Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті Қытайдың Солтүстік-Шығыс мұнай университетімен мұнай саласындағы зерттеу орталығын ашу мүмкіндігін талқылады

Жұбанов университеті Қытайдың Солтүстік-Шығыс мұнай университетімен мұнай саласындағы зерттеу орталығын ашу мүмкіндігін талқылады

Бүгін Жұбанов университетінің басшылығы Қытай Халық Республикасы Солтүстік-Шығыс мұнай университеті және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының өкілдерімен ғылыми негізге бағытталған кездесу өткізді.

Кездесуде Солтүстік-Шығыс мұнай университеті партком комитетінің хатшысы Фу Сяофэй және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфэнь университет Басқарма төрағасы-Ректор Лаура Қарабасовамен алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ректор меймандарға университет тарихын қысқаша таныстырып, Қытай халық Республикасы жоғары оқу орындарымен университетте маңызды серіктестіктер орнатылғанын атап өтті.

— Қытай Халық Республикасы — еліміз үшін жан-жақты стратегиялық әріптестік, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты көршілес елдердің бірі. Синьцзян қаржы-экономикалық университетімен 10 жылдан астам уақыт тығыз байланыстамыз. Пекин мұнай университеті және Пекин технологиялық университеті басшылығымен екіжақты студенттер алмасу және мобилділікті арттыру жөніндегі маңызды келісімге қол жеткіздік. Солтүстік-Шығыс мұнай университетімен бірлесіп мұнай саласындағы ғылыми зерттеулер орталығын құруды жоспарлап отырмыз,- деді оқу орнының басшысы.

Өз кезегінде Солтүстік-Шығыс мұнай университеті партком комитетінің хатшысы Фу Сяофэй оқу орны мұнай-инженерия саласында негізгі 15 бағыт бойынша мамандар даярлайтын Қытайдағы көне университеттердің бірі екенін айтты. Фу Сяофэй мырза негізі келудегі мақсатына тоқталып, екі университет арасында ғылыми-зерттеу бағытында нақты нәтиже беретін жобаларды бастауға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар кездесуде екі тарап 2+2 және 3+1 оқыту бағдарламалары жүйесі, студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз ету, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына және өңірге қажетті кадр мамандарды бірлесе дайындау, оқытушыларды кәсіби және ғылыми тағылымдамаға жіберу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.