Понедельник, Май 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұмыс барысын жоспар бойынша бастау — маңызды қағидаларымның бірі

Жұмыс барысын жоспар бойынша бастау — маңызды қағидаларымның бірі

Адманова Гүлнұр Болатқызы.
Zhubanov University Биология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты. Қазақстанда жаңадан ашылған «Биотехнология» мамандығының алғашқы түлегі.​ Қазақ тамақ өнеркәсібі ғылыми зерттеу институтында «Биотехнология» мамандығының күндізгі бөлімінің аспирантурасында оқыған.
2006 жылы Ұлттық биотехнология орталығындағы диссертациялық кеңесте, биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алуға кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

«Ғылым мен техникаға үлкен үлес қосқан жас талантты ғалымдарға, ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының» степендианты атанған.
2009 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының «Үздік оқытушысы» атағын иеленген.

Генетика​ және физиология институтында «ДНҚ оқшаулау, полимеразды тізбекті реакция және рестрикциялық талдау әдістерін меңгеру және тәжірибеде қолдану», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Молекулалық биология», Назарбаев университетінде «Қазақстанда STEM саласында мұғалімдерді даярлауда педагогикалық және ғылыми-зерттеу әлеуетін (ЖОО) арттыру: ғылыми-практикалық әріптестік»​ курстарынан өткен.

Г.Б.Адманованың 49 мақалалары мен тезистері бар, оның ішінде Web of Science,​ Scopus — 6, ҚРҒЖБМ​ БҒСБ – 17, 7 авторлық куәліктің иегері, РОӘК — 1, оқу, әдістемелік құралдары – 5, монография — 1 баспадан шығарған және 3 электронды оқулықтың авторы.

Сұқбат жүргізуші Гүлнара Қараша.

Ғылыми-педагогикалық​ жұмыс өтіліміңіз​ 20 жылдан асыпты. Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

-Иә, ғылым мен білім жолында еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүргеніме 20 жылдан астам уақыт болды. Ғылыми-педагогикалық еңбегімнің әр күнін, әр сағатын сапалы, тағылымы мол білім беруге, ғылым жолында өзіндік үлесімді​ айтарлықтай қосуға, саналы ұрпақ тәрбиелеуге арнап,​ еліміздің ғылыми дамуына үлес қосуды мақсат еткен, жаңашылдыққа ұмтылып, өзінен де, өзгеден де үнемі ізденісті талап ететін мен үшін қазіргі айналысып жүрген жұмысым, білім саласындағы жаңашылдыққа ұмтылу, жаңа технологиялар, оқыту тәсілдерін ұдайы меңгеру және ұрпақ санасына сіңіре білу ұнайтыны сөзсіз.

Елімізде биотехнология мамандығы тренд болған жылдары сол бағытты таңдапсыз. Неге қызықтыңыз?

-Мамандық таңдау — өмірде қателеспеуді қажет ететін, болашағыңды алдын ала жоспарлап, бағытыңды айқындаудағы маңызды, саналы түрдегі шешімді қажет ететін әрекеттердің бірі. Елімізде биотехнология ғылымының енді ашылып, ауылшаруашылығы, медицина, тағам өндірісі, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы өзекті мәселелерді шешудегі рөлі айқындалып, республикамыздың экономикалық дамуы жолындағы ғылыми жаңалықтарға бастау алар маңыздылығы арта бастаған уақытта бұл мамандықты таңдауым жақындарымның бағыт-бағдары мен өзімнің жан- жақты ізденіп, болашақ маман ретіндегі сыни көзбен қарауымның нәтижесі деп ойлаймын.

