«Қолданбалы математика және информатика мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми семинарда отандық және шетелдік математик-ғалымдар бас қосты. Сондай-ақ, Жұбанов университетінің профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Физика-математика факультетінің деканы Асқар Аймұқатов жаңа ғылыми жетістіктердің нәтижелерімен таныстыруда, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыруда семинардың маңызы үлкен екенін атап өтті.
Семинарда Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Турсун Юлдашев «Импульстік әсерлері бар параболалық теңдеу үшін аралас есеп», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымы, ҚР ҰҒА академигі Рыскул Ойнаров «Ғылыми және оқытушылық жұмыс тәжірибесі туралы» және Жұбанов университетінің оқытушысы, магистр Жайлан Туткушева «Бірнеше айнымалы функцияның глобалды минимумын жоғары дәлдікпен табудың тиімді әдісі» тақырыптарында мазмұнды баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар ғылыми жиынға жиналғандар қолданбалы математика және информатика мәселелері бойынша өзара тәжірибе алмасып, осы саладағы ғылыми жетістіктер туралы талқылады.