Пятница, Сентябрь 13, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің ғалымдары АҚШ-та STEM бағытында оқыту әдістерін үйренді

Жұбанов университетінің ғалымдары АҚШ-та STEM бағытында оқыту әдістерін үйренді

АҚШ елшілігінің қолдауымен Халықаралық білім беру жөніндегі американдық кеңестеріне (American Councils for International Education) Пурдью (Purdue University) американдық жетекші зерттеу университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамы бірлескен жоба жоспарын тапсырып, 2023 жылы грант иегерлері тізіміне енген. Нәтижесінде, отандық университеттердің 40-тан астам профессор-оқытушылар құрамы біліктіліктерін арттырып, 120 сағаттық халықаралық сертификатқа ие болды.
Жобаның басты мақсаты – академиялық трансформация жолындағы STEM оқыту әдістерін жетілдіру («Leading Aacademic Transformation: Enhancing STEM instructional methods»). Жоба аясында университеттің STEM бағытындағы оқытушыларына Purdue University ұсынған онлайн және офлайн курстары өткізілді. Өткен жылғы маусым айында тәжірибелік курстарды Пурдью университетінің қауымдастырылған профессоры Пол Асунда (Paul Asunda) жүргізді. Жоба қатысушылары қазір Қазақстандағы STEM оқыту әдістері төңірегінде ғылыми мақала жазып жатыр.
АҚШ елшілігінің аталмыш гранттық жобасына Қазақстанның 30-дан астам жоғары оқу орындары өтінім беріп, жоба ұсынған. Олардың ішінде еліміздің 5 университеті грантқа ие болды. Елшілік ұсынған әр жобаның құны 24 мың АҚШ долларын құрайды. Мұндағы басты мақсат – АҚШ пен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайтып, ынтымақтастықты арттыру.
2023 жылдың қараша айында Жұбанов ғалымдары Пурдью Университетінде болды. Олар Технология және инновация факультетінде өткізілетін STEM сабақтарына қатысып, арнайы оқыту әдістерімен танысты.
АҚШ-та біліктіліктерін жетілдірген Жұбанов университетінің профессор-оқытушылар құрамы алдағы уақытта Пурдью университеті «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясындағы «500 ғалым» жобасы арқылы ғалымдарды тағылымдамадан өткізу мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтты.