Понедельник, Май 27, 2024

Сары ишан

Ел жадында әулиелік қасиетімен қалған тұлғалардың бірі —Қожахмет Үмбетұлы. 1856 жылы Сыр өңірінде дүниеге келіп, 1934 жылы біздің облыстың Қарабұтаққа жақын Қарашоқы деген жерінде қайтыс болған. Бұл кісіні халық Сары ишан деп атаған, терең діни білімімен қатар, әулиелік қасиетке де ие адам болған. Тәуелсіздік алған тұста ауылдағы үлкен кісілер осы Сары ишан туралы көп айтушы еді. Ал қазір оның көзін көрген кісілердің қатары қалмауға айналды, сондықтан ол заманғы тарихқа қатысты әңгімелер де азайып бара жатыр. Үлкендердің әңгімесі азайса, ел ішінде қалған шынайы деректің де жоғала бастайтыны белгілі.

Сары ишан — ел тарихында есімі белгілі Қосым қожаның тікелей ұрпағы. Бұл кісінің арғы аталары да хандар заманында елге қызмет еткен, алаштың пірі атанған әулие кісілер болған. Өзі ХІХ ғасырдың соңында Қожа Ахмет Йассауи медресесінен білім алып, Сыр бойынан Ырғыз өңіріне келіп, үлкен діни-ағартушылық істермен айналысқан. 1880 жылдары әуелі Ырғыздың Сарыоба деген жерінде мешіт салып, медреседе шәкірт тәрбиелеуді бастаған. Көптеген білімді жастарды тәрбиелеген. Сары ишаннан тәлім алған жастаркейін Алаш милициясының жасағында болған. Сары ишан әулиенің Ырғыз өңіріндегі екі мешітінің орны әлі күнге дейін сақталған. Бірақ ол Сарыобада аз ғана уақыт тұрған. Кейін сол жерден 20 шақырымдай қашықтағы Ыскөл деген жерге көшкен. Осында қырық жылдай уақыт отырған.

Ыскөлдегі жылдарында Сары ишанды көрген кісілер(бала кездерінде көрген, әрине) оны ұзын бойлы, ірі денелі, өте көрікті адам еді деп сипаттайды. Мінезі өте салмақты, адамды толық тыңдап, өзі аз сөйлейтін, ешкімге ренжи қоймайтын, мейірімді кісі ретінде ел есінде қалыпты. Үнемі үстіне ақ киім, басына ақ тақия киіп жүретін көрінеді. Бойын тік ұстап, тік жүрген. Оны білетіндердің барлығы үлкенге де, кішіге де қамқорлығы мол адам болғанын айтады.

Егер кеңес үкіметі құрылып, билікке Сталин сияқты адамдар келмесе, діни тұлғаларымыздың қызметі ұрпаққа бұдан да мол игілік қалдырар еді. Бір ғана Ыскөлдегі мешіттің орнына қарасақ, бұл жерде бала оқытатын үлкен үйдің де болғаны көрініп тұр. Біз мешіт орнына арнайылап барғанымызда,оған жақын жерден шағын бөлмелері бар тағы екі үйдің орнын байқадық. Соған қарағанда, бұл жердің Сары ишаннан білім алу үшін адамдар толастамай келетін рухани орталық болғаны көрініп тұр. Мешіт жанына көп бөлмелі үйлердің тұрғызылуына қарағанда Сары ишанның медресесіне басқа ауылдың балалары да келіп оқығанға ұқсайды. Жолаушы күтетін арнайы үйдің де болғаны көрініп тұр. Бұзылған үйлердің орнындағы топырақтан неше түрлі қыш ыдыстың сынықтары әлі күнге дейін шығады. Бұл жердегі үйлердің барлығы (мешіт қабырғалары, қасындағы үйлер) көк саздан басылған саман кірпіштен тұрғызылған. Олардың қабырғасы бес қатар кірпішпен қаланған. Үйлердің орны әлі күнге дейін көрініп жатыр. 1927-29 жылдары большевиктер бұл кісінің мал-мүлкін тәркілеп, үйлерін бұздырғанмен, мешітті толығымен бұза алмаған.

Кеңес үкіметі мешітке әуелі колхоздың малын қаматқан: 1928 жыл болуы керек.Күз айы. Жерге қырау түскен кез.Кешкілік мешітке күшпен серіктіктің малын қаматады. Таңертең қараса, мешітке қамалған ірі қара малтүгелдей ұйықтаған күйі өліп қалған көрінеді. Бұндай оқиғалар Ыскөлдегі Сары ишанның мешітінің маңында күні кешеге дейін қайталанып келіпті. Беріректе бұл жерге совхоздың малынан қан алатын қоршау салынған. Қан алуға айдап әкелген ірі қара малдан түнде кемі бір мал еш себепсіз өліп қалатын болған. Бұрын осы маңда мал баққан үлкен кісілерден сұрағанымызда, күзеуге келгенде (мешітке жақын жердегі үйге қонғанда) көпке дейін ұйықтай алмай, мешіт орнына (бұрыштарына) тастан немесе таяқтан белгі қойып барып,ұйықтайтындарын айтады.

Кеңес үкіметі әуелі мешітке мал қаматқанмен, мал өліп қала берген соң бұл жаққа ешкім батып келе алмай, 1930 жылдары мешіт екі-үш жылдай уақыт қаңырап бос тұрған. Қаңырап қалған үйлердің есіктері кейде өзімен-өзі ашылып, жабылып тұрады екен. Сары ишанды білетін үлкендер колхозда жұмыс істеп жүрген жастарға «Мешіт маңымен жүргенде Құдайға іштей сыйынып жүріңдер, ештеңесіне тимеңдер»деп ескертеді екен. Мешіттің төбесін 1930жылдары сырттан арнайы жасақ келіп тарқатып алған. Төбенің материалдары алынған соң қабырғалары үңірейіп қалған. Алайда оның бір бөлігі, үлкендердің айтуынша, мұнара жақ беті күні кешеге дейін сақталып, алыстан көрініп тұрған. Қазір алыстан мешіт орны еш байқалмайды, жаңбыр, қардың суымен құлаған қабырғаның іздері де көрінбейді. Соған қарағанда, бұл жердің сырын білмейтін біреулер бос тұрған үйдің орны деп санап,қалған кірпіштерін тарқатып алып кеткенге ұқсайды. Тек мешіттің ең төменгі қатары (саман кірпіштердің беті) ғана топырақ астынан көрініп жатыр. Ыскөлдегі мешітін мал-мүлкімен қоса кеңес үкіметі тартып алған соң Сары ишанның өзі 1929-30 жылдары — Тәуіп жағында, ал баласы Әбдіғани өзінің анасын, әйелін, балаларын алып, Қотыртас деген жерде, кейін Қарабұтақтың басқа ауылдарының бірінде тұрған.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейінгі жылдар мазасыз болғаны белгілі.Сондай жылдардың бірінде Ыскөлдегі Сары ишанның үйіне қызылдардың әскері келеді. Түс мезгілінде атты әскердің бірі үйге кіріп, ешкіммен амандаспай қайта шығып кетеді. Осы кезде үйде Сары ишанның баласы Әбдіғани да болған. Ұрпақтарының айтуынша, Әбдіғани мен әкесі Сары ишанда да бесатар мылтық болыпты. Мерген кісілер көрінеді. Әбдіғанидың мылтығы өзінің бөлмесінде ілулі тұрады екен. Ал Сары ишанның бөлмесінде өзі жататын орында (сірә, әулие кісі болғандықтан шығар) шымылдық болған дейді. Әскери адам кеткен соң сырттағы жылқышы 5-6 атты әскердің желідегі байлаулы тұрған құлындарды ағытып, биелермен бірге айдап бара жатқанын айтады. Бұған Сары ишан: «Ешкім соңынан қумасын. Бұл жылқыларды мен құрбандыққа шалып жібердім. Үш күннен соң Ырғыз жағында бір құлынды бие қалады, соны алып келесіңдер», — дейді. Расында, үш күннен соң далада тұрған жалғыз құлынды биені үйге айдап келеді. Ырғызбен Торғай өңірінде ең алғаш болып жабылған мешіттердің бірі Ыскөлдегі Сары ишан мешіті екенін мұрағат құжаттарынан байқап отырмыз. Алаш қозғалысына қолдау көрсеткен адамдарды қудалау басталғанда бұл мешіт бірінші болып жабылған.
1916 жылы ұлт-азаттық көтерліс кезінде де ел арасындағы үлкен мәселелердің шешілуіне осы Сары ишан көп көмектескен көрінеді. Бұған қарап, Сары ишанның әулие, діни сауатты адам ғана емес, ел ішіндегі үлкен мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысқан беделді кісі екенін де байқауға болады. Алаш зиялыларының қызметін өңірлерде осындай кісілер қолдап отырған. Мұрағат құжаттарынан Сары ишанның баласы Әбдіғанидың Алаш милициясының басшыларымен байланыста болғанын көрдік. ХХ ғасырдың 10-жылдарынан бастап алаш зиялылары қатарындағы кісілер өңірлерде медреседен бөлек, үш сыныптық мектепте аша бастаған. Солардың бірі осы Әбдіғани еді. Милыда ол ашқан үш сыныптық мектептің орны әлі тұр. Кеңес үкіметі бұны да тартып алып, материалдарын құрылысқа пайдаланған.
Сары ишанның өзі бірнеше ағайынды болса, ал өзінің екі ұлы, бір қызы болған. Үлкен баласы Мұханбет Әли 1915 жылы қайтыс болған, бейіті — Ыскөлде. Екінші баласы Әбдіғани 1881 жылы дүниеге келген. 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болды. Өзбекстандағы Көкілташ медресесінде, кейін Уфада білім алған. Уфадағы медресені үздік оқығаны үшін оқу орны Әбдіғаниғақылыш сыйлаған. Қылыш, басқа да атасының ұстаған заттарын және бабасы Сары ишанның заттарын (кітаптарын) ұрпақтары әлі күнге дейін жоғалтпай, сақтап келеді. Бұдан бөлек мұрағатта, кеңес үкіметінің қысымына қарамастан, 1927 жылы Ырғызға Торғайдан ишандар келіп Әбдіғаниды, басқа да діни адамдарды мұхтасиб имамы қылып тағайындағаны жөнінде деректер кездесті. Бұларды дереу тоқтатып, қатаң түрде шара қолдануға ОГПУ жоғарыдан тапсырма берген. Хат «өте құпия» деп жазылған.

