Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ректор кубогі үшін сайысқа түсті

Ректор кубогі үшін сайысқа түсті

Ақтөбе қаласындағы Студенттер сарайында «Ақтөбе — асқақ арманым!» атты қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары арасында «Жайдарман» ойыны өтті.

«Ректор кубогі — 2017» жүлдесіне арналған шараны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ұйымдастырды. Сайыста Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Қазақ-орыс халықаралық универсиетінен келген құрама командалар, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының «Қорған», Т.Бигелдинов атындағы атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының «Бұлттан да биік», Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің «Өрлеу», Ақтөбе қаласының «Сөз жоқ» еркін құрамасы, Темір ауданынан келген «Алтықарасу жастары» командалары бақ сынасты.

Шараның ашылуында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиетінің бірінші проректоры Қуанышбек Шүңкеев құттықтау сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі.

Бүгінгі шараның мақсаты — жоғары және арнаулы оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу өрісін кеңейте түсу, қоғамдағы көккейтесті мәселелерді әзіл арқылы жеткізу, талантты жастарды анықтау. Жайдарман ойындарының аудиториясы кең, жастардың қызықты жобаларының бірі. Университет ректоры Бауыржан Ердембековтың бастамасымен алдағы уақытта тағы да жоғары оқу орындары арасында мерекелік шаралар өткізу жоспарда бар, —  дейді университеттегі әлеуметтік, саяси және жастар саясаты департаментінің директоры Жайнагүл Қартбаева.

Сайысқа қатысқан әр команда сұрақ-жауап және үй тапсырмасы кезеңдері бойынша өнер көрсетті.  Ойынды тамашалауға және сүйікті командаларын  қолдауға келген көрермендер көп болды. Ойын барысында  әзіл-шыны аралас тақырып аясында студенттер өмірінің қызықты көріністері, қоғамдық мәселелер көтерілді. Әрбір команданың өзіне тән ерекшеліктері мен ойынға үлкен дайындықпен келгендері көрініп тұрды.

Қызықты өткен сайыс қорытындысы бойынша, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының «Қорған» командасы жеңімпаз атанып, 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орынды 70 мың теңгелік сертификатпен «Сөз жоқ» еркін құрамасы иеленсе, үшінші орын 50 мың теңгелік сертификатпен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің командасына бұйырды. «Сөз жоқ» еркін құрамасынан Азамат Жадырасынов «Үздік ойыншы» атанды.

Осылайша, лайықты өнер көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты.

 Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

источник