Сол жылдары трендке айналған мамандықта білім алып, ғылымға деген қызығушылығымды арттырып, елімнің білім және ғылым салаларындағы дамуына үлес қосуға ұмтылған мақсатымды айқындап, кәсібилігімді шыңдау жолымда жақсы адамдардың, ғалымдардың кездесуі менің мамандыққа деген сүйіспеншілігімді одан сайын арттырды. Осы орайда, зерттеу жұмыстарын атқаруда өз тәжірибелерімен бөліскен ҰҒА академиктері, биология ғылымдарының докторлары Тулемисова Клара Ахмедьевна, Жұбанова Ажар Ахметовна, Макажанова Хапиза Хасеновна ғалымдардың атын ерекше атап кеткім келеді. Білім және ғылым нәрімен сусындатып ғана қоймай, тәрбиені санама сіңдіріп, кәсіби маман болып қалыптасуымда өзіндік үлестерін қосқан болатын.

Ғылымның маңызын түсініп, мәнін айқындауда, зерттеушілік, ізденімпаздық қасиеттерімді ұштауда айтарлықтай үлес қосқан тұлғалардың бірі – биология ғылымдарының кандидаты, доцент Мукашева Ғалия Мустафьевна. Университетте 3-курста оқып жүргенде​ микробиология пәнінен оқыған дәрістері, жүргізген зертханалық сабақтары биотехнология ғылымына деген қызығушылығымды арттырып, мақсатымның айқындалуына зор септігін тигізді.

Оқуымды аяқтағанда​ еңбек жолымды өндірісте жалғастыруға мүмкіндіктер болды. Алайда, өмірімді ғылыми-педагогикалық бағытқа арнауды жөн дедім. Заман ағымына қарай, технология мен техниканың дамыған шағында ғылым көшінде оза шауып, креативті ойлай білетін жастармен жұмыс жасау қызықтырақ​ көрінді, шынында да жастармен жұмыс жасау кезінде ғылыми ізденістерге деген құлшыныс артады.

Асқазан-ішек ауруларына байланысты АҚШ-тың халықаралық жобасына қатысқан екенсіз. Бұл үлкен тәжірибе деп есептеймін. Барысын, нәтижесін әңгімелеп берсеңіз.

-Пробиотиктердің​ антибиотиктерден айырмашылығы, қалыпты микрофлораға теріс әсер етпейді, бұл оларды жедел ішек инфекцияларын және дисбактериоздарды емдеуде қолдануға мүмкіндік береді. Пробиотиктерді қолданудың жоғары тиімділігі олардың ағзаның инфекцияға қарсы тұрақтылығын арттыру, кейбір жағдайларда аллергияға қарсы әсер ету, ас қорытуды реттеу және ынталандыру қабілетіне тікелей байланысты келеді.​ Пробиотиктерді​ жоғары концентрацияда​ қолдану физиологиялық және ағзаға экологиялық зиянсыз.
Пробиотикалық препараттарды жасаудың жаңа бағыты макроорганизмнің тіршілік әрекетін табиғи жағдайда сақтау болып табылады, атап айтқанда, патогендік микрофлораның, соның ішінде асқазан-ішек жолдарының өсуі мен дамуын тежейтін қасиеттері бар сапрофит бактерияларын табиғи ортадан оқшаулау.

Осыған байланысты пробиотикалық препараттарды жануарлар мен адам ағзасында мекендейтін жерлерде патогендік және шартты-патогендік микрофлораның өсуі мен дамуын тежеуге арналған әртүрлі препараттық нысандарда қолдану ең перспективалы және өзекті болып табылады.

Сондай-ақ, тағамды микробиологиялық ластанудан қорғау үшін сүт қышқылы бактерияларының және олардың консорциумдарының жаңа белсенді штамдарын іздеу, олардың әсер ету механизмін, қолдану аясын және микроорганизмдердің антагонистік қасиеттерін арттыруға ықпал ететін факторларды зерттеу өзекті болып қала береді.

Өзім аспирантурада оқыған зерттеу институтының «Микробиология және биотехнология» зертханасының қызметкерлері және ғылыми жетекшім​ Г.Н.Дудикованың жетекшілігімен АҚШ-тың «Адамның, жануарлардың және құстың асқазан-ішек ауруларын тудыратын патогендік микроорганизмдермен тағамның ластануын болдырмау үшін жаңа пробиотик алудың ашыту технологиясын құру»​ К-582 жобасы​ 2003-2005 жылдары халықаралық ғылыми-техникалық орталығының аясында орындалды. Бұл жобаға орындаушы ретінде қатыстым. Менің тікелей атқарған зерттеуім:​ пробиотик алу үшін сүт қышқылы бактерияларын бөліп алу, бөлініп алынған сүт қышқылы бактерияларының негізінде консорциум құру, көптеген патогендік және шартты патогендік микроорганизмдерге және антибиотиктерге төзімді микроорганизмдердің штамдарына қатысты жоғары антагонистік белсенділігін зерттеу, ас қорытуды айтарлықтай реттеуге және ынталандыруға мүмкіндік беретін жоғары ферментативті белсенділігін анықтау, антиаллергенді және уыттылыққа қарсы әсерін бағалау бойынша жалпыға бірдей стандартты әдістермен зерттеу жұмысы жүргізілді.

Нәтижесінде, қойылған міндеттерге сәйкес пробиотикалық «Биоконс» препаратын өнеркәсіптік өндірісте сүт қышқылы бактерияларының консорциумын өсіру процесі модельденді. Консорциум 4 дақылдан тұрады: L. brevis-67, L. casei var.alactosus-22, L. fermentum-104, және L. plantarum-2, және монокультуралармен салыстырғанда шартты-патогенді микрофлораға қатысты жоғары антагонистік қасиеттерге ие болды.​ ​ (ҚР патенті № 8945). Консорциумның өсіру режимдері зерттелді және биомассаның өсу қарқыны төмендеген кезде консорциумның антагонистік белсенділігі өсірудің екінші сатысында өсетіні анықталды, бұл антибиотик – пептид бактериялардың қайталама метаболизмінің өнімі екенін көрсетеді. Пробиотикті өнеркәсіптік өндіру үшін сүт қышқылы бактериялары консорциумын​ өсіру үшін қоректік ортаның оңтайлы құрамы анықталды. Препаратты лиофильді кептіру режимдері және «Биоконс» құрғақ препаратын өнеркәсіптік алу технологиясы және технологиялық нұсқаулық әзірленді.
Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған кезінде осындай зерттеулер гендік-молекулярлық деңгейде жүргізілуде және өзекті болып табылады.

Кафедра меңгерушісі қызметінде еңбек етіп жатқаныңызға біраз жыл болды. Құрылым жұмысы қалай дамып жатыр?

-Білікті маман, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы атқарылатын еңбек үлкен жауапкершілікті, аса ізденімпаздық​ пен жаңашылдықты қажет етеді. Осы орайда, кафедраның профессор-оқытушылар құрамының атқаратын рөлі зор екенін атап өту керек.

Кафедраның миссиясы – биология ғылымдарының салалары бойынша алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу, білім беру және әдістемелік орталықты​ қалыптастыру.
Кафедрада биология, педагогика, медицина ғылымдарының кандидаттары, Ph.D., аға оқытушылар білім мен ғылым жолында қызмет атқаруда, шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алған, қызмет атқарған, халықаралық оқу орталықтарында біліктіліктерін арттырған оқытушылар дәріс беріп, әлемдік тәжірибелерімен бөлісуде.

Кафедрадағы оқу-әдістемелік, ғылыми, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды дамуда, атап өтетін болсақ:
● 6В01505-«Биология», 6В05101-«Биология», 7М05101-«Биология» білім бағдарламалары ҚР АРТА мамандандырылған​ аккредитациясынан сәтті өтіп, 5 жыл мерзімге (05.12.2021ж. – 04.12.2026ж.) аккредитациядан өту сертификатын алды.
●6В01505 -«Биология» білім​ бағдарламасы 2017 жылғы Қазақстан Республикасы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі рейтингісіне қатысушы жоғары оқу орындарының арасында 3 орынға ие болды.
●7М01505-«Биология» білім​ бағдарламасы ARQA аккредиттеу және білім беру сапасын​ сараптау тәуелсіз агенттігінен 5 жыл мерзімге (12.06.2020ж. – 11.06.2025ж.)​ мамандандырылған​ аккредиттеуден өтті.
●6В05102-Биотехнология білім бағдарламасы Қазақстанның Инженерлік Білім Ассоциациясы KazSEEден 5 жыл мерзімге (23.12.2020 – 22.12.2025) аккредиттелді.
● ЖОО-ры білім бағдарламаларының рейтингісінде жүлделі позициясында, соңғы 5 жыл бойы 6В01505- Биология ББ алғашқы 3-тікте орналасты.
● 7М01505-Биология, 6В05102-Биотехнология білім бағдарламаларының алғаш рет​ Ұлттық реестрге енді.
● Үштілділік бағдарламасын іске асыру үшін 6В01505-Биология білім​ бағдарламасы ағылшын тобы ашылып, оқу үрдісіне ағылшын тіліндегі элективті курстар енгізілді.
● Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, мамандардың​ сапалы дайындығы үшін республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі мен университеттің ғылыми кеңесіне жоспар бойынша​ оқулықтар, оқу құралдарын, дәрістер жинағын, практикалық сабақтарға арналған әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді. Жекеленген пәндер бойынша жаппай ашық онлайн курстары жазылды, электронды оқулықтар дайындалды, авторлық куәліктер алынды.
● Білім алушылардың сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2017 жылдан бастап Биология кафедрасы қызмет ететін білім бағдарламаларының білім алушылары сыртқы​ (Пекин педагогикалық университеті, Қытай; Теннеси техникалық университеті, АҚШ; Витаутас Магнус университеті, Литва; Башқұрт мемлекеттік университеті, Башқұртстан; Тонмень университеті, Оңтүстік Корея;​ Сакария университеті, Түркия; Кастамону университеті, Түркия; Хаджеттепе университеті, Түркия; Онсекиз Март Чанаккале университеті, Түркия; Приморская Академия, Польша) және ішкі​ (Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Алматы технологиялық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті)​ ​ ​ ​ ​ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімдерін жалғастырды, әлі де жалғастыруда.

Сондай-ақ,​ кафедра мен басқа ЖОО-ның​ профессор-оқытушылар құрамы да сыртқы (Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті)​ және ішкі (Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс-Қазақстан университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті, Алматы технологиялық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан​ университеті)​ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында​ онлайн және оффлайн режимде дәріс, практикалық сабақтарын жүргізді.

● Мекемелерде кафедра филиалдарының ашылуы мен дуалды оқыту элементтерін білім беру процесіне енгізу мақсатында кафедраның серіктес филиалдарымен бірлесе отырып, білім бағдарламаларына кафедраның тұрақты стейкхолдерлер тарапынан ұсынылған элективті курстар енгізіліп, жоспарға сәйкес кейбір пәндер өндіріс орынында өткізілуде. Кафедрамен серіктес филиалдар ретінде қала мен ауданның орта мектептері, колледждер, зерттеу институттары, зауыттар мен фабрикалар, табиғат қорғау мекемелері, биоалуантүрлілікті сақтау ұйымдарымен өңірдің дамуында өзекті болып табылатын мәселелердің зерттелуіне баса назар аударылып, іс шаралар өткізіліп тұрады. Қазіргі күні 13 кафедра филиалдарымен келісім шарт жасалып, жоспар бойынша жұмыстар жасалуда.
● «Назарбаев зияткерлік мектебінің» физика-математика бағытындағы Ақтөбе филиалы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында жасалған 2016 жылдың 25 ақпанындағы меморандум негізінде «Үйрен-Бөліс» дуалды оқыту жобасы 2017-2018 оқу жылынан бері жүзеге асып келеді.
● Шетелдік мамандарды білім беру қызметіне тарту мақсатында​ Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімі, Кузбацк ботаникалық бағының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Куприянов, Памуккале университетінің Ph.D. докторы Рефика Джейда Берам дәріс, практикалық сабақтарын, мастер класс өткізді, гербарий қорымен жұмыс жасады.
Алдағы уақытта Белорус мемлекеттік университеті, Ботаника кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к., доцент В.Н.Тихомировтың келіп академиялық және ғылыми жұмыстарды жүргізуі жоспарлануда.
● Кафедраның оқытушы-ғалымдары мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жыл сайын жарияланатын​ жобаларға қатысуда. Білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне жетекшілік қызмет атқарып, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалар, байқауларда жүлделі орындарды иеленуде.

