте қуаныштымын! Ия, шыны керек, отбасымның арқасында жауапкершілік сезімін кішкентай кезімнен бастап түсініп өстім. Жауапкершілік мен үшін — құндылық, адами деңгей, әрекет, нәтиже және болашақ. Әкем мен анам маған барлық жағынан қолдау көрсетті, мен үшін ол кісілер нағыз кейіпкер және үлгі. Асылдарымның маған айтқан кеңесі — «Өзіңді сыйла, өзгені сыйла, әр ісіңе жауапкершілік таныт және үздіксіз ізденісте бол, қызым».
Осы сәтте екінші отбасым болған Жоғары колледж ұжымына, әсіресе оқу орны басшысы Айдын Жақсанұлына ерекше алғыс айтқым келеді, маған үлкен сеніммен қарап, қолдау көрсетті. Жоғары колледж – бұл тың жаңалық ашуға, жұмыс жасауға, қаламымды ұштап, жазуға, алға ұмтылуға одан сайын жігер берді. Жоғары колледжде оқып жүріп, талай жетістікке жеттім. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері атандым, «ТМД үздiк студенті» медалінің иегері болдым,
«Daryn» республикалық фестиваль-байқауының  жеңімпазымын,
«Жыл үздігі – 2021» жастар сыйлығы конкурсында «Ақтөбе облысының үздік студенті» номинациясын иемдендім. Бұл менің құқықтану ғана емес, әр салада, әдебиет, өнер, ғылым салаларында қол жеткізген көрсеткіштеріме берілген баға болатын.

Игерген мамандығыңыз құқықтану саласы. Жоғары академиялық білім алу үшін осы салада оқуыңызды жалғастырасыз ба? Әлде басқа жоспар бар ма?

-Алдағы уақытта жоғары академиялық білім алуды жоспарлаудамын. Шыны керек, құқық саласы жоғары заң білімінің болуы мен біліктілікті талап етеді, бұл бізге қойылатын ең бірінші критерий. Тек құқықтық салада емес, сонымен қатар қоғамның барлық ауқымында жүргізіліп жатқан реформалаудың тиімділігі мемлекеттің заң корпусы біліктілігінің деңгейіне тікелей тәуелді, осы себепті де жоғары заң білімі ұлттық білім беру жүйесінде ерекше орын алады және оны игеру заңгерлер үшін міндетті.

Құқықтанушы маманға жан-жағы сұрақ қойып, кеңес алып жатады. Ондай жағдайлар болды ма?

-Ондай жағдайлар жиі болып тұрады, бұл бір жағынан үлкен мәртебе. Жалпы бұл екінші тараптан да орынды, өйткені қоғамдық қатынастардың барлығы дерлік нормалармен реттеледі. Сұрақ қойып, кеңес сұраған жағдайда барынша Қазақстан Республикасы заңнамасы бойынша ауызша не жазбаша нысандарда ақпарат беруге және қажетті маманға немесе уәкілетті органға жүгінуге кеңес беремін. Заңгерлер үшін заңи кеңес беру Қазақстан Республикасының заңнамасымен кепілдендірілген, кеңес беру не болмаса ақпарат беру біздің міндетіміз, сол себепті консультация алуға болады.

Елімізде қай заңгерді кәсіби деп танисыз, негізі бұл салада әр маман кәсіби болуы керек қой.

-Өте дұрыс айтасыз, құқық саласы кәсібилікті талап етеді. Кәсіби заңгерлердің ішінен Айман Омарованы ерекше айта аламын. Айман Омарова қазақстандық құқық қорғаушы, білікті заңгер, 2018 жылы ол «Халықаралық батыл әйелдер» сыйлығын алды және экстремистік топтарға қатысы бар әйелдерді оңалтумен айналысады.

Құқықтану саласынан басқа қай салаға қызығасыз?

-Әдебиетке қатты қызығамын, жақынмын. Анамнан дарыған өнер деп білем, анам қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Кішкентай кезімнен осы күнге дейін өлең оқып, ғылыми жобалар қорғап, көптеген сайыстарда жеңімпаз болдым. Әдебиет — ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі.  Әдебиетті оқу өзіңді танумен пара-пар. Белгілі әдебиеттанушы Талдаубек Әшімханұлы айтпақшы «Әдебиет дегеніміз — ар мен таланттың түйіскен тұсынан туатын ұлы құдырет. Осы екі қасиеті жоқ жандар шын мәніндегі өнерді тудыра алмайды».

Үздіктердің үздігі болыңыз! Сізді алда мақсат биігінен көрейік!

-Көптен көп рахмет! Сізге де шығармашылық табыс тілеймін.

Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.