Воскресенье, Сентябрь 15, 2024
Басты > Жаңалықтар > Біз даярлайтын мамандықтарға таңдау көп

Біз даярлайтын мамандықтарға таңдау көп

Экономика және құқық факультетіндегі Мемлекеттік басқару, қаржы және маркетинг кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент​
Ахметова Гулистан Ивановна​ іскер басшы. Бұл лауазымға тағайындалғалы көп жылдар болмаса да, жауапты міндетіне барлық білімі мен тәжірибесін салып, нәтижелі жұмыс атқаруда.​

-Ақтөбе өңірінде экономика саласына маман даярлау қазір сіз басқаратын кафедрадан негіз алған екен. Кафедраның құрылу тарихына бір көз жүгіртіп алсақ.

-Қазіргі «Мемлекеттік басқару, қаржы және маркетинг» кафедрасы бірнеше кафедраларды («Мемлекеттік басқару және маркетинг», «Қаржы және банк ісі»,​ «Есеп және аудит» кафедраларын) біріктіру негізінде 2019 жылы құрылған. Оның іргетасының қалану тарихы тереңнен басталатын 1966 жылы құрылған «Экономикалық теория» кафедрасымен тікелей байланысты.
Елдегі экономикалық, саяси, білім беру саласындағы реформаларға байланысты кафедра атауы бірнеше рет өзгеріп, қайта құрылды. Ол 1973 жылы «Кеңестер Одағының коммунистік партиясы (КОКП) және саяси экономика тарихы» деген атаумен жұмыс жасады. Кафедраны бастапқыда тарих ғылымдарының кандидаты Н.Т.Володина, кейіннен тарих ғылымдарының кандидаттары А.П.Ермолин, В.С.Щербаков басқарды.
Кафедра құрамынан 1982 жылы э.ғ.к., доцент Е.К.Бекқалиев жетекшілік ететін «Саяси экономия» кафедрасы дербес бөлініп шықты. Кафедраның құрамында алғашқы болып э.ғ.к.,​ доценттер Комягин Б.И., Байжомартов У.С., Крючко Н.С., Жунусов Б.А., аға оқытушылар Ниязов Р.К., Станевич С.Л., Утегенов Б.И., Мамбетов У.Е., Князова Г.Ж. жұмыс жасады.
Ел экономикасында нарықтық қатынастарының белең алуы экономика саласында маман даярлау, соның ішінде аймақ экономикасын жаңа кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін алға қойды. Мәселені шешудің негізгі жолдарының бірі деп танылып, сол кезеңде институт құрамында экономика факультеті құрылған болатын. Бұл шешім экономикалық мамандықта білім алатын студенттер контингентінің артуымен де байланысты болды. Осылайша,​ 1992 жылдың мамырынан 1995 жылдың желтоқсанына дейін кафедра «Экономика және менеджмент» деген атауда жұмыс жасады. Кафедраны э.ғ.к.​ Н.В.Ювица басқарды.
1996 жылдың қаңтар айында кафедра «Жалпы және нарықтық экономика» кафедрасы болып өзгертіліп, оған э.ғ.к., доцент Байжомартов У.С.​ меңгеруші болып тағайындалды.​
1997 жылдың 24 ақпанынан бастап экономикалық мамандықтарға сұраныстың артуына, соған сәйкес студенттер санының көбеюіне байланысты факультетте құрылымдық өзгерістер жасалып, жаңа «Экономикалық теория негіздері» кафедрасы құрылды, меңгеруші — доцент Мамбетов У.Е. болды.
Кафедра атауы 2002 жылы «Экономикалық теория» болып өзгертілді.
2004 жылдың шілде айында университет құрамынан​ педагогикалық мамандықтардың бөлініп, дербес педагогикалық институттың құрылуына байланысты, кафедра құрамындағы бірқатар экономист-мамандар институт жанынан құрылған кафедраға ауыстырылды.
2004 жылдың қыркүйек айында «Экономикалық теория» кафедрасын э.ғ.д.,​ профессор Карамурзиев Т.К., 2005 жылдың 15 ақпанынан бастап э.ғ.к., профессор Жунусов Б.А. басқарды.
Кафедраның кадрлық құрамы экономика факультетінің үздік түлектерімен толықтырылды, ғылыми дәрежені көтеру үшін жас оқытушылар (Жакупова Б.А., Балгинова Қ.М., Есберген Р.Ә.,Тасмағанбетов А.Б., Құлымжанов М.Қ., Нұрманов А.О., Аглешов Қ.Е.) аспирантураға жіберілді. Олар кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғап, кафедрадағы​ қызметтерін жалғастырды.
2008 жылы «Экономикалық теория» кафедрасын э.ғ.к., доцент Молдабекова А.И. басқарды. Кафедра 2009-2010 оқу жылы «Экономикалық теория және мемлекеттік басқару» кафедрасы деген атаумен жұмыс жасайды.
2010-2011 оқу жылының қыркүйек айында «Экономикалық теория және мемлекеттік басқару», «Маркетинг» кафедралары біріктіріліп, «Мемлекеттік басқару және маркетинг»кафедрасы құрылады, оған әр жылдары э.ғ.к., доцент Есберген Р.Ә., э.ғ.к., доцент Басшиева Ж.К.,​ Рh.D. докторы Сайымова М.Д. жетекшілік етті.
Қазіргі «Мемлекеттік басқару, қаржы және маркетинг» кафедрасының құрамына енген «Қаржы және банк ісі» (кафедра меңгерушісі – э.ғ.д., профессор Карамурзиев Т.К.) және «Есеп және аудит» (кафедра меңгерушісі – э.ғ.к., доцент Тусупбекова Р.С.) кафедралары 2000 жылдың қыркүйек айында құрылды.
«Қаржы және банк ісі» кафедрасын 2001-2008 жылдары техника ғылымдарының кандидаты, доцент С.И.Мендалиева, 2008-2015 жж. экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Таскарина Б.М. басқарды.
2015 жылы «Қаржы және банк ісі», «Есеп және аудит»​ кафедралары біріктіріліп, «Қаржы және есеп» кафедрасы атауына ие болды (кафедра меңгерушісі — э.ғ.к., доцент Б.М.Таскарина).
2018-2019 оқу жылының соңында​ «Мемлекеттік басқару және маркетинг», «Қаржы және есеп» кафедралары біріктірілді, ол осы уақытқа дейін «Мемлекеттік​ басқару, қаржы және маркетинг» кафедрасы деген атаумен жұмыс жасап келеді.