2020-2022 жылдары аралығында​ университеттің ішкі қаржыландыруымен «Ашық және қорғалған топырақта отандық селекциялық қияр сорттарын өсірудің технологиясы» (Жетекшісі: б.ғ.к., доцент А.А.Базаргалиева) ғылыми – инновациялық жобасы жүргізілді. Жобаның мақсаты – Ақтөбе облысының ашық және қорғалған топырақ жағдайында отандық қияр сорттарының өсуін, өніміділігі мен сапасын бақылау. Бүгінгі күні жоба аяқталып, қойылған міндеттері орындалды, патент алуға тапсырыс берілді.
Сонымен қатар, магистранттар мен студенттердің теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Жұбанов жылыжайында, жеміс ағаштарының тәлімбағында ғылыми жетекшілердің кеңестерімен мезгіл сайын жұмыстар орындалып жүр.

● Білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру және қолдау мақсатында кафедрада​ “Жас натуралистер”, “Өсімдіктер әлемі”, “Жас маман”,​ “Биоколорит”ғылыми үйірмелері​ жұмыс істейді.
● Кафедраның материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсартылуда. Оқу процесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған тапсырыс берілген құрал -жабдықтар алынуда. Сапалы білім беру үшін қазіргі таңда кафедрада жабдықталған​ оқу-зертханалары, педагогикалық тәжірибелердің әдістемелік кабинеті және бірнеше оқу аудиториялары жұмыс жасайды.
Бұның барлығы кафедраның профессор-оқытушылар құрамының бірлескен қызметінің нәтижесінде болды, алдағы уақытта да бірнеше жұмыстар ауызбіршілікпен атқарылады деп есептеймін.

Білім алушылар оқу бітіргесін қай салада көбірек бой көрсетіп жүр? Олар өмір жолдарын қалай жалғастыруда? Хабарласып тұрады ма?

-Мамандықтың рейтингін анықтайтын басты көрсеткіштердің бірі – бітіруші түлектердің бітірген жылында жұмысқа орналасу деңгейі. Университеттің жұмысқа орналастыру бойынша стратегиялық жоспарының жүзеге асырылу негізінде жұмысқа орналасу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл орайда, студенттердің 4 курстағы педагогикалық және өндірістік​ практикадан өту кезіндегі, білім алушылардың өзін кәсіби маман ретінде көрсетіп сол мекемеде жұмысқа орналасуын да айтып кеткен дұрыс деп ойлаймын.

Былтырғы жылы алғашқы түлектерін дайындап шығарған 6В05102-Биотехнология білім бағдарламасының 4 курс білім алушысы Шолпан Мағзом өндірістік тәжірибені Қазақстан бойынша сүт өнімдерін өндіретін компаниялардың 10-дығына кіретін «АЙС+» сүт компаниясында өтіп, қазіргі таңда аталмыш мекемеде инженер қызметін атқаруда.

Оқуды аяқтаған жылы-ақ, бітіруші түлектердің 70%-дан астамы жұмысқа орналасып, магистратура, докторантура бағыттарында білімдерін шыңдап, кәсіби біліктіліктерін жан жақты көрсете біледі. Өндіріс салаларында, білім беру мекемелерінде, мемлекеттік қызметте, табиғат қорғау ұйымдарында және т.б. салаларда жұмыс атқарып жүрген түлектеріміз қазіргі таңда өзіндік жолы қалыптасып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жоғары санаттағы білікті маман ретінде белгілі. Сонымен қатар, бірқатар түлектеріміз серіктес мекемелерде басшылық қызметте, мектеп директорының орынбасарлары, жоғары санатты мұғалімдер, университет оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, өндірістік базаның жетекшілері ретінде университет ұжымымен тығыз қарым қатынаста болып келеді.

