Пятница, Декабрь 3, 2021
Басты > Жаңалықтар > Слетте ең үздік студенттерге құрмет көрсетілді

Слетте ең үздік студенттерге құрмет көрсетілді

Бүгін университеттің белсенді, үздік студенттерінің еңбегі еленген күн. Студенттер сарайында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен оқу озаттары мен белсенді студенттердің VI слеті өтті.

Жыл сайын университетімізде өткізілетін дәстүрлі шараның ең басты мақсаты ең белсенді, ең үздік жастарды анықтап, марапаттау.

Ең алдымен сахнаға студенттік ректор Аделбек Бертлюев шығып, студенттердің өзін-өзі басқару жұмысының жылдық есебін берді. Университетімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ең үздік Smart кабинет» жобасы байқауының жүлдегері де осы кеште марапатталды. Цифрлы технологиялар орталығының маманы Азамат Мукамбеткалиев пен кәсіби-шығармашылық факультетінің 4-курс студенті Әсел Избастина ұсынған смарт жобасы үздіктер қатарынан табылып, жүлделі орынмен және ақшалай сыйлыққа ие болды.

Келесі кезек «АРСУ-2017» сыйлықтарымен марапаттау рәсіміне берілді.  «Атамекен» студенттік құрылыс жасағының «Үздік жауынгері» номинациясымен техникалық факультетінің 3-курс студенті Бағлан Ғалымжанды  Ақтөбе облысының «Атамекен» студенттік отрядының жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Мусин марапаттады.

Университетіміздің үздік спортшылары да назардан тыс қалмады. «Үздік спортшы» номинациясы әлем чемпионатында, әлемдік және республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп, ел намысын асқақтатып жүрген спортшы студенттеріміз Бағдат Кенжетаев пен Азамат Кайдаровқа берілді.

Университеттің «Үздік жаңашыл студенті» номинациясы кәсіби-шығармашылық факультетінің 4-курс студенті Асел Избастина мен шетел тілдері факультетінің 4-курс студенті Елена Антошеваға берілсе, «Үздік өнерпаз» кәсіби-шығармашылық факультетінің 4 курс студенті Ақбота Тәжімағанбетова атанды.

«Ең белсенді студент» номинациясымен бірнеше студенттер марапатталды. Олар тарих факультетінің 4-курс студенті Курбанай Чыгырбаева, техникалық факультетінің 3-курс студенті Алимжан Нұржанов және педагогика факультетінің 3-курс студенті Амангүл Устеновалар.

Кештің ең маңызды сәті де келді. Университет ректоры Бауыржан Ердембеков жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан студенттерді шын жүрегімен құттықтап, тек оқу үлгерімі жағынан ғана емес, барлық қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүрген үздіктерімізге сенім артып, шынайы алғысын жеткізе отырып, салтанатты түрде «Жыл студенті — 2017» номинациясының дипломын және «Жұбанов» атындағы стипендия сертификатын техникалық факультетінің 4-курс студенті Ақәділ Жанабаевқа табыс етті.

Үздіктер слеті университет студенттерінің орындауындағы   «Жұбанов ордасы» әнімен аяқталды.