Кафедра даярлайтын мамандықтар ішінде маркетинг пен менеджмент бүгінде көп салаға қажет. Соның арасында білім беру саласына да. Оған бейімділік кафедра меңгерушісі ретінде сізге де керек. Профессор-оқытушылық құрамға шебер жетекшілік ету, талапкерлерді мамандыққа тарту, қызықтыру деген сияқты. Сұрағыма жауап кафедра ұжымының жоғары әлеуеті, білім алушылардың саны мен сапасы туралы мәліметтер болуы тиіс деп ойлаймын…

-Адам бір сатыда тұрып қалуға тиісті емес. Әрине ол үнемі ізденісте, еңбек үстінде болуы керек. 2008 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап, осы университетке аға оқытушылық қызметке келдім. 2019 жылы кафедра меңгерушілік қызметіне тағайындалдым. Шағын бір ұжымды ұйытып ұстап тұру үшін кафедра меңгерушісіне жүктелер міндет те жоғары. Осы жоғары міндеттің биігінен көріну үлкен жауапкершілікті талап ететіні де рас. Қарамағындағыларға талап қоя білумен қатар,​ өзің де сол үрдістен шығатындай іс-әрекетімен үлгі бола білу – мен үшін басты ұстанымдардың бірі. Ұжымды басқаруда жоғары жауапкершілік, өз әрекетінде істі аяғына дейін жеткізуге деген ұмтылыс, мақсатқа жетуге деген табандылық, өз жұмысын адал атқару, мәселелерді шешудегі сенімділік, өзгелерге жол көрсетіп, үлгі бола білу – басқарудағы басты қасиеттер деп есептеймін. Осы қасиеттерге сай болу үлкен тәжірибе мен еңбекті, біліктілікті қажет етеді.
Ұжымда 30 қызметкер болса, отыз түрлі ой, мінез, көзқарас болатыны сөзсіз. Басшының жиынтық қызметі іс жүзінде жалпы кафедра қызметінің сәттілігін немесе сәтсіздігін анықтайды. Осы орайда ұжымдық еңбек процесін орнатуда да менеджменттің рөлі өте зор. Қазіргі заманғы менеджменттің күші, бір жағынан, адамның білімін, тәжірибесін және ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін өнімді күшке, ал екінші жағынан – инновациялық процестерді бастайтын қызметкерлердің ақпараттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін ақпараттық технологияларды қолдануға мүмкіндік береді және оқу үрдісінде жалғасын табады. Осыған орай университеттің қолдауымен, ұйымдастыруымен басшыларға арналған арнайы курстар мен тренингтерден өту өз пайдасын тигізді, сондай-ақ ПОҚ үшін жүйелі түрде кәсіби құзыреттілікті шыңдау, арттыру мақсатында ұйымдастырылатын түрлі форматтағы шараларды айтуымызға болады.
Сонымен қатар ПОҚ-ның үлкен жауапкершілікті сезініп, көбіне-көп ғылыми жұмыспен айналысуды алдына мұрат етіп қойғанын да көргім келеді. Өйткені жоғары оқу орынында жай оқытушы болу жеткіліксіз. Мұндағы оқу және оқыту процесі күрделірек. Білім қуып келген жастарды өз саласының білікті маманы етіп шығару үшін терең білімділіктің, ғылыми кеңістіктің кеңдігін талап етеді. Айналып келгенде, ғылымда атқарылған іс те, жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызмет те білімді, білікті ғалымдарымызды ғылым мен азаматтықтың биігіне көтерді. Ал, мамандықты таңдап, алдыңа келіп отырған білім алушыны 4 жыл ішінде толық қалыптасқан тұлға ретінде шығару, білікті маман ретінде нарыққа ұсыну​ — біздің міндетіміз.
