Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің жатақханасы жаңа орындармен толықты

Жұбанов университетінің жатақханасы жаңа орындармен толықты

Бүгін жатақхананың ресми ашылу рәсімі өтті. Жиынға «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов, университет ректоры Лаура Қарабасова және профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.

Лаура Қарабасова алдағы уақытта екі деңгейлі төсектерді алдыртып, орын санын әлі де ұлғайту жоспарда бар екенін атап өтті.

«Жыл сайын еліміздің басқа өңірлерінен келетін студенттер санының артуына байланысты жатақханалардағы төсек орындарды кезең-кезеңімен көбейтетін боламыз. Биыл да осындай мақсатта өз күшімізбен, университет қаржысына, шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің көмегімен қосымша 92 орынды жасақтадық. Жатақхана бөлмелерінің қабырғаларын, төбесін сырлап, линолеумдарын, сантехникалық жабдықтарын, асүйдегі, жуынатын бөлмедегі, душтардағы фарфор плиткаларын, электр кабельдерін, терезе перделерін барлығын заманауи талаптарға сай жаңарттық», — дейді оқу орнының басшысы.

Айта кетейік, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттер қатары жылдан жылға басқа өңірлерден келетін студенттермен толығып отыр. Осыған орай университетте жатақханадағы орын санын кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде көбейту жүзеге асып келеді.

Биыл оқу орнының №1 жатақханасы жөндеу жұмыстарынан кейін 92 төсек орынмен толықты. Бұрын басқа нысанда пайдаланылып келген жалпы ауданы 507 шаршы метрді құрайтын 3 қабатты ғимарат студенттерге жатын орынға берілді.

Еске сала кетейік, Жұбанов университетінде 4 жатақхана бар. Әрбір жатақхана 500-700 адамға арналған. Жатақханалардың барлығында кітапхана және спорт залдары, ас үй, буфет, жеке гигиенаға арналған бөлмелер бар. Аула аумағында спорт алаңдары орналасқан. Жыл сайын жатақхана ғимараттарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.