Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті алдында университеттік кітапхананы үлгілік кітапханаға айналдыру бойынша маңызды миссия тұрғаны белгілі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған «Жоғары оқу орындарының кітапханаларын 2022-2025 жылдарға арналған перспективалық дамыту» жобасына сәйкес Жұбанов университеті кітапхана трансформациясы жобасына бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, визуалды компонент, мысалы:
— ыңғайлы ашық залдар;
— ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктер;
—жаңа сөрелер, үстелдер (компьютер және оқу кабинеті), орындықтар, компьютерлік орындықтар, пуфтар мен банкеттер және т.б. жиһаздар жаңартылды. Сонымен қатар:
—кітапханаларда іс-шара ұйымдастыру кезінде бюрократиялық мәселелерді азайтатын бизнес-процестерді автоматтандыру бағдарламасы және іс-шаралардың онлайн күнтізбесі;
—смартфон қосымшасы арқылы кітапханадағы оқиғалардан хабардар болуға мүмкіндік беру арқылы бюджет қаражатын үнемдейтін (жылына 2 миллион теңгеден астам үнемдейді) онлайн кітапхана карталары;
—кітапханаларды тәулік бойы ашуға мүмкіндік беретін RFID технологияларын қамтамасыз ету процесі басталды.
Кітапхана директоры Еркін Тастанқұлов RFID технологияларының маңыздылығы мен тиімділігі туралы:
-Жұбанов университетінің кітапханасы 2023 жылға дейін еліміздегі 100-ге жуық университет кітапханалары секілді оқырмандарды кіріп-шығу есеп кітапшасы арқылы тіркеп, статистикалық көрсеткіштерді жүргізіп келді. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап университеттің 2 бірдей оқу ғимаратында орналасқан кітапханаларды автоматтандыру процесі басталды. Бөлінген қаражатты оптимизациялау арқылы 2 ғимаратқа бірдей есеп жүргізу қақпасы мен кітапханашы станциясы орнатылды. 3 оқу залы жаңа жиһаздармен жабдықталды, — дейді.
Есеп жүргізу қақпасы мен кітапханашы станциясы орнатылғаннан кейін 1 ай уақыт ішінде (қысқы демалысты есептемегенде) бас ғимарат кітапханасы 10 мыңнан астам, ал тарих факультетіне 2 мыңнан астам кіріс тіркелген.
Алдағы уақытта университет кітапханаларында оқырмандарға арналған жайлы кеңістіктер мен арнайы орындар ұйымдастыру жоспарланып отыр.