Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тәуелсіздік бастауы — желтоқсан

Тәуелсіздік бастауы — желтоқсан

Жиын

«Тұғыры биік — Тәуелсіздік». Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Мәңгілік ел конференц-залында өткен жиын осылай аталды. Дөңгелек үстелге университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Алдымен сөз алған университет проректоры Есбол Мұханбетқалиев Тәуелсіздік күні мерекесінің маңызы туралы айтып, жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтады. Бұдан кейін тарих және дінтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев «Желтоқсан — тәуелсіздік бастауы» тақырыбында баяндама оқыды. — Тәуелсіздік — біздің баға жетпес, басты құндылығымыз. Тұрақтылық пен татулық салтанат құрған қоғам тәуелсіздіктің тұғырын одан әрі бекіте түседі. Тәуелсіздіктің 32 жылдық тарихында қазақ елі елеулі жетістіктерге жетті. Төл валюта — теңгесін қолданысқа енгізді. Шекарасын шегендеді. Айбынды әскерін құрды. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Әлем елдерімен қарым-қатынас орнатты, — деді Нұртаза Абдоллаев. Шара барысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиевтің баяндамасы тыңдалды. Ақтөбе қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Гүлайым Жанғалиева Желтоқсан оқиғасының куәгері болғанын айтып, естеліктермен бөлісті. Ол 1986 жылы Желтоқсанда ұлт мүддесін ойлаған жастар тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, Тәуелсіздікке жол ашып бергенін айтты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

//aqtobegazeti.kz/