Понедельник, Май 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті ардагер ұстаз Зәкіратдин Байдосовты 90 жылдық мерейтойымен құттықтады

Жұбанов университеті ардагер ұстаз Зәкіратдин Байдосовты 90 жылдық мерейтойымен құттықтады

Бүгін Жұбанов университетінде өткен Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіратдин Байдосовтың 90 жылдық мерейтойына арналды. Жиынға Астана, Алматы, Атырау қалаларынан келген ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ақтөбе облысының зиялы қауым өкілдері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, жақындары және университеттің профессор-оқытушылары қатысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова ардагер ұстаз, тарихшы ғалым, қоғам қайраткері Зәкіратдин Байдосовтың ғылыми мұрасы, қоғамға еткен еңбегі, мемлекеттік қызметі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Кеңейтілген мәжілісте профессордың өмірбаяны және қызмет жолы жайында баяндамалар жасалып, бейнебаян көрсетілді.

Профессор Жұбанов университетінде 30 жылға жуық уақыт оқытушы, аға оқытушы, тарих факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Ғалым Ақтөбе облысының тарихына байланысты бұрын-соңды зерттеліп жария болмаған мұрағаттық деректерді, тың мәселелерді бірінші ғылыми айналымға салған. Оның «Ақтөбе облысының тарихынан», «Ту ұстап, тарлан мінген тархан», «Ақтөбе мұнайы: өткені мен бүгінгісі», «Үш ғасыр перзенттері», төрт томнан тұратын «Зұлмат пен үрей: зобалаң анатомиясы»,
«Қаражігіт» тағы басқа еңбектері мен мақалалары тынбастан жүргізген ғылыми-зерттеу істерінің жемісі.

Зәкіратдин Байдосов «Парасат» орденінің иегері, Ақтөбе облысының жыл адамы, Ақтөбе қаласының, Шалқар, Темір және Қобда аудандарының Құрметті азаматы.