Воскресенье, Апрель 21, 2024
Басты > Жаңалықтар > Танымал суретшінің Қазақстандағы алғашқы көрмесі университетте өтті

Танымал суретшінің Қазақстандағы алғашқы көрмесі университетте өтті

Бүгін Жұбанов университетінде танымал ресейлік графикалық суретші Павел Пичугиннің жеке көрмесінің ашылуы өтті.
Көрмеге графика, леногравюра, офорт техникасында орындалған суретшінің 80-ге жуық туындысы қойылды.

— Бұл менің Қазақстанда өткізіп жатқан алғашқы жеке көрмем. Негізі туған жерім Павлодар қаласы, Қазақстанның тумасымын. Жеке көрмемді туған қаламда өткізу ойымда жүрген болатын. Бірақ Ақтөбеде Жұбанов университеті базасында өткізу бұйырыпты. Өте қуаныштымын. Көрмемде тек экслибрис ғана емес, станокта орындалған түстік графикалық және леногравюралық жұмыстар да бар. Көрме көпшіліктің көңілінен шығады деген сенімдемін, — дейді Павел Пичугин.

Көрме кураторы, танымал экслибрист, өнертану профессоры, суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина элиталық өнерге жататын экслибрис және графика көрмесін тамашалап, әлемге танымал суретшілерден дәріс алу студенттерге берілген үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

Айта кетейік, ресейлік қылқалам шебері Жұбанов университетіне халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша келген болатын. А.И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Павел Пичугин екі аптаға жуық уақыт бойы кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізді.

Ақтөбеліктер мен қала қонақтары ресейлік суретшінің ерекше туындыларын Жұбанов университетінің Студенттер сарайында ақпан айына дейін тамашалай алады.