Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Студенттер ақтөбелік жас ақындармен жүздесті

Студенттер ақтөбелік жас ақындармен жүздесті

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінде Ақтөбелік жас ақындармен «Өлең деген биіктік, байқағанға» тақырыбында әдеби-диалогтік кеш   ұйымдастырылды.  Шараға өңірімізден шыққан жалынды ақындар Индира Кереева, Есенбек Жұмағалиев, Гүлімай  Қуанышева, Гүлжайнар Қалдина шақырылды. Әдеби кешке қазақ әдебиеті кафедрасының профессор-оқытушылары, студенттер мен магистранттар қатысты.  Кештің жүргізушілік тізгінін танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының директоры Бауыржан Өтеулиев алды.

Ақтөбелік жас ақындармен кездесуде студенттер дарын иелеріне көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алмасып, жүректерінен шыққан жырларын оқыды. Ал ақындар өз кезегінде шабыт, ақын тағдыры, сөз құдіреті туралы ой қозғады. Олар өз сөздерімен жас ұрпақты жақсылыққа, əділдікке, шынайы болуға шақырып, өмірлік ақыл-кеңестерін айтты.  Кітаптан оқып жүрген өлең жолдарын ақындардың өздері тебірене айтып бергенде өлеңге жан бітіп, тыңдарманға терең ой, сырлы сезім сыйлады.

Кездесу барысында студенттер əуелете əн шырқап кешті көркейте түсті. Ақындардың рухани қуатынан нəр алған жастарға бұл кеш ұмытылмас əсер қалдырып, жаңа шыңдарды бағындыруға қанаттандырды.