Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Heriot-Watt университетінің Aқтөбедегі филиалы жұмысын бастады

Heriot-Watt университетінің Aқтөбедегі филиалы жұмысын бастады

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында ашылған Heriot-Watt университетінің (Heriot-Watt University) филиалы жаңа оқу жылында білім алатын алғашқы студенттерінің құжаттарын қабылдап жатыр.

Heriot-Watt университеті —  Ұлыбританияның ең байырғы техникалық оқу орындарының бірі. Халықаралық рейтингілік көрсеткіштері жоғары. Мәселен, бұл оқу орны математика, химия инженериясы, құрылыс, электр техникасы және мұнай-газ ісі пәндері бойынша әлемдік QS рейтингінде үздік 200 университеттің қатарына кіреді. Осындай оқу орнының Ақтөбедегі филиалына оқуға түскендер қатарында тек біздің облыстың ғана емес, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу секілді өзге де өңірлердің мектеп түлектері бар.

Жаңа оқу орнына қатысты көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасоваға қойған едік…

— Heriot-Watt университетінің филиалы алғашқы студенттерін қандай мамандықтар бойынша қабылдады?

— 13-20 шілде күндері республика бойынша грантқа қабылдау кезеңі басталды. 12-15 шілдеде Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі филиалын таңдаған талапкерлердің соңғы легі ағылшын тілі деңгейін анықтайтын арнайы емтихан тапсырды. Барлығы 509 абитуриенттен өтініш түсті. Олардың 300-і мемлекеттік грантқа ие болды, оның ішінде «Компьютерлік инженерия» — 160, «Электр энергетикасы» — 80, «Мұнай инженериясы және энергоменеджмент» мамандығына 60 талапкер қабылданды. Қазіргі таңда оқуға түскен студенттер гранттарын растау мақсатында құжаттарын тапсырып жатыр. Оқуға түскендер қатарында тек біздің облыстың ғана емес, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу секілді өзге де өңірлердің мектеп түлектері бар.

— Сонда Heriot-Watt университетінің студенттері қай жерде оқиды?

— Филиал Жұбанов университетінің техникалық және физика-математика факультетінің корпусында орналасады. Қазіргі таңда бұл ғимаратта қазіргі заман талаптарына сай толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тамыз айының соңында оқу корпусы толықтай іске қосылады.

— Еліміздің өзге өңірлерінен білім қуып келген жастар жатақханамен қамтамасыз етіле ме?

— Әрине, студенттер жатақханамен қамтамасыз етілетін болады. Heriot-Watt университетінің студенттері үшін Жастар үйінен 300 орын дайындап қойдық. 1-курс студенттері арнайы мобильді қосымша арқылы жатақханаға онлайн өтінім беріп, орын алып жатыр. Сонымен қатар жатақханаға орналасу бойынша сенім телефондары іске қосылған.

— Шетелдік университеттің филиалын Ақтөбеде ұйымдастырудағы мақсат қандай?

— Heriot-Watt университеті —  Ұлыбританияның ең байырғы техникалық оқу орындарының бірі. Халықаралық рейтингілік көрсеткіштері жоғары. Филиалды ашудағы мақсатымыз — өңір жастары үшін әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы техникалық білімді қолжетімді ету, өңірден таланттардың кетуін тоқтату және Ақтөбе өңіріндегі жоғары білімнің тартымдылығын арттыру арқылы, өңірде Қазақстан ғана емес, Орта Азияға танымал білім хабын құру.

 Меніңше, бұл оқу орынды таңдаған талапкерлердің дені, мүмкін, бәрі шетелге шыққысы келеді. Heriot-Watt университеті студенттеріне ондай мүмкіндік бола ма?

— Студенттер қосдипломды білім беру бағдарламасы негізінде оқитын болады. Алғашқы жылы студенттер ағылшын тілін қарқынды түрде меңгереді. Сабақты ағылшын тілін үйрету бойынша халықаралық біліктілік талаптарына сай мамандар береді. Одан әрі өздері түскен мамандық бойынша білім алады. Сондай-ақ үлгерімі жақсы студенттерге Heriot-Watt университетінің Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Шотландияда орналасқан филиалдарында академиялық ұтқырлық шеңберінде оқу мүмкіндігі беріледі. Оқуды аяқтаған түлектерге Жұбанов университетінен қазақстандық үлгідегі диплом мен шотландиялық Heriot-Watt университетінің дипломы табысталады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

//aqtobegazeti.kz/