Воскресенье, Апрель 21, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінің ғалымы отандық селекциялық қияр өсіруге патент алды

Жұбанов университетінің ғалымы отандық селекциялық қияр өсіруге патент алды

Zhubanov University-нің ғалымы, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Әлия Базарғалиева үш жылдан бері Алматы қаласындағы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Университетте 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында «Ашық және қорғалған топырақта отандық селекциялық қияр сорттарын өсірудің технологиясы» тақырыбындағы ғылыми-инновациялық жобаны жүзеге асырылған. Жобаның бас ғылыми кызметкері, PhD доктор Нұрлыгүл Утарбаева.
«Жоба аясында жергілікті климатқа бейімделген қияр сорттарын өсірдік. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорымен бірлесе Ақтөбе облысының агроэкологиялық жағдайында өсірілген қиярдың 5 сортүлгілерін сынау жұмыстары сәтті аяқталды», — деді ғалым.
Арнайы талаптарға сай қиярдың сортүлгілеріне дәмсынақ жасау рәсімі жүйелі түрде ұйымдастырылды. Жоба аясында зерттеу жұмыстары екі мекемеде жоспарлы түрде қатар жүргізілді. Экологиялық сорт сынау нәтижесі Ақтөбенің табиғи жағдайларына ең төзімді қияр сортын анықтауға мүмкіндік берді.
Патент ҚР Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шешімімен 100% таза линиялық «Әлия Молдағұлова» егістік қияр сортына селекциялық жетістікке беріліп отыр.
«Бұл көптен күткен қуанышты нәтиже. Ендігі міндет – жоғары сапалы тұқымды нарық сұранысына сай көбейту, өндіріске енгізіп, қажет болған жағдайда ғылыми-әдістемелік қолдау жасау, патенттелген жаңа қияр сортының тұқым шаруашылығын жолға қою», — дейді Әлия Базарғалиева.
Айта кетейік, аталмыш қияр сорты Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдық құрметіне орай аталған.