Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Білім > “4-7-20” – болашақ педагогтерге жаңа мүмкіндік

“4-7-20” – болашақ педагогтерге жаңа мүмкіндік

Бүгін Жұбанов университетінде Aqbobek халықаралық мектебінің өкілдері болашақ педагогтермен кездесіп, «4-7-20» бағдарламасын таныстырды.

Жиында Aqbobek халықаралық мектебінің директоры Дәулет Боранғали бұл қарапайым тәжірибеден өту емес, өңірдегі жас мамандарды қолдауға арналған жоба екенін атап өтті.

Жобаның авторы, білім беру саласындағы эксперт, инноватор-коуч Салтанат Ахметова бағдарламаны құру идеясы қайдан шықты, бұл жоба жас мамандарға қандай бағыт-бағдар береді, тиімділігі неде деген мәселелер төңірегінде баяндады.
Салтанат Ахметованың айтуынша, «4-7-20» бағдарламасының негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасындағы жас педагогтерге кәсіби қолдау көрсету. Жоба экономикалық ынтымақтастықты дамыту ұйымы белгілеген 7 критерий бойынша 20 білім алушыға Халықаралық мектептер кеңесінің «Оқыту және оқу» стандартына сай кәсіби дағдыларды үйретуге бағытталады. Оқу жоспары бойынша «Тиімді оқу мен оқыту», «Сандық сауаттылықты арттыру», «Ағылшын тілін үйрету», «Психологиялық тренингтер», «Фитнес сабақтары» және «SOFT SKILLS» тьюторлық шеберханасында аудиторлық оқыту сабақтары жоспарланған.

Бағдарламаға педагогикалық білім бағдарламасы бойынша білім алып жатқан университеттің 3-4 курс студенттері тәжірибеден өту барысында тегін қатыса алады.