Осы орайда, педагогикалық бағыттағы Биология білім бағдарламасының екі деңгейі (бакалавриат, магистратура) бойынша білім алған Жандос Сансызбаевты атап кетуге болады. Білікті ұстаздардан тәлім алған түлегіміз өзі де мұғалімдік жолда шыңдарды бағындырып, шәкірттері халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

Шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіріп жатқан түлектеріміз хабарласып, тәжірибе алмасу бойынша бірлесе жұмыстар атқарылып келеді. Солардың бірі, ғылыми биология бағытының бакалавриат және магистратура бойынша түлегі, Нұржан Ташигул Биология кафедрасында оқытушылық қызметте жүріп, Түркия мемлекетінің белді университеті Памуккале университетінің докторантурасында білімін жетілдіруде. Қазіргі таңда Памуккале университетінің ғалымдарымен бірлескен жобалалар жүргізіліп, мақалалар шығарылып, академиялық ұтқырлық бағдарламасы деңгейдегі шаралар ұйымдастырылуда.

М.Ермағамбетова ғылыми бағыттағы биология білім бағдарламасынан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистратурасын аяқтап, докторантура деңгейінде білімін жалғастыруда.

Еңбек жолын кафедрада қызмет етумен бастаған кафедраның​ оқытушылары Ж.Ж. Кукенов және А.Т.Каирова 8D01301 Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі ББ бойынша​ (Қ.Жұбанов ат.АӨУ) докторантурада оқуда.​

Үштілділік бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі,​ НЗМ қабырғасында жинақтаған тәжірибелерінің арқасында түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген Жәли Перизат Жеңісқызы АҚШ-тың Массачусетс штаты Бостон қаласы Бостон университетінде Science Education (STEM) мамандығы бойынша магистратурасын сәтті аяқтады. Сүндет Елтезеров болса «Дарынды балаға — Талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасында Астана қаласы бойынша жүлделі 1 орынды иеленді.

6В05102-Биотехнология білім бағдарламасы биыл алғашқы түлектерін шығарған болатын. Бұл бағыт бойынша білімін тәмәмдаған түлектер де биотехнология ғылымының әр түрлі салаларында жұмысқа орналасып, білікті маман ретінде танылуда. Индустриалды қала ретінде танылған Ақтөбенің өндіріс орындарында, атап айтқанда сүт өнімдерін шығаратын «АЙС» ЖШС, дәрі-дәрмек өндіретін «ТК ФАРМ» зауытында, «Maximus» зауытында, Облыстық қан орталығында, «Гигиенист» ЖШС ғылыми қызметкер, инженер, оператор, технолог, медицина қызметкерлері лауазымында қызмет етіп жүрген түлектеріміз хабарласып тұрады. Бір айтып кететін жағдай, осы аталған мекемелер өндірістік практика базалары болып саналады және арасында практикадан өту кезінде жұмысқа алынған студенттеріміз бар.

Жалпы алғанда, кафедраның білім бағдарламаларын аяқтаған түлектер Қазақстанның ұлттық және басқа да ЖОО-да, шетелдің университеттерінде магистратура, докторантура деңгейінде білімдерін жетілдеріп, елдің дамуына үлестерін қосып, еңбектерін жемісті атқаруда.

Алдағы мақсатыңыз қандай жоспармен негізделген, кафедрада даярланатын білім бағдарламалары бүгінде қаншалықты өзекті?

-Әр істі, күнделікті жұмыс барысын жоспар бойынша бастау –маңызды қағидаларымның бірі. Мықты маман дайындауда және ол маманның жеке тұлға ретінде даму жолындағы жоспарларын, кәсіптілік бағытында құзіреттіліктірін арттыруға бағытталған мақсаттар мен міндеттер көп деуге болады.