1926-27 жылдары Торғай өңіріндегі Алаш Орда жасақтарын басқарған діни тұлғалар Ырғызға келіп, қайта-қайта кеңес өткізіп отырған. 1930 жылы орын алған көтерілістердің (Батбаққара, Торғай, Ырғыз, Қарақұм және т.б.) басшылары діни тұлғалар, бұрынғы Алаш Орда милициясының өкілдері болғаны белгілі. 1930 жылы қаңтар, ақпан айларында БК(б)П Ақтөбе округтік комитетінің жабық түрде өткен отырыстарында байларды, діни тұлғаларды түгелдей жоюға қатысты істер қаралған. Соның бірінде қабылданған шешім мынадай: «Особо обратить внимание опертроек районов, намеченных и сплошной коллективизаций наиболее тщательный и полный охват всех баев, кулаков и антисоветских элементов, имея в виду поголовное выселение этих элементов из районов сплошной коллективизациий…. о лицах духовного звания (муллы, попы и др. ) дать особые указания в инструкции…». Осындай қысым салдарынан үлкен көтерілістердің орын алғаны белгілі. Көтеріліс басшыларының барлығы дадіни адамдар, кешегі Алаш әскерінің өкілдері. 1930 жылы Әбдіғани Ырғыз, Шалқар және Қарабұтақ өңірінің діни адамдарымен бірге халық сотымен сотталған. Оларды соттан кейін Ақтөбе қаласына жіберген. Қаладағы еңбекпен түзету лагерлерінде орын болмағандықтан, қолхатпен үйге босатылған. Торғай, Ырғыз жеріндегі ишандар бастаған көтерілістен кемі мыңның үстінде адам ұсталып, олардың көшбасшылары атылғаны белгілі.

Әбдіғани 1925 жылдар шамасында басқа елге кетіп, оқуын жалғастырғысы келеді. Осыны айтып рұқсат сұраған баласына әкесі Сары ишан: «Алда үлкен дүмпу бар, елдің жағдайы қиын болады. Елде бол, бұдан халық аман өтсе барарсың»,— деп жібермеген дейді. Кеңес билігі құрылған уақытта Сары ишан адамдарды елден кетпеуге үгіттеген. Ауыл жастарына: «Осы жерде болыңдар, мал бәріңе де жетеді. Малмен бірге өрістерің де кеңейеді, ертең ұрпақтарың өсіп-өнеді» — дейді екен. Бәлкім, большевиктердің елді еріксіз босқынға айналдырарын бұл кісілер күні бұрын сезген де болар?

