Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Форум жұмысы нәтижелі аяқталды

Форум жұмысы нәтижелі аяқталды

7-8 желтоқсанда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Үздіксіз білім беру институтының Қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен жаңартылған бағдарлама бойынша «Оқулық – жаңа тұрпатты жаңғыруда ұлттық кодты сақтау көзі»  тақырыбында облыстық форум өтті.

Форумның мақсаты Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай университетімізде 2017 жылдың 14 маусымында өткізілген «Сананы жаңғырту: білімнің салтанат құруы» аясындағы «Білім сапасын көтеру жолдары» атты облыстық проблемалық семинар шешіміне сәйкес жаңартылған бағдарлама бойынша ана тілін оқытуды дамытуда  оқулықтың алатын орны мен оның сапасына қойылатын талаптарды зерделеу болды.

Форумның міндеттері жаңартылған бағдарлама бойынша үш тұғырлы тіл аясында ана тілін оқытуды жетілдіру жолдарын және оқулық мазмұнының рухани жаңғыруда алатын орны мен оның сапасына қойылатын талаптарды анықтау боп белгіленді.

Секция жұмыстары үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназия мен №51 гимназияда, пленарлық мәжіліс Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде  өтті.

Форумға мектеп мұғалімдері, облыстық білім бақылау департаментінің, облыстық ғылыми-әдістемелік орталықтың қызметкерлері, студенттер, магистранттар, оқытушы-профессорлар қатысты.

Форумда жаңартылған бағдарламалар  бойынша бастауыш  сыныптар мен 5-7 сыныптарға арналған Қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің оқулықтары  және жаратылыстану  бағытындағы пәндерді  ағылшын тілінде оқыту мәселелері талқыланды.

Секция жұмысы барысындағы талқылаулар «Оқулық – жаңа тұрпатты жаңғыруда ұлттық кодты сақтау көзі» саналатынын оң тұжырымдап, мұғалімдердің жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасына сай құрастырылған оқулықтарға қосымша дайындаған шығармашылық тапсырмаларын, пайдаланудың әдістемелік нұсқаулығымен қоса, бақылау-өлшеу материалдарымен бірге бірлесе дайындап баспадан шығару жоспарға енгізілді.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айболған Кенжеғұлованың айтуынша, форум нәтижесінде № 21 үш тілде оқытатын мектеп – гимназиясымен бірлестікте «Көптілді тұлғаның тілдік және дискурстық құзыреттілігін қалыптастыру негіздері» тақырыбында бірлескен ғылыми-әдістемелік жоба дайындауды қолға алу, жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламасымен оқытудың ерекшеліктеріне сай дипломдық жобалар тақырыптарын ұсыну,  «Биология» пәнінен мектеп оқулығы, студенттер үшін әдістемелік құралдарды жазып (бірлескен) баспадан шығару, № 21 мектеп-гимназия базасында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша студенттердің педпрактикадан өтуіне мүмкіндіктер қарастыру, қос дипломды (ағылшын+биология, химия-ағылшын т.б) мамандар дайындау мәселесін жедел шешу жолдары, Стэм-центр арқылы ағылшын тілді мұғалімдердің жұмыстарына оңтайлы графикте біліктілігін жетілдіруге жағдай жасау мәселелері талқыланды.