Білім бағдарламаларының сапасын бірнеше бағытта дамыту бойынша бірқатар жоспарлармен бөліссем:
-Бәсекеге қабілетті ел ретінде ғылымға аса назар аударылған заманда заманауи үлгіде жабдықталған зертханалар тың идеялар мен жаңалықтардың бастамасы екені сөзсіз. Осы орайда, әлемде молекулалық-генетикалық деңгейде зерттеу жұмыстары өзекті болғандықтан, алдағы уақыттарда ғылыми-зерттеулер жүргізу және оқу процесіне енгізу мақсатында Полимеразалы тізбекті реакция (ПТР) зертханасын жасақтау барысында жұмыстар жүргізілуде.

— «Ботаника» пәні Биология кафедрасында даярланатын білім бағдарламаларының барлығында негізгі пән ретінде оқытылады. Кафедра базасында жылдар бойы жинақталған гербарий қоры бар. Осы орайда, Ақтөбе облысының өсімдіктер биоалуантүрлілігін зерттеу және сақтап қалудағы ғылыми жұмыстарға бастама қызметін атқаратын гербарлық қорды дамыту, толықтыру негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Сондықтан, гербарлық қорды жаңа форматта жасақтау үшін жаңа құрылғыларды алдырту бойынша жұмыстар атқарылуда.
-Жақын шетелдік​ ЖОО-дарымен оқу-әдістемелік жұмыстарды, білім алушылар мен оқытушылардың сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында халықаралық келісімге отыру, оқу процесіне шетелдік ғалымдарды тарту жұмыстарын дамыту.
-Индустриалды өңірге саналатын Ақтөбе облысының өзекті мәселелерін шешуге өз үлестерін қосатын білікті маман дайындау мақсатында Биология бағыты бойынша докторантура ашу да жоспарда бар.
-Өндірістік тәжірибе-білікті маман болудың бір баспалдағы, яғни білім алушының даярланатын білім бағдарламасы бойынша зор мүмкіндіктерін ашып, ғылымға деген қызығушылығы мен елдің дамуына қосар үлесінде септігін тигізетіні сөзсіз. Осы орайда алға қойылған жоспарлардың бірі — кафедра дайындайтын білім бағдарламалары бойынша​ өндірістік тәжірибе базасын​ ұлғайту, өңірдің негізгі мәселелерін шешуде белді рөл атқаратын өндіріс орындарында, әлемдік тәжірибені, жаңашылдықты оқу процесінде кеңінен пайдаланатын білім беру ұйымдарында, ғылыми- зерттеу жұмыстары жүргізілетін ірі компанияларда,​ білім алушылардың мол тәжірибе жинақтауына жағдай жасау.​
-Білім беру үдерісін материалдық-техникалық жабдықтауда жоғары оқу орнының қол жеткізген көрсеткіштері әлеуеттің, тұрақты даму кепілдігінің сипаттамасы, білім беру сапасын қамтамасыз ету факторы болып табылады. Осыған орай жоғары оқу орнының миссиясына, стратегиясына, жоғары оқу орны жүзеге асыратын, білім беру бағдарламаларына сәйкес келетін материалдық-техникалық базаның жаңартылуы, ақпараттық ресурстар мен студенттерді оқыту ортасын жақсарту, жаңарту үздіксіз жүргізіліп, заманауи бағыттағы құрал-жабдықтарды игеруде жұмыстар атқарылып, жылдан-жылға​ жоспарлануда.
-Кафедраның ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында Рh.D. докторантурада білімдерін аяқтаған кафедраның​ оқытушыларына, атап айтқанда 6D060700– «Биология» ББ бойынша Ж.І. Қуанбай (Л.Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық университеті), 6D061300–«Геоботаника» ББ бойынша Б.А. Туралин​ (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті), 6D011300– «Биология» ББ бойынша​ Б.Б. Саримбаева (Абай атындағы ҚазҰПУ университеті) қорғауға мүмкіндік жасай отырып, ғылыми кеңістіктеріне жол ашу. Сонымен қатар, «Жас келсе, іске» дегендей, ғылым мен білімге, мәселеге жаңашыл көзбен қарайтын жастарды кафедраға оқытушылық қызметке қабылдаған болатынбыз, алдағы жүргізілетін жоспардағы істердің бірі – еңбекқорлығымен, ғылымға деген зор ынтасымен көзге түсіп жүрген жас мамандарға​ педагогикалық-ғылыми бағытта қолдау білдіріп, докторантураға түсуіне жағдай жасау.
Бүгінде кафедрада дайындалатын білім бағдарламаларының барлығы дерлік өңірдің, елдің дамуы бағытында маңызды  мәселелерді шешуде өзекті болып саналады. Еліміздің білім және ғылыми, экономикалық даму бағытында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау–​ басты мақсатымыз.