НКВД құжаттарында Әбдіғанидың өзінде 200-дің үстінде қой, 40 сиыр, 15 түйе, 20 жылқы болғаны жазылады. Большевиктердің иесінен тартып алған малды қасақана аз қылып көрсететінін ескерсек, бұл кісілерде мал көбірек болған секілді. Елге көмек беріп отырған ауқатты адамдар болған.
Мал-мүлкі тәркіленгеннен кейін бұл кісілер, кеңес үкіметінің астық дайындау науқанына қарсы болды деген жаламен тағы қудаланады. Әбдіғанидің өзі 1930 жылы халық сотымен сотталып, алдымен Ақтөбеде, кейін Шалқардың ауылдарында жүрген. 1930 жылы жер-жерлерде кеңес үкіметінің саясатына қарсылық күшейіп кеткен соң жоғарыдан байлардың мүлкін қайта тәркілеуге тапсырмалар түседі. Осы жолы Әбдіғанидың үйіндегі мүлкін қайта тәркілеуге келген адамдарға әйелі Балажан әже, қолында бар алтын, күміс бұйымдарын беріп, ал күйеуінің қылышы мен мөрін жасырып алып қалыпты. Әбдіғанидың қылышы жасырылған жер Қотыртас деп аталады. Бірақ артынан әжеміз қылышты жасырған жерінен таба алмай қалады. Тек 1970 жылы ауылдың көлік жүргізушілері әлгі қылышты тастың ішінен тауып алып, Әбдіғанидың баласы Алданберген атамызға әкеліп табыстаған екен. Қылыштың ұрпақтарына оралуының өзі — бөлек әңгіме, бөлек жазылатын тарих.

1931 жылы Сары ишан бабамыз Тәуіп жақтан аштықтан босқан елмен бірге Қарақалпақстанға қарай кетіп, 1933 жылы Қарабұтаққа қайтып келген. Аштықтан аман қалған халықтың бір бөлігін өзімен бірге ертіп әкелген.Елге оралған соң бір жылдай Қарабұтаққа жақын Қарашоқыда тұрған.

Бай мен молдаларға жасалып отырған адам төзгісіз қысымға қарамастан, Сары ишан сияқты үлкен кісілердің халықпен бірге жүруі тегін емес. Жолда қайтыс болған кісілерді сол маңайда кездескенқорымдарға жерлеп, аман қалғанын, әсіресе жетім балаларды далаға тастамай, елге алып келген. Жейтін тамақ, киетін киім таба алмай бас сауғалап босқан адамдардың тірі қалғанының елге оралып, отбасы түтінін қайта түтетуіне себепкер болған осындай әулие кісілер екенін ұмытпау керек. Олардыңқандай қиындыққа да төзуіне, табандылығына келсек, бұл«Большевиктер құрған билік түбі құлайды, уақыт бәрін емдейді, жоғалатқанын ұрпақ түгендейді. Әділдік түбі жеңеді. Сол кезге ұлттың абыройын арқалайтын біз» — деген түсініктен еді.
Қарақалпақстанға барған халықтың тірі қалғаны 1933 жылы елге қайтып келе бастаған. Мәселен, бірғана Ырғыз ауданына қатысты айтсақ, Ырғыздан Қарабұтаққа, содан кейін Қарақалпақстанға қарай босқан адамдар қайтадан сол ізбен елге оралыпты. Қарақалпақстаннан туған жеріне қайтып келген адамдардың жағдайы өте қиын екені, көптеген балалардың жетім қалғаны, ішіндегі үлкен кісілердің қолына түскенді айналасындағы адамдарға үлестіріп отырғаны мұрағат деректерінде жазылған. Жетім қалған балаларды балалар үйлері қабылдай алмай, босқынға айналған халыққа азық-түлік, киім-кешекпен көмек көрсетілмей жатқанын большевиктердің өздері де мойындаған. Құжатта былай делінген: «Иргизский район: за последнее время наряду с прикочевкой возврашенцев из соседных районов — Челкарского, частично Темирского и др., наблюдается наплыв с Каракалпакий идущих на прежние места жительства. Подавляющее большинство возврашенцев оседает в Карабутакской части района как более урожайной. Работы по устройству прикочевников районом почти не ведется, даже отсутствует учет; последние устрайваются стихино — сами, при чем жилпомещениями, одеждой по состоянию на 20/Х — большинство не обеспечены, для обеспечения прикочевавших и нуждаюшихся в хлеб хозяйств требуется продпомощи 12 000 пудов. В данное время возврашенцы живут за счет сбора… Особенно плохо дело обстоит с детской безпризорностью, борьба с которой организована недостаточно. Всего учтено безпризорников около 600 человек, часть которых размешена вприметивных детдомах».

