Среда, Май 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Әбдіжәлел Бәкір студенттерге Амангелді Айталының ғылыми мұрасы жайында дәріс оқыды

Әбдіжәлел Бәкір студенттерге Амангелді Айталының ғылыми мұрасы жайында дәріс оқыды

Жұбанов университетінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыны еске алуға арналған іс-шаралар өтуде. Ғалымның ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған конференцияға еліміздің аймақтарынан мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар келуде. Олардың қатарында ұстаз, ғалым, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір де бар.

Бүгін профессор Жұбанов университетінің студенттерімен кездесіп, Амангелді Айталының өмір жолы, ғылыми мұрасы жайында дәріс оқыды.
Әбдіжәлел Бәкір Қазақстан Республикасы Парламентіне депутат болып қызмет атқарған кездерде Амангелді Айталымен бір бағытта, бір мүддені көздей отырып, көптеген өзекті мәселелердің шешімін табуға өз үлестерін қосқандығын еске алды.
— Қазір ұлт мәселесіне қалам тартып жүрген ғалым, зерттеушілер көп деп айта алмаймын. Біз де солардың біреуіміз. Алайда Амангелді Айталының бұл мәселеге өз стилі, өзіндік ерекшелігі бар. Шындықты қаншалықты ашық айтса да, майдан қыл тартқандай шеберлікпен айтады, нәзік жазады. Осы ұстанымынан Әбекеңнің азаматтық бейнесі де , ұлтын сүйер шынайы ұлтшылдығы да айқын көрінетін, -дейді ғалым.

Тіл мәселесі, саясат, Алаш қозғалысы тақырыптарында қалам тербеп жүрген ғалымға студенттер көкейде жүрген сұрақтарын қойды.