Среда, Май 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ботагоз Керимбаева: Шетел тілдерін жетік меңгеру барлық ғылым саласына жол ашады

Ботагоз Керимбаева: Шетел тілдерін жетік меңгеру барлық ғылым саласына жол ашады

Жаһандану заманында тіл білу басты шарттың бірі. Шет тілдерін жетік меңгеру карьералық өсу мен өмірлік жетістіктерге бастайтын шамшырақ десе де болады. Сондықтан болар жастардың шетел тілдерін оқып, маман болуға деген қызығушылығы уақыт сайын артуда. 2023-2024 оқу жылында Zhubanov University филология факультеті құрылымына қосылғанына біраз жылдар өткен шетел тілдері факультеті жеке факультет болып, қайта құрылды. Деканы болып ​ Ph.D., қауымдастырылған профессор Керимбаева Ботагоз Талгатовна тағайындалды.

Ботагоз Керимбаева үшін 2023 жыл үлкен мүмкіндіктер жылы болғаны белгілі. Ол өткен жазда Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Америка Құрама Штаты, The George Washington University, Institute for European, Russian, and Eurasian Studies, Elliott School of International Affair-дегі 1 жылдық ғылыми тағылымдамасын сәтті аяқтап, елге оралды.​

Декандық қызметімен қатар қазір ҚР БҒМ Жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсында жеңіп алған «Болашақ мұғалімнің желілік коммуникативті мәдениеті – жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын қалыптастырудың кілті» ғылыми жобасына жетекшілік жасауда.

70-тен астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде: 2 монографияның, 3 авторлық куәлігінің, 3 оқу құралының, Scopus деректер базасындағы басылымдардағы 7 мақаланың, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым комитетінің тізіміне енгізілген журналдардағы 36 мақаланың авторы. Қазақстан,​ РИНЦ басылымдарында 5 мақала, шетелдік және отандық конференция материалдары жинағында​ 20 мақаласы басылған. h-индекс-4.

Ботагоз Керимбаевамен жыл аяғында жүздесіп, жаңартылған факультеттің жаңа қадамдары жайлы әңгімелестік.
Интервью авторы Гүлнара Дауылбайқызы.

Happy New Year, Ботагоз Талгатовна, Жаңа жыл мерекесі сіз үшін маңызды ма? Қалай қарсы аласыз? Қандай жылы естеліктеріңіз бар?

-Саламатсыздар ма!​ Келіп жеткен 2024 Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!. Жаңа жылда жағымды жаңалықтар мен толағай табыстар мол болсын! Жаңа жыл​ әрбір адам үшін маңызды деп санаймын. Жаңа жыл жаңа бастауларға, жаңа идеялар мен жетістіктерге жетелейді. Сонымен қатар жаңа жыл өткен кезеңдерге есеп беріп, қандай кемшіліктер болды, қандай табыстарға жеттік, алда қандай стратегиялық жоспарлар жасау қажет екендігін және осы жоспарлардан үлкен үміт күттіретін кезең десек те болады. 2023 жыл біздің факультет үшін жақсы жыл болды. Көптеген табыстарға жеттік. Айта кететін болсақ, оқытушыларымыз «Болашақ» бағдарламасы аясында стипендия иегерлері атанды, профессор-оқытушылар құрамы ғылыми жобалармен айналысып жатыр, Торонто университетінен (Канада) 1 айға дәріс оқуға профессор Стефан Арнольд Бари (Stephen Bahry) және Маршалл университетінен (АҚШ) English Language Fellow Кей Брэдли (Kae Bradley) бір жылға тәжірибе алмасуға келді, студенттеріміз алдыңғы қатарлы ғылыми және қоғамдық іс-шараларға қатысып, университетішілік «Studlife 4» жобасында «Ең үздік жанкүйер» және «Ең ерекше факультет» номинацияларын иеленді, факультет мәртебесін көтеру мақсатында факультетаралық түрлі интеллектуалды ойындарға қатысып, 1- орындарды иеленді.

Шетел тілдері факультеті биыл қайта құрылды. Демек бұл өңірде тіл мамандарына сұраныстың жоғарылағанын білдіре ме?

-2023-2024 оқу жылынан бастап Шетел тілдері факультеті қайта құрылды. Оның бірінші себебі білім алушылар санының көбеюі, биылғы жылы 493 студент бірінші курсқа қабылданды, бұл жоғары көрсеткіш. Жалпы білім алушылардың саны 1516. Бір ғана айтатын мысал, Шетел тілі: екі шетел тілі білім беру бағдарламасының өзінде 2023-2024 оқу жылында 10 топ құрылды. Факультет бойынша жалпы білім беру бағдарламаларының саны-8, оның ішінде 4 білім беру бағдарламасы бакалавриат, 3 білім беру беру бағдарламасы магистратура және 1 білім беру бағдарламасы докторантура бойынша. Барлық білім беру бағдарламалары аккредиттеуден өткен, демек сапаның жоғарылығын көрсетеді.
Екінші себебі, өңірде шетел тілі мамандарына сұраныстың өте жоғары болуына орай университеттің​ шетел тілдерін меңгерген мамандарды даярлауға баса назар аударуына байланысты.
Батыс өңірі мұнай өндіру жағынан алдыңғы қатардағы аймақ болғандықтан бірнеше тілді меңгерген мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие. Бітіруші студент бірнеше тілді меңгеріп шығады: ағылшын, қытай, неміс тілдерін. Бітіруші студент жалпы білім беретін және орта кәсіптік білім беретін ұйымдарда, аударма​ орталықтарында, ірі компанияларда, ғылыми-зерттеу институттарында, телеарналарда, баспаларда жұмысқа орналаса алады.

-Жалпы алғанда шетел тілдері факультетінің профессор-оқытушылар құрамы ішінде өте тәжірибелі мамандар көп. Олардың біршамасы егде жаста. Кейбірі зейнеттік демалысқа кетті. Олар базалық білім беру технологиясын кейінгі буынға үйрете ме? Әлде тәжірибе алмасу ескі уақыт үлесінде қалды ма? Мүмкін керісінше көп жылғы тәжірибесі бар оқытушылар жас оқытушылардың оқыту технологиясына қызыға ма?

-Әрине біздің факультетте тәжірибелі мамандар өте көп. Оқытушылық қызметті атқару барысында біз міндетті түрде біліктілігімізді арттырып жүреміз. Факультет бойынша барлық профессор-оқытушылар құрамы біліктілік курстарынан өткен. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 6 оқытушы тағылымдаманың жеңімпаздары, мысалы, өзім АҚШ –да 1 жылдық тағылымдаманы бітіріп келдім, 2 оқытушы Мухтарова С.С., Жумагул Д.К., АҚШ –да тағылымдамадан өтіп жатыр, Сулейменова З.Е., Садыкова С.А., Махсұтова А.Д. АҚШ–да тағылымдамадан өтеді және 1 оқытушы Аекенова Р.М. магистратура бойынша «Болашақ» бағдарламасын бітірді.
Зейнеттік демалыстағы оқытушыларды біз жиі шақырып тұрамыз, себебі тарихи сабақтастық негізінде үлкендеріміз жас буынға тек оқу жетістіктері мен ерекшеліктерін емес, сонымен қатар тәрбие, ақыл-кеңес береді.
Тәжірибе алмасу бойынша тек отандық емес, шет елден профессорларды шақыртамыз, университет ол жағынан үлкен мүмкіндіктерін ұсынады. Биылғы жылы біздің факультетке Торонто университетінен (Канада) 1 айға дәріс оқуға профессор Стефан Арнольд Бари (Stephen Bahry) және English Language Fellow Кей Брэдли 1 жылға тәжірибе алмасуға келді, сонымен қатар, онлайн режимінде Токат университетінен (Түркия) профессор Угур Ада дәріс береді.
Факультет оқытушылары өңірдегі мектептерге барып, өздерінің тәжірибелерімен бөліседі.​ Мысалы, 2023 жылдың 5 қарашасында М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған лицей-интернатында ағылшын және неміс тілдері кафедрасының оқытушысы Бауыржан Н.Б. ұйымдастыруымен мектептердің ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған «Ағылшын тілін оқытудағы коучинг технологиялары» атты семинар-практикум өткізді. Семинардың спикерлері арасында жас мамандар мен тәжірибелі Ph.D. докторлары болды, соның ішінде Байтуғанова А.А. (магистр) «Коммуникативтік тәсіл әдісі арқылы мектептерде ағылшын тілін оқыту», Мұхтарова С.С. (Ph.D.) «Оқытуды жақсарту үшін E-Learning платформаларын пайдалану», Кузембаева Г.А. (Ph.D.) «Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік ету» атты тақырыптарда семинарлар өткізді. Ағылшын тілінің маманы Кей Брэдли мен Баядилова-Алтыбаева А.Б. әр түрлі жастағы оқушыларға қолдануға болатын әдістерді суреттеп, тәжірибе жүзінде көрсетті.
Қараша айында Ағылшын және неміс тілдері кафедрасының филиалы №4 Хромтау орта мектебінде «Үздік мектеп — инновациялық алаңы» атты аудандық Ашық есік күні ұйымдастырылып, кафедра оқытушылары Кей Бредли, Баядилова-Алтыбаева Айнур Бактыгалиевна, Бауыржан Нурханым Бауыржанқызы қонақ есебінде шақыртылып, тәжірибелік тренинг-семинар өткізді. Кафедра филиалымен әдістемелік семинар барысында Хромтау ауданы бойынша ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған воркшоптар, ашық сабақтар мен сыныптан тыс жұмыстар өткізілді. Ағылшын тілі маманы Мисс Кей Бредли өткізген «Five senses» тақырыбындағы воркшоп өтті.
Желтоқсан айында Кей Брэдли, Баядилова-Алтыбаева Айнұр Бақтығалиевна, Бауыржан Нурханым Бауыржанқызы М.Әлімбаев атындағы №25 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне арнайы әзірленген біліктілікті арттыру семинарын өткізді. Семинардың басты мақсаты 4С дағдыларын жетілдіру болды: ынтымақтастық, коммуникация, сыни тұрғыдан ойлау және шығармашылық.

Шетел тілдері мамандықтарына деген талапкерлер назарының күрт өсуі не себеппен байланысты деп ойлайсыз? Мамандық алғасын мансаптық өсудің жаңа жолдары шықты ма?

-Әрине шетел тілдерін жетік меңгеру барлық ғылым саласына жол ашады. Шетел тілі мамандарының мансаптық өсуінің ең басты себептерінің бірі еңбек нарығындағы «бағаның» өсуі, қосымша мүмкіндіктер мен табыс көзі. Соңғы жылдарда шетел тілдері мамандықтарын бітірген білімгерлердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері жақсы. Бұл дегеніміз мамандықтың сұраныста екенін көрсетеді. Сонымен қатар, негізгі жұмыс орнымен қамтамасыз ететін мекемелер ретінде жалпы білім беретін және орта кәсіптік білім беретін ұйымдары, жергілікті жердегі ірі кәсіпорындар және өзге де шетелдік мекемелердің біздің түлектерге сұраныстарының артуы.

Шетел тілдері факультетінде де ғылыми-зерттеулермен айналысады деп ойлаймын. Негізінен қандай бағытта зерттеулер жүргізеді?

-Оқу, ғылым және тәрбие үшеуі ажырамас бөлік, біздің профессор-оқытушылар құрамы тек білім берумен, жастарды тәрбиелеумен ғана емес, сонымен қатар, ғылыммен айналысуға үлкен назар аударады. Қазіргі кезде факультет бойынша екі үлкен ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсы бойынша «Болашақ мұғалімнің желілік коммуникативті мәдениеті – жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын қалыптастырудың кілті» тақырыбындағы менің жобам және жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру бойынша Г.А.Кузембаеваның «Развитие научного потенциала молодых ученых региональных вузов Республики Казахстан: модель менторства» тақырыбындағы ғылыми жобасы.
ПОҚ құрамы жыл сайын ғылыми басылымдарда мақалалар жариялайды, монография және оқу құралдарын жарыққа шығарып жатады.

Алдағы уақытта факультеттің даму бағытына тоқталып өтсеңіз? Қандай нақты міндеттер қойып отырсыздар?

-Шетел тілдері факультеті 2023-2024 оқу жылында құрылғаннан бері қыркүйек айынан бастап, бірнеше жұмыстарды атқарып келеміз. Алдағы стратегиялық жоспарлар аясында біраз міндеттерді жоспарлап отырмыз. Басты мақсатымыз — бәсекеге қабілетті маман даярлау. Факультеттің 3 жылдық стратегиялық жоспары бекітілген, осы жоспарды негізге ала отырып, алдымызға сапалы білім беруді жетілдіре түсу, жаңа оқу технологияларын қолдану аясын кеңейту және т.б. міндеттер қойдық. Әрине барлық жоспарымыздың негізі еліміздің білім беру мен ғылым саласын дамытуға мол үлесімізді қосу деген ниетке негізделген. Жоспарларымыздың бәрі нәтижелі және тиімді жүзеге асады деген сенімдеміз.
Dear colleagues, may the coming year bring you the strength to overcome challenges, the courage to chase your dreams, and the love that enriches your life. Wishing you a fresh start with renewed energy and confidence throughout the New Year. May the upcoming year bring you professional success, personal growth, and a perfect work-life balance. Happy New Year, dear coleagues!

Zhubanov University облыстық газеті,

№12(492), желтоқсан, 2023 жыл.