Тамақ өнеркәсібіне байланысты ғылыми ізденістеріңізді байқадым. Сол жайлы да білу қызық.​ Дұрыс тамақтану мәдениетін ұстанатын боларсыз?

-Тамақтану мәселесі өте күрделі мәселе. «Ас – адамның арқауы», «Ауру – астан» деген мақалдардың астарында үлкен философиялық ойлар бар. Тағамтану​ институтының президенті, академик Т.Ш.Шарманов айтқандай:​ «Қайғылы жағдайлардың 60% дұрыс тамақтанбауға байланысты. Дұрыс тамақтану арқылы көптеген аурулардың барысын жеңілдетіп, асқынуына шек қойып, жаңа жағдайлардың туындауына жол бермеуге болады. Бұл орайда салауатты тамақтану өнімдерінің маңызы зор». Институттың ғылыми қызметкерлерімен тамақтану рационына байланысты бірнеше зерттеу жұмыстары Қазақстанда жүргізілді, нәтижесі​ халыққа ұсынылды.

Тиімді тамақтану –​ организмнің қоректік заттарға деген физиологиялық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету.
Казіргі кезде жастар фастфуд тағамдарын, газды сусындарды ішуге әуес. Тез дайындалатын өнімдерде көмірсутегі, трансмайлық қышқыл, газ өте көп. Бұлар адам ағзасына қажетті заттарды шығарып тастайды. Қарынның бос кеңістігін толтырғаннан пайдасы жоқ. Себебі құрамында көмірсу көп. Олар семіздікке әкеледі, басқа да аурулар тудырады. Сондықтан, әлеуметтік желіде дұрыс тамақтану бойынша мыңдаған кеңестер, ақпараттар көп. Соны оқып, зардаптарын түсініп, дұрыс тамақтану мәдениетін ұстанған жөн.

Егер әр адам денсаулығына бар капитал деп қараса, ол адам бірінші кезекте дұрыс тамақтануға дағдылануы керек. Оның алып бара жатқан еш құпиясы жоқ. Тамақтану бойынша YouTube-тегі «Тағамсаулық» каналын қарауға кеңес беремін.

-Бақтыгерей Адманов белгілі меценат. Үлгілі іспен айналысып, осы университеттің атаулы кабинеттерін жасақтауға қомақты қаржы бөлген жан. Туысыңыз болар?

-Иә, Бақтыгерей Адманов әкемнің туған ағасы. Әулетімізде барлығына қолдауын көрсетіп келе жатқан үлгілі кісі, барлығымыз «Әке» деп құрмет көрсетіп, ізінен үлгі алып келеміз.​ Ізгілік пен парасаттылықтың үлгісі болып, халықтың әлеуетіне өз септігін тигізу мақсатында жасаған игі шаралары аз емес. Соның бірі –осы университеттің Тарих факультетінің оқу ғимаратының ішінара жабдықталуына себепші болып, тарихимыз бен құндылықтарымызды дәріптеген тарих ғылымдарының докторы, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Бекежан Сүлейменовтың атына берілген кабинеттің жаңа үлгіде жасақталуын қамтамасыз еткен болатын. Қайырымдылық сынды қайырлы қасиетті бойына сіңірген және жасаған үлгілі істері артында өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа мол мұра, өшпес өнеге болып қалары сөзсіз.

Zhubanov University облыстық газеті,

№10(490), қазан, 2023 жыл.