Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Профессор Халел Кусаиновқа құрмет көрсетілді

Профессор Халел Кусаиновқа құрмет көрсетілді

Университет ұжымы ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісінде ардагер ұстаз, экономика ғылымдарының докторы, профессор Халел Кусаиновты 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Мәжіліске университет басшылығы, қаланың зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар, ғалымның әріптестері мен туыстары, шәкірттері қатысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова Халел Хаймуллаұлының университеттің өркендеуі мен дамуы жолындағы қосқан елеулі үлесі мен білім мен ғылым саласына салған сара жолын атап өтіп, профессорға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет» грамотасын табыс етті.

Жиында ғалымның өнегелі өмір жолы, Қазақстанның жоғарғы мектебіне сіңірген еңбегі, ғылыми еңбектері туралы айтылды.

Профессор Х.Х.Кусаинов Жұбанов университетінде қызмет атқарған 30 жылға жуық уақыт ішінде проректор, әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі департаментінің бастығы, экономика және құқық институтының директоры, ректор аппаратының басшысы болып жұмыс жасады. Қазіргі уақытта университеттің «Мемлекеттік басқару, қаржы және маркетинг» кафедрасында профессорлық қызмет атқарып келеді. Ғалымның жетекшілігімен 80-нен астам ғылым кандидаты мен магистранттар дайындалды. 300-ге жуық ғылыми еңбектер мен монографиялардың авторы.

Белсенді ғылыми және қоғамдық қызметі, кадрларды тәрбиелеу мен даярлаудағы зор үлесі үшін «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. 2018 жылдан бері Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Құрметті азаматы.