Кеңес үкіметінің аштықтан өлген, сталиндік саясаттың кесірінен босқынға ұшыраған адамдардың санын жасырып қалу үшін нақты санын емес, қожалық деп көрсеткенін де ескеру керек. Бір қожалықта неше отбасы, әр отбасында қанша адам болғаны тағы белгісіз. 1931 жылы бір ғана Ырғыздан кеткен 1000 қожалықтан, бір ауданның өзінен еріксіз босқынға айналған адам санының аз болмағанын көресіз.
Сары ишан аштықтың салдарынан босқынға айналған елмен бірге жүріп, аман қалғанын ауылға алып келген соң Қарабұтақтың Қарашоқы деген жерінде бір жылдай отырып, 1934 жылы қайтыс болады. Қайтыс боларының алдында баласы Әбдіғаниға өзін Қарабұтақтағы Ырғыз өзені аңғарындағы Жарөткел деген жерге қоюды тапсырады. «Осы жерде бір жақсы адам жатыр, мені сол жерге қойыңдар. Ертең бұл жерге үлкен ауыл түсіп, қасынан керуен жол өтеді» — деп айтып кетеді. Сары ишан бабамыз қайтыс болғаннан кейін баласы Әбдіғани, қасындағы кісілер әкесінің өсиетінде айтып кеткен жерге қойып, әулиеге барынша қызмет қылады. Әбдіғанидің өзі 1937 жылға дейін бейітінің қасындағы Жарөткелде киіз үй тігіп отырған. Сары ишанның бейітін саман кірпіштен өзі тұрғызып кетеді. Бейітті салып болғаннан кейін «бұл кірпіш қанша уақытқа дейін тұрады» деп сұраған кісілерге, Әбдіғани: «Бұл саман кірпіш 60-70 жылға барады. Әрмен қарай ұрпақтың өзі шешеді» — деп, қысқа жауап қайырған көрінеді. Содан кейін әкесі Сары ишанның жанына анасы мен әйелін жерлеуді өсиет еткен дейді. 1937 жылы ұлт зиялылары жаппай ұсталып жатқан кезде Әбдіғаниға түнде арнайы адамдар келіп, жақын ауылдағы кісілердің (молдалардың) ұсталып жатқанын айтып, басқа жаққа кетуіне кеңес береді. «Түйе арбамен Шалқарға жеткізіп тастаймыз, әрмен қарай Ташкентке кетесің» дегенге, «ешқайда да кетпеймін, не болса да елмен бірге көремін» депті. Түн ішінде келіп тұрған адамның түйе арбасынаүлкен баласы Абдолланы мінгізіп Шалқарға жібереді. Абдоллаға кетерінде кітабын, басқа да заттарын аманат етіп тапсырған. Әбдіғанидың өзі кетпей, үлкен баласын басқа жаққа жіберуі ертең «оны да ұстап кетеді» деген қауіптен болса керек. Соған қарағанда, Абдолланың да діни білімі болғанға ұқсайды. 1937 жылы талай қазақтың жастары байдың, молданың баласы болып, ел ісіне араласқаны үшін әкесімен, туысымен бірге сталиндік репрессияға ұшырағаны белгілі. Абдолла Ташкентке барған соң елде қалған інілеріне сол жақта орналасқанын, ер балалы болғанын, оның есімін Әлқайдар деп қойғанын айтып хат жазған. Бірақ өзі 1941 жылы соғысқа кетіп, содан оралмаған. Әбдіғанидың басқа балалары осы жақта қалған. Абдолланың өзі соғыстан келмеген соң оның балаларын туыстары 1958 жылы елге қайтарып алған. Қазір Абдолланың ұрпақтары да Әбіғанидың басқа балаларынан тараған ұрпақтарымен бірге осы жақта тұрып жатыр.
Сары ишан сияқты әулие адамдар үшін халық, ел үлкен аманат саналғаны белгілі. Ұлтқа қызмет етуді қасиетті істің бірі деп қабылдаған. Қиналып жатқан халықты далада қалдыру ешкімге абырой бермейді. Елдің абыройы үшін олар жеке басын қауіп-қатерге де тігіп отырған. Мұны да осы тұлғаларымызға тән үлкен қасиет деп айтсақ артық емес. Сары ишан бабамыздың осындай ерекше қасиеттерін баласы түгіл немерелері де сақтап келгенін ескеру керек. Әбдіғанидың әйелі Балажан әжеміз Сары ишан баба өзінің күйеуі Әбдіғани атамыз дүниеден өтсе де, буыны әлі қатая қоймаған балаларына Әбубәкір Кердерінің өлеңдерін, көптеген тарихи жырларды үйреткен. Әбдіғанидың ұлдары өле-өлгенше осы жырларды жатқа айтып отырған. Сары ишанның немерелері, Әбдіғанидың балаларына тән екінші бір қасиет — балаларына ешкімді жамандамайды және біреуге біреуді жамандатпайды екен. Біреу келіп ренжіген адамын жамандаса, оның ойын дұрыс бағытқа салып жібереді. Мұны да әулие бабамыздың отбасындағы дәстүрге тән ерекшелік, үлкен өнеге десек артық емес. Себебі адамға әулиелік қасиет жеке басы үшін емес, халық, адамзат игілігі үшін беріледі.
Сары ишан қайтыс болғаннан кейін баласы Әбдіғани және басқа да молда кісілер Қарашоқының Қызылбай деген жерінде киіз үй тігіп, ақтық сапарға шығарып салады. Әулиені ең соңғы ақтық сапарға шығарып салған жердің ізі әлі күнге дейін бар көрінеді. Бір жылдары осы жердің шөбі өртенген, сол кезде әулие бабамызды ақырғы сапарға шығарып салу үшін тігілген киіз үйдің орнына келгенде өрт өзімен өзі тоқтап, сөнген деседі. Осындай қасиетімен, рухымен ел жадында қалған тұлғаны қадірлеу, рухани тағылымын ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз.

