Воскресенье, Апрель 21, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Үнемі ізденісте жүретін ғалым

Үнемі ізденісте жүретін ғалым

Қоғамда білімімен, іскерлігімен, ақыл-парасатымен көпршілікке үлгі болып жүрген жерлестіріміздің қатары көбеюде. Кейінгі жылдары ғылым саласындағы қыз-келіншектердің үлесі арта түсті. Өзінің ізденістерімен дараланып жүрген жерлестеріміздің бірі — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

Лаура Қарабасова «Білім беру» мамандығы бойынша философия докторы. Ғылымдағы алғашқы қадамын Жұбанов университетінде бастаған. 3 курста оқып жүргенде жазған ғылыми жобасы сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің конкурсында 3-орынға лайық деп танылды. Әрі қарай Ұлыбританиядағы үздік оқу орындарының бірі Уорик университетінде «Білім беру саласын басқару» мамандығы бойынша магистратураны, Назарбаев Университетінде докторантураны үздік аяқтады.

Соңғы 10 жылда Лаура Қарабасова орта білім және жоғары білім саласындағы реформаларды зерттеп, білім беруде түрлі ұсынымдар әзірледі. 2014 жылы оның жоғары білім реформасын зерттеуге бағытталған ғылыми жұмысы білім саласын зерттеушілердің Европалық Ассоциациясының арнайы грантына ие болды.

2018, 2020 және 2023 жылдары шетелдік танымал ғалымдармен бірлесіп «Постсоциалистік кеңістіктегі трансформацияларды салыстыру: мақсаттар, саясаттар және практика», «Орталық Азиядағы білім беру: қиындықтар мен мүмкіндіктер калейдоскопы», «Пән мен тілді кіріктіріп оқытудың Routledge анықтама кітабы» атты кітаптарын халықаралық беделді баспаларда жариялады. «Орталық Азиядағы білім беру: қиындықтар мен мүмкіндіктер калейдоскопы»атты кітабы ең көп сатылымға шығып, баспаға жақсы табыс әкелген кітаптар қатарына енді.

Лаура Қарабасова 2022 жылы отандық жас ғалымдарды қолдау мақсатында әріптестерімен бірлесе отырып, «Білім берудегі зерттеулер: теория, әдістер және практика» тақырыбында зерттеу жүргізуді үйрететін әдістемелік кітап жазып шықты. Бұл кітап бүгінгі таңда еліміздегі магистранттар мен докторанттар арасында жоғары сұранысқа ие.

Ол бұрын Назарбаев Университетінде магистранттарға ғылыