Өткен аптада өңірге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен келген болатын. Министр Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұжымымен, студенттерімен кездесіп, жатақханада тұрып жатқан жастардың жағдайымен танысты.
Министрден дәріс
Саясат Нұрбек алдымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жұмысымен жәнематериалдық-техникалық базасымен танысты. Кейін университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесу өткізіп, Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі басымдықтары туралы айтып берді.
Бұдан соң Ғылым және жоғары білім министрі университеттің студенттер қауымымен кездесіп, оларға «Отандық ғылым мен жоғары білім беруді дамыту» тақырыбында дәріс оқыды. Іс-шараға студенттік парламент өкілдері, олимпиада жүлдегерлері және жоғары оқу орнының жатақханаларында тұратын студенттер қатысты.
— Біздің стратегиямыз — өңірлерде жоғары білім беруді жақсарту мен дамыту бағытында жұмыстар жүргізу. Қазір Ақтөбе — тұрғындар саны жағынан еліміздегі ең ірі төртінші қала, республика бойынша ең ірі облыс орталығы. Өңірдің әлеуеті өте жоғары. Ақтөбені «Батыс Қазақстанның студенттік орталығы» деп санауға болады. Олай деуімізге себеп бар. Өйткені жыл сайын Ақтөбе облысындағы жоғары оқу орындарына түсетін студенттер саны артып келеді. Ақтөбеде сапалы білім алуға, мансап құруға және өз кәсібіңді бастауға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, жақсы оқып, өз мақсатыңа қарай қадам басу қажет, — деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ министр биыл жазда Ақтөбеде Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркінің филиалы ашылғанын, онда барлық ниет білдірген студенттер өз зерттеулерімен, стартаптарымен тегін айналысып, жаңа дағдыларды алуға зор мүмкіндігі барын атап өтті.
Кездесуге қатысқан ақтөбелік жастар алма-матерді дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісіп, министрге білім беру саласындағы реформаларға, шәкіртақы мөлшерін арттыруға, шетелде оқуға, бұқаралық спортқа қатысты сұрақтарын қойды. Саясат Нұрбек студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өңірдегі жоғары білім беруді дамыту жөніндегі ұсыныстарын назарға алатынын жеткізді.
Кездесу соңында Ғылым және жоғары білім министрі жастарға Люси Джо Палладиноның «Find new focus zone: an effective new plan to defeat distraction and overload» атты кітабын оқуға кеңес берді. Ал студенттік парламент төрағасы Темужин Сәрсенов университеттің барлық студенттерінің атынан министрге алғысын білдіріп, табыс тіледі.
Жатақханаң жайлы ма?
Сапар аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Жастар үйі» студенттік жатақханасына барды. Министр жатақханада тұрып жатқан студенттердің жағдайымен танысып, әңгімелесті.
«Жастар үйінің» тұрғындары министрге онда тұру қолжетімді екенін және құны соңғы бес жыл бойы өзгермегенін айтты. Мәселен, студенттер 2017 жылы салынған жатақханада тұру үшін бір жылға 75 750 теңге төлейді. Ал басқа жатақханаларда тұру құны жылына — 56 500 теңге.
Әлеуметтік осал топтарға жататын студенттерге, сондай-ақ белсенді, оқу үлгерімі жақсы, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына жатақханада тұру — тегін.
Айта кетейік, Жұбанов университетінің жатақханаларына қабылдау рәсімі оқу жылы басталар алдында Smart ARSU арнайы қосымшасы арқылы онлайн түрде жүзеге асырылды.
Университетте әрқайсысы 500 адамға арналған төрт жатақхана бар. Барлық ғимарат жыл сайын ағымдағы және күрделі жөндеуден өтеді, сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесімен және шлагбаумдармен жабдықталған.
Министр Саясат Нұрбек студенттер үшін жайлы өмір сүру және оқу жағдайларын қамтамасыз етудің және жастарды білім мен табысқа ұмтылуда қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.
//aqtobegazeti.kz/