1937 жылы осы Жарөткелде отырған жерінен Әбдіғани атамызды НКВД қызметкерлері алып кеткеннен кейін ол әйелі Балажан әжемізге: «Менің осы кеткенім кеткен, енді үйге оралмаймын. Қотыртасқа көшіңдер. Сол жерде бол, балаларды жеткізу саған аманат» — деп қысқа ғана қайырып, хат жазып жібереді. Қотыртас — Балажан әжеміздің туып-өскен жері. Осы Әбдіғани атамыз өскен Ыскөлге жақын. Күйеуінің соңғы аманаты бойынша балаларын өсіріп-жеткізу үшін Балажан әжеміз өмір бойы сол жерде тұрған көрінеді. Өзі 1968 жылы қайтыс болған, бейіті де туған жері Қотыртаста, Ырғыз өзенінің арғы бетінде. «Әжеміз өте қайратты, жылуы мол адам болды,— дейді немерелері, — сол кісінің қайраты мен қайсар мінезінің арқасында атамыздың көптеген аманаты орындалды. Бабамыздың да, атамыздың да бірқатар заттары сақталды».
Сары ишан бабамыздың тағылымы, әулиелік қасиеті жөнінде әлі де ұзақ айтуға болады. Кеңес үкіметі жүргізген саясаттың зардабын көргеннен де болар, біздің де әжеміз бала кезімізде ашаршылық уақыты, Сары ишан жөнінде көп айтатын. Колхоздың малын Сары ишанның мешітіне қамағанын 1990 жылдардың басында, ес білген кезімізде,үлкендерден естідік. Олардың айтқан бағытымен мұрағат қорларындағы деректерді қарап, көптеген тарихи шындыққа көз жеткізіп отырмыз. Сары ишан және онымен замандас болған діни тұлғалардың тарихта алатын орны кешенді түрде зерттелуі қажет. Бұл кісілердің әулиелік қасиетінің өзі терең, оны тарихи негізде зерделеу — бір бөлек жұмыс. Ал алған білімі, ел ішінде атқарған істері, ұрпақты білімге бағыттаудағы еңбегінің өзі — үлкен тарих. Ол да арнайы зерттеуді қажет етеді. Сары ишанның Қожа Ахмет Йассауи медресесінен білім алып, осы жаққа келуінің өзі кездейсоқтық емес. Оның артында үлкен рухани тұлғалар тұр. Мұны да ескеру керек. Ал оның баласы Әбдіғанидың да өз уақытында қазақ зиялыларының қатарында елге қызмет етуі — бөлек тақырып. Оның оқуы мен қызметіне қатысты деректердің мұрағаттарда жатқаны анық.

Ал ең ескеретін мәселе — Сары ишан ұстаған мешіттердің орнын мемлекет қорғауына алу керек. Сондай-ақ осы маңдағы ашаршылық құрбандары жерленген орындар да қоршалуы қажет. Ондай киелі жерлердіқараусыз қалдыру — елдігімізге сын.

Үмбетқан СӘРСЕМБИН, 
философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

 

//aqtobegazeti.kz/