Білім беру саласының бір кепілі, ол оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайына байланысты екені белгілі. Өткен оқу жылы университет ұжымының тікелей қолдауымен қазіргі заманауи лабораториялық жабдықтармен жаңғыртылған кабинеттер ашылғанын тілге тиек ретінде айтқым келеді. Бұл да біздің болашақ мамандарымыздың кәсіби құзыреттілігін шыңдауда, сапалы білім алуына бір бағыты десек те болады.
Әрқашан аймақта біз секілді ББ бойынша маман шығаратын ЖОО арасында трендте болуға және кафедра бағдарламаларына қызығушылық танытқан талапкерлерге сапалы қызмет көрсету үшін жұмыс жасаймыз. Ең алдымен талапкерлердің мамандық таңдауын анықтауға көмектесетін оқуға түсу бойынша қолжетімді ақпараттармен қамтамасыз ету қажет. Осы мақсатта талапкерлер үшін ашық есік күндерін өткіземіз, консультациялық көмек көрсетеміз, университеттің ұйымдастыруымен қалалық, аудандық мектептерге барамыз, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде өткізіп отырамыз. ПОҚ арасында кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізу үшін кесте құрылып, сол кесте бойынша мектеп оқушыларымен түрлі кездесулер онлайн және оффлайн форматында жүйелі түрде жүргізу қолға алынған. Жыл сайын 11 класс оқушылары үшін факультетімізде ғылыми жобалар байқауы өтеді. Ғылыми жобалар байқауының негізгі мақсаты — Қазақстанда бәсекелі және инновациялық нарықтық ортаны дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде үздіксіз экономикалық білім жөнінде қарқынды оң қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында білім алушыларды біріктіру, кәсіби-іскерлік қатынастар орнату, сондай-ақ университетімізге дарынды мектеп түлектерін тарту. Университеміздің Қабылдау және кәсіби-бағдар беру бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының арасында түлектерді университетімізге кәсіби бағыттау мақсатында Zhubanov олимпиадасы ұйымдастырылады. Жалпы, олимпиадаға тек қана Ақтөбе облысы емес, сонымен қатар, Атырау, Қызылорда облыстарынан да оқушылар келіп өз бақтарын сынайды.
Нәтижесінде 2021 және 2022 жылғы талапкерлер ішінде жүлделі орын алғанғандар қазіргі таңда кафедрамызда таңдаған мамандықтары бойынша оқып жатыр.
Осындай шараларды жүйелі түрде өткізудің негізінде талапкерлер мамандық таңдауда қателеспейді. Олардың​ таңдауларының​ кафедрамызда даярланатын мамандықтарға жиі түсуі біздің ББ нарықта сұранысы бар екенін дәлелдей түседі. Біз даярлайтын мамандықтарға таңдау көп. Қазіргі таңда білім алушылармыздың саны​ — 497. ББ бойынша биыл қабылданған 1 курстар саны​ — 122, оның ішінде Алтын белгі иегерлерінің саны​ — 3.

