Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақәділдің асулары мен мұраттары

Ақәділдің асулары мен мұраттары

«Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дейді халқымыз. Тұла бойға біткен талант, қуат пен жігер адамды түбі бір биіктерге жетелейтіні сөзсіз. Мектеп жасынан-ақ облыстық, республикалық олимпиадаларға, сайыстарға қатысып, үздік оқу үлгерімімен қоса қоғамдық шаралардың басы-қасында жүретін Ақәділ Жанабаев бұл қасиетінен университетімізге оқуға түскеннен кейін де арылмады. Қазір ол техникалық факультеті «Көлік, көлік техникасы және технологиясы» мамандығының 4 курс студенті. Грант иегері. Әлі күнге дейін жоғары стипендиядан қол үзген емес. Оқу озаты болумен қатар, университет тынысындағы барлық қоғамдық шаралардың ұйытқысы болып келеді. Ақәділдің еңбегі еленді. Жақында ол «Жыл студенті-2017» атағын иеленді. Осы тұста Ақәділмен жолығып сұқбаттасқан едік.

«Жыл студенті-2017» номинациясын иелендің. Құтты болсын! 11 мыңға жуық студенттің арасынан топ жарып шығу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Осы атаққа қандай жетістіктеріңмен қол жеткіздіңіз?

Университеттегі ең алғашқы жетістігім — қалаған мамандығым бойынша грантқа оқуға түскенім деп ойлаймын. Қазір «Белсенділер» мүшесімін. Университеттегі шараларға үнемі қатысып жүремін. Мамандығымды игерумен қатар, заман талабына сай, болашақ мамандығымның бәсекеге қабілетті болуын қамтып, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын «London» курсында оқимын. Сонымен қатар университетіміздегі Қытай тілін үйрететін Конфуций  институтында да «Қытай тілін үйрену» курсында оқып жүрмін. 2016 жылы «NSK,NSKK» емтиханында жоғары нәтиже көрсетіп, «Hanban» халықаралық орталығынан іріктеуден өтіп, Қытай халық республикасының Шыңжаң провинциясының Үрімші қаласындағы «Xinijiang University of Finance and Economics» университетінің бір айлық тіл үйрету курсының грантын жеңіп алдым. Ол курсты жоғары бағамен тәмамдап, халықаралық дәрежедегі сертификат иелендім. Өзге ел мәдениеті, тұрмысымен танысып, көзбен көріп, бағалау кездерінде білім көкжиегім кеңи түсті. Басқа елдердің студенттерімен танысып, олармен араласу, достасу барысында көп жәйттерге қанық болдым.

Байқауларға да үнемі қатысып тұрамын. «Тайбурыл» қоры «Ай сайынғы шәкіртақы» бағдарламасы бойынша жарияланған байқауға қатысып, аталмыш шәкіртақыны иелендім. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мемлекетіміздегі айтарлықтай тарихи оқиға болғаны белгілі. Ақтөбеден барған 100 ерікті жастардың арасынан табылуым мен үшін өте үлкен мәртебе болды. Ол көрмеге бару кезінде де көптеген достар таптық. Шетелдіктерге Қазақстанымыз жайлы патриоттық сезіммен мақтана айттық. Ол жақта біліміміз жетіле түсті. Көрме аясында Қарағанды қаласында өткен «Ұлы дала қуаты» атты республикалық байқауға қатысып, сертификат иелендім.

2017 жылдың тамыз айында Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен «Ортақ болашақ, ортақ мәдениет және жас көшбасшылар» лагеріне жолдамамен барып келдім. Қазақстан Республикасының 25 жылдығына, университетіміздің 50 жылдық мерейтойына арналған V университеттік жастар форумының «Үздік озат студенті-2016» номинациясымен марапатталдым.

Өмірде жетістіктерге қол жеткізуің ең бірінші ата-ана берген тәрбие мен өскен ортаңа, достарыңа байланысты деп ойлаймын. Егер қасыңдағы адамдар еңбекқор, көздерінде оты жанып тұрған жандар болса, сенде олардан шабыт, қуат алып, болашаққа нық сеніммен қарап, биік белестерді бағындыруға тырысасың, шабыттанасың.

