Вторник, Июнь 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетті қатты сағындым

Университетті қатты сағындым

Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы Заң 2005 жылдың 13 сәуірінде қабылданған.
Бұл Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi әзiрлейдi.

Осы Заңның 2-тарауының 6-бабы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметi мүгедектердi​ әлеуметтiк қорғау саласындағы құзыретiне сүйене отырып, қазақстандық ЖОО-ларда мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн бекiтедi.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 26 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Мемлекет басшысы болашақтың кілті, елдің ертеңі – білімді жастардың қолында екенін әрдайым назарда ұстап келеді.​ Мемлекеттің әрі қарай дамуы, өсіп-өркендеуінде тәрбиелі, білімді ұрпақтың үлесі жоғары. Сондықтан жастардың сапалы білім алуы, мамандықты дұрыс таңдауы және қоғамнан өз орнын табуы еліміздің болашағы үшін​ өзекті мәселе.

Zhubanov University Ақтөбе өңірлік университетінде 90-нан астам мүгедектік санатындағы жастар білім алуда. «Олардың келешек кәсібін толыққанды игерулері, мәдени-рухани дамуы, тұлғалық қабілеттерін ашуына өзге білім алушылармен теңқұқылы жағдай жасалған және бұл санаттағы жастардың әр бастамасын қолдаймыз»,- дейді Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор​ Мұханбетқалиев Есбол Есенбайұлы.

Zhubanov University «Қазақ филологиясы»​ мамандығының 2 курс студенті Әділхан Рахметоланың бала жастан мүгедектігі бар, бірақ мақсатшыл жас алдағы мұратына жетуде еш кедергі көріп тұрған жоқ. Өзін елінің шынайы патриоты деп есептейді. Ұлтымды, тілімді сүйемін, өркендеуіне үлес қосамын деген сүйкімді жастан жігер алған журналист Гүлнара Қараша.

Әділхан, жаңа оқу жылы басталды. Көңіл-күйіңіз қалай? Жазғы демалыс жақсы өтті ме?

– Көңіл-күйім өте керемет! Жазғы демалысым жақсы өтті.​ Бірақ ұзақ болған сияқты. Университетті қатты сағындым.

Ұстаздарыңыз өлең жазады деп мақтанышпен айтып жүр. Қандай тақырыптар толғандырады, шабыттандырады?

– Жалпы кез-келген тақырыпқа жаза беремін, бірақ көбіне мен ұлтым жайлы,ана тілім жайлы және махаббат жайлы өлеңдер жазғанды жақсы көремін.

Жаныңызға ең жақын бір өлеңіңізді тыңдасақ. Оқып бересіз бе?

-Бабаларымыз қорғаған​ ​ қаныменен,
Соғысқа аттанған жаныменен,
Қазақ тілінің абыройы өте биік,
Қазақтың тілі дегеніміз Бозы мерген .

Менің тілім,сенің тілің – қазақ тілі!
Бар қазақтың сүйіспеншілігі, асыл пірі.
Салт атты батырлардан әрі бастап,
Жеңісіміз дәл бүгінгі заманға жеткендігі.

Ең басты міндетіміз тілді білу,
Тілді білу, арғымаққа жайдақ міну.
Туған тілім, ана тілім, дана тілім,
Қасиетіңнен айналайын Дара тілім!

Ақтөбедегі әдемі, еңселі білім ордасы №10 жалпы білім беретін мектепті бітірген екенсіз. Онда қазақ тілі мен әдебиеті бағытында әдістемелік бірлестік жұмыс істейді. Сондықтан әдебиетке құмар болуыңызға мектеп қабырғасында алған тәлім-тәрбие себепші болуы керек деп ойладым. Академиялық жоғары білім игеру үшін филология саласын қалауыңызға да осы фактор әсер еткен болар?

– Иә, әрине. Мен филология саласын өте жақсы көремін. Менің өлеңдерімді газет бетіне жариялауға қолдау білдіріп, шабытыма қанат бітірген, мектеп қабырғасында қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ берген ұстазым — Құландиева Бибінұр апайым. Филологтың қазақ тіліне жан дүниесі жақын келеді. Ұлтымды сүйемін. Қазақпын. Қазақ тілінің мәртебесін қазақ көтермесе, кім көтереді?! Мамандық таңдағанда бірінші орында соны ойладым.

Қай ақын-жазушыны құрмет тұтасыз?

– Мен үлгі тұтатын ақын-жазушылар өте көп, бәрін құрметтеймін, соның ішінде сүйсініп оқитыным: Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов,
Мұқағали Мақатаев.

Цифрландыру заманында кітапқұмар жас көрсек қуанатын жағдайға жеттік. Өзіңіз кітапты қалай оқисыз, электронды түрін бе әлде кітапханаға барып аласыз ба?

— Кітап оқу ол ең керемет сезім. Кітап оқысаңыз, кітаптың ішінде жүрген секілді сезінесіз, оқиға желісі тура көз алдымда өтіп жатқандай әсерде боламын. Мен кітапты кітапханадан алып оқимын, кейде кітап дүкенінен сатып аламын.

Бакалавр дәрежесін алған соң білім алуымды жалғастырамын дедіңіз, өз салаңызда ма, әлде басқа бағытқа бұрыласыз ба?

–​ Өз салам бойынша әрмен қарай білімімді жалғастыруға ниетім бар. Қазақ тілін біраз сатыға көтеруге үлесімді қоссам деймін. Барша қазақстандық қазақ тілінде​ сөйлесе деп армандаймын. Ол кездің куәсі болу мен үшін үлкен бақыт!

Ондай күннің тууы әр қазақ қазақша білім алғанда мүмкін болады деген ой-пікіріңізбен келісемін. Орта білімді айтқан боларсыз. Дұрыс. Сонымен қатар бірнеше шетел тілін меңгерген де жақсы ғой. Заман талабына сай.

— Әлбетте, ойыңызды толықтай қолдаймын. Мен қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін.

Болашақ педагогика маманы ретінде сұрақ қояйын. Жақсы мұғалім бейнесін қалай суреттер едіңіз?

— Жақсы мұғалімнің бейнесін жүзі ашық, жарқын, эмоциялық тұрақты, аудиториямен коммуникациялық қарым-қатынас жасай алу қабілеті жоғары, терең білімді маман ретінде көремін.

 

Zhubanov University облыстық газеті,

№9(489), қыркүйек, 2023 жыл.