Среда, Май 22, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде “Қысқы зерттеу мектебі-2024” жобасы басталды

Жұбанов университетінде “Қысқы зерттеу мектебі-2024” жобасы басталды

Қ.Жұбанов  атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде оқытушылардың біліктілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасу мақсатында 8-12 қаңтар аралығында «Қысқы зерттеу мектебі-2024» жобасы өтеді.

Аталған жобаға оқу орнындағы 100-ге жуық оқытушы қатысуда. Жоба аясында оқытушылар ғылыми-зерттеу әдістерін игеріп, өзара тәжірибе алмасатын болады.

Жобаны ұйымдастырушылардың қатарында жүрген Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ербол Шабанов шараның маңыздылығына тоқталды.

—  Биылғы «Қысқы мектеп» жобасы ғылыми-зерттеуге бағытталып отыр. Жас ғалымдар үшін ғылыми-зерттеу жоспарын әзірлеу, шетелдік басылымдарға ғылыми мақалалар жариялау және гранттық жобаларға өтініш беру жолдарын үйрену маңызды. Бір аптаға жуық уақыт бойы университеттің білікті мамандары қатысушыларға аталған тақырыптарда дәрістер өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі. Бұл жаңа дағдыларды игеру әріптестерім үшін пайдалы болады деп сенемін, — дейді.

Қысқы зерттеу мектебі аясында спикерлер ғылыми гранттық қаржыландыру жобаларына өтінім беру, халықаралық рецензияланған журналдарға мақаланы жүктеу және оны сүйемелдеу жолдарындағы кедергілер, топтық зерттеуді ұйымдастырудағы ұжымдық қарым-қатынасты қалыптастыру, ғылыми жобаларды коммерцияландыру, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына өтінім беру тағы да басқа өзекті тақырыптарында форсайт сессия және воркшоптар өткізеді. Сонымен қатар «Денсаулық және салауаттылық» орталығының жетекшісі Анна Гнидиенко қатысушыларға психологиялық тренингтер ұйымдастырады.