Бүгін Жұбанов университеті Хериот-Уатт университетінің өкілдерін қарсы алды. Университет басшылығымен кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастық аясында жүзеге асырылатын бірқатар бастамаларды талқылады.
Меймандарға басқарма мүшелері халықаралық Хериот-Уатт факультетіне оқуға түскен білім алушылардың оқу процесі, жатақханаға орналасуы, студенттерді психологиялық және әлеуметтік қолдау тағы да басқа мәселелер жайында баяндап өтті.
Кездесуден соң Хериот-Уатт университетінің профессор-оқытушылары халықаралық факультет орналасқан ғимаратты аралап көріп, заманауи кампустың материалдық-техникалық базасымен танысты. Сонымен қатар Хериот-Уатт факультетінің студенттерімен кездесу өткізіп, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді.
Жиында білім алушыларға мамандығы бойынша алдағы уақытта оқытылатын пәндер, дәріс беретін профессорлар туралы мәліметтер айтылды. Профессор Christian Dondrup университеттің кез келген кампусында жүзеге асатын жобалар, бірлескен зерттеулер жүргізу білім алушылар үшін қолжетімді екенін атап өтті.
Айта кетейік, ұлыбританиялық жоғары оқу орнының профессорлары бүгін бір күн бойына халықаралық Хериот-Уатт факультетінің студенттеріне мұнай және компьютер инженериясы, электроэнергетика тақырыптарына арналған ашық дәрістер өткізетін болады.