Кафедрадағы ғылыми-педагогикалық және академиялық ұтқырлық бағытындағы жұмыстарға жеке тоқталсаңыз.

-«Мемлекеттік басқару, қаржы және маркетинг» кафедрасында 3 білім бағдарламасы бакалавриат деңгейінде, 3 білім бағдарламасы магистратура бойынша академиялық қызметін жүзеге асырды. Олар 6В04104-Қаржы, 6В04103-Есеп және аудит, 6В04105-Мемлекеттік және жергілікті басқару ББ бойынша бакалавр және 7М04106-Маркетинг, 7М04121- Цифрлық маркетинг, 7М04105 Мемлекеттік және жергілікті басқару, 7М04104-Қаржы ББ бойынша магистратура​ ​ түлектерін шығарушы кафедра болып табылады.
Ағымдағы оқу жылындағы кафедрадағы ПОҚ саны​ — 32. Оның ішінде, қосымша қызметтегі оқытушылар — 2,​ штаттан тыс қызметтегі оқытушылар – 4 практик-маман,​ штатта қызмет ететіндер саны- 26, оның ішінде 1 ғылым докторы, 9 ғылым кандидаты, 2 Ph.D.​ доктор, 14 магистр қызмет етеді.
Мемлекеттік басқару, қаржы салаларына мамандарды сапалы даярлау үшін келесідей ұйымдарда кафедра филиалдары құрылып, қызмет жасауда: : «First Heartland Jusan Bank» АҚ; «Ақсай кәсіби қаржы менеджерлері институты» ЖШС; «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» РММ; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы; ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті. Бұл аталмыш филиалдарымыздың мамандары кафедрамызда практик-маман ретінде дуалдық элемент жүйесі негізінде практикалық сабақтар мен дәрістер өткізеді.
Биылғы оқу жылында алыс және жақын шетелден жоғары оқу орындарынан кафедрамызға 2 профессор дәріс оқуға шақырылып, қазіргі уақытта білім алушыларымыз олардың дәрісін тыңдауда. Олар: Ұлыбританиядағы Ниттингем университетінің профессоры, Ph.D. М.А. Каратаев және РФ Үкіметі жанындағы Қаржылық университет профессоры, Ph.D. Ш.У. Ниязбекова.
Кафедрамыздың 9 оқытушысы алдағы уақыттарда халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу үшін тілдік деңгейін көтеру мақсатында университетімізде ұйымдастырылған тілдік оқу курстарынан білім алды. Оқытушылар ағымдағы оқу жылында да тілдік курстарын жалғастырмақшы. Оның нәтижесінен ПОҚ әлеуетін көтеруде үлкен үміт күтеміз.
2022 жылы қауымдастырылған профессор, Ph.D. Саимова М.Д. «ЖОО үздік оқытушысы​ — 2022» мемлекеттік грантына ие болды. Кафедрадағы ғалымдарымыздың халықаралық Scopus және Web of Science базасында жарияланған мақалалар саны — 23. Осы базалар бойынша Хирша индексі бар ғалымдардың саны — 13
Студенттердің білім сапасын арттыру мақсатында республикалық пəндік олимпиадаларға дайындап, ғылыми жобалар байқауынан да облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жүлделі орындарға ие болуда ең үздік нəтижелі ұстаздар санатынан көрініп жүрген оқытушыларымыз да баршылық. Олардың қатарында Ph.D., қауымдастырлыған профессор Саимова М.Д., э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Иманбаева З.Ө, магистр, аға оқытушылар Игильманова С.И., Бимбетова Б.С., Ажаипова И.Ш.
Кафедраның ПОҚ мен білім алушылар үшін сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлықты жүзеге асыруға көп көңіл бөлінеді. Аталған мақсаттарды іске асыруда нақ осындай жұмысты жүзеге асыратын басқа жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық нұсқалары қарастырылады. Мысалы, академиялық ұтқырлық бойынша бағдарламаларды университеттің қаржыландыруы есебінен, басқа ЖОО және басқа да қаржыландыру көздері есебінен алу үшін жағдайлар қолжетімді.
Сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында​ жоғары оқу орындары арасындағы келісім негізінде Пушкин атындағы Ленинград МУ (РФ), Қазан федералдық университеті (РФ), Сакария университеті (Түркия) университеттерімен байланыс жасалды.
Ішкі (ұлттық) академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша​ Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті,​ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,​ Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Нархоз университеті,​ Алматы технологиялық университеттерімен байланыс жасалды.
Соңғы 3 жылда кафедрамыздың білім алушылары ББ бойынша 13 студент және 1 магистрант сыртқы(халықаралық) ұтқырлықпен шетелдік ЖОО-да оқыса, 9 студент ішкі ұтқырлық аясында отандық ЖОО-да білім алды. Кафедра даярлайтын ББ-на қазақстандық ЖОО-нан 8 студент келіп білім алды.
2020-2021 оқу жылдарында сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында РФ Пушкин атындағы Ленинград МУ 5В050800 Есеп және аудит ББ-нан 2 студент, 5В050900 Қаржы ББ-нан 5 студенттің білім алуы ұйымдастырылса, 2021-2022 оқу жылдарында сыртқы (халықаралық) академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында РФ Қазан федералды университетіне 6В04103 – Есеп және аудит ББ-нан 2 студент және 7М04106 – Маркетинг ББ-ның 1 магистранты,​ 6В04103​ – Мемлекеттік және жергілікті басқару ББ-нан​ 3 студенттің​ Түркиядағы Сакария университетінде​ білім алуы ұйымдастырылды. 2022-2023 оқу жылында тек ішкі академиялық ұтқырлық бойынша Нархоз университеті мен Алматы технологиялық университетінде 6 студент білім алып қайтты.
Сондай-ақ аталған оқу жылдарында ПОҚ-да Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетімен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында дәріс сабақтарын өткізді.
Алдағы оқу жылдарында бұл көрсеткіштерді бұдан да жақсы деңгейде көрсетеміз деген ойдамын.

Мамандыққа кәсіби даярлаудың бас көрсеткіші өндірістен сұраныс. Бітірушілер қаншалықты сұранысқа ие?

-Өңіріміздегі кәсіпорындардың сұранысына орай мамандар даярлау мақсатында кәсіби біліктілігі жағынан талаптарға сай мамандар әзірлеу үшін жаңа стандарттар мен бағдарламалар жасау, оқу үдерісіне инновациялық сипаттағы жаңа пәндерді енгізу, ақпараттық технологияларды пайдалану аясын кеңейтуді жақсарту, сондай-ақ мамандар дайындау жүйесін әртараптандырудың маңызы зор болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда кафедрамызда экономиканың тетіктері мен тәсілдерін терең меңгерген жоғары білімді мамандар шығару жөнінде жауапты, әрі жан-жақты игілікті істер атқарылуда. Ұжымдағы әрбір тұлғаның үлкен жауапкершілікті сезініп, бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыретті, сапалы маман дайындауда бүкіл қызметіміздің осы бағытта құрылуы заңды құбылыс деп есептеймін.
Түлектердің кәсіби деңгейін жұмыс берушілермен кері байланыс орнату арқылы қадағалап отырамыз, әсіресе өндірістік тәжірибеден өту процесінде айқын көрінеді.​ Бұл жерде білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға ат салысатын іскерлік қарым-қатынастағы кәсіпорындарды айта кеткен жөн, олардың қатарында аймағымыздағы алдыңғы қатарлы ірі кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «СНПС Ақтөбе мұнай газ» АҚ, «First Heartland Jusan Bank» АҚ, «БЦК» АҚ АФ, «Forte Банк» АҚ АФ6 «Береке банк» АҚ АФ, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті және т.б.
Мамандарды таңдауда аймақтағы сұраныстар, студенттердің өндірістік тәжірибеден өткен кәсіпорындары және кейіннен олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ескеріледі. Пайыздық мөлшермен айтқанда, ағымдағы жылы 70%​ — Есеп және аудит ББ , 76% -​ Қаржы ББ , 80% — Мемлекеттік және жергілікті басқару ББ бойынша бакалавр түлектері жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш – біздің түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі зор екендігінің бір дәлелі. Кафедра түлектері өздерін өңіріміздің экономикасының түрлі салаларында: бухгалтерлік есеп, қаржы мамандары, бизнесмендер және мемлекеттік қызметкерлер ретінде табысты қызмет етуде.

Бір кезде өзіңіз де өмірлік кәсіп таңдау алдында толқып тұрдыңыз. Бұл күнде ғылыми-педагогикалық бағытта танылған экономист мамансыз. Ойда екінші таңдауда қай мамандық тұрған еді. Есіңізде ме?

-Өмірде мамандықтың түрі көп. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек. Мамандық жай күнелту, ақша табу ғана емес. Әр адам өз мамандығынан рухани күш алып, еңбектің рахатын көруі керек. Кез келген мамандық адамнан шеберлікті, қажымас қайратты, еңбектенуді, үлкен жауапкершілікті керек етеді. Өз басым мамандық таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Расында​ ең бірінші мамандық таңдауда «экономист боламын», «банкте жұмыс жасаймын» — деген оймен келгенім рас. Кейін студент кезде жатақханада көп жағдайда аспиранттар, ғылым жолында жүрген аға-апаларымыздың ортасында жүргенім де әсер еткен секілді. Бүгінде ойлап отырсам, ғылым жолына, ұстаздыққа кездейсоқ келген жоқ екенмін. Ол кісілердің жүрген жолы маған өте таныс болды, кейін өзім де ғылым жолына, ұстаздық жолға бет бұрдым. Әсіресе ғылым жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де мықты ұстаздардан білім, тәрбие алдым, шыңдалдым. Оның ішінде э.ғ.д, академик Ө.Шеденовтың мектебінен өту​ мен үшін үлкен мәртебе болды.​ Осындай ұстаздар көрсеткен ұлы жолдың көшімен ЖОО-да ұстаздық​ ету бұйырды.
Ал, енді мамандықтың ішінде екінші таңдау қай салаға түсер еді деп ойласам, әрине ол өнер саласы деп ойлаймын. Өйткені өнер жаныма өте жақын болды, қазіргі таңда ол​ – сүйікті хоббиім (ісім).

Кафедрада есімі жұртшылыққа мәлім ардагер-ұстаздардың орнын толтыратын қандай мықты жас оқытушылар бар?

-Білім беру саласындағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде өзіндік үлес қосқан ардагер ұстаздарымыз баршылық. Еңбек демалысында болса да қазіргі таңда еңбек етіп жүрген э.ғ.д., профессор Х.Кусаинов, э.ғ.к., профессор Жунусов Б.А., э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мүсіров Ғ.М. айтуға болады. Жалпы факультетіміздің іргетасын қалауда үлкен үлес қосқан ғалымдарымыз​ профессор Байжомартов Ү.С., Мамбетов У.Е., Жунусов Б. А., Ювица Н.Ю., Түсіпбекова Р. С., Князова Г. Ж., Дүйсенбаева К.Т., Кусаинов Х.Х. және т.б. Бұл ардагер ұстаздарымыз саналы өмірлерін ғылым мен білімнің дамуына арнаған, осы салалардың өркендеуіне елеулі үлес қосты, өшпес өзіндік із қалдырды. Осындай ғалымдарымыз өз шәкірттеріне тәлімгер бола отырып, бүгінде көптеген түлектері ғылыми-педагогикалық қызметте өз орындарын тауып, нәтижелерге жетті. Мұндай ардагер ұстаздарымыздан білім алған шәкірттері кафедрамыздың 65 %-ын құрайды. Оның ішінде ғылым жолында нәтижеге жеткен э.ғ.к. Жакупова Б.А., э.ғ.к., Нұрманов А.О., э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Иманбаева З.Ө, Ph.D., қауымдастырылған профессор Саимова М.Д.

Zhubanov University облыстық газеті,

№9(489), қыркүйек, 2023 жыл.