Үздіктер слетінде университетіміздің бұрынғы түлектері бізге қызыға  қарайтындықтарын айтып жатты. Олар студенттік кездерінде мұндай мүмкіндіктердің, марапттаулардың болмағанын айта кетті. Әрине, біз — бақытты ұрпақпыз. Жастарға білім алуға барлық жағдайлар жасалған. Универитет ректоры Б.А.Ердембековке жастарды қолдап, оларға көңіл бөліп жатқаны үшін, сабақ беретін оқытушыларыма үлкен алғысымды білдіремін

Сіз ХХІ ғасыр студентісіз. Осы кезеңнің студент-жастарының басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

Қазіргі кезең ақпараттық технологияның дамыған кезеңі. Біздің ерекшелігіміз сол ақпараттың қолжетімділігінде болар. Дегенмен қазіргі жастарға, білімге қойылып отырған талап та қатаң. Көштен қалмай, ақпарат ағымына ілесі білу үлкен ізденісті, еңбекқорлықты, жан –жантылықты талап етеді. Сонымен қатар қазір шетел тілдерін біліп қана қоймай, еркін меңгеруде маңызды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  тек экономикалық-индустриялық бағытқа қана емес, өзімізді рухани дамытуға да көп көңіл бөлінуі керек деп айтылған. Сондықтан қазіргі кезең жастары жаңа инновациялық технологияларды меңгерумен қатар, тарих, салт-дәстүріміз, ана тіліміз, кітап оқу мәселелерін естен шығармағаны жөн.

Өзіңіз білім алып жатқан Жұбанов университеті жайында лебізіңізбен бөліссеңіз. Жоғары білім алу үшін осы оқу орнын таңдауыңызда себеп бар болар?

Жұбанов университеті Батыс өңіріндегі жетекші жоғары оқу орны. Өзім қаладағы №39 қазақ орта мектебінің түлегімін. Мектеп бітіретін кезде көп толқисың, алдыңда мамандықты дұрыс таңдай білу жауапкершілігі тұрады. Ойлана келе, алдыңғы буын ағаларымның пікірлеріне сүйеніп, осы оқу орнын таңдадым. Жұбанов университетін таңдағаныма әркез қуаныштымын. Маған техникалық базасы, білім сапасы барлығы ұнайды. Осы ағымдағы жылы Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында өткізілген пәндік олимпиадаға қатысып келдік. Пәндік додаға мамандықтарының майталмандары жиналды. Сол кезде біздің оқу орнының білімі ешқандай республикалық жоғары оқу орындарынан қалыс қалмайтынына көз жеткіздім. Сол олимпиадада біздің командалық топ жүлделі бірінші орынды иеленді.

Биыл соңғы курста оқиды екенсіз. Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Алда жоспарларым да, армандарым да өте көп. Біріншіден, университетті тәмамдаған соң магистратураға түсіп, оқуымды жалғастырсам ба деймін. Және екінші жоспарым қазір жаңадан ашылған «Жас өркен» бағдарламасы арқылы тәжірибе жинақтасам деп ойлаймын. Аталмыш бағдарлама 4 кезеңнен тұрады, егер сол сынақтардан сүрінбей өтсең, Қазақстанның ұлттық компанияларында 20 ай тәжірибеден өтуге болады.

Қазір соңғы курс болғасын мектеп бітіретін кездегідей толқу сезімінде жүрмін. Алда үлкен өмір – кәсіби өмір күтіп тұр.

Отбасында тұңғыш баламын. Өзімнен кейін екі қарындасым бар. Үйдің үлкені болған соң менің міндеттерім көп деп есептеймін. Қарындастарыма әр уақытта үлгі болып, қамқорлығымды көрсетуім керек. Отбасымыздың әл-ауқатын арттыру үшін, азаматтық міндеттерімді өтеу үшін терең де сапалы біліммен қаруланып, өз мамандығымның шебер майталманы болып, Отаныма қызмет ету — менің басты мақсатым.

Сұқбаттасқан: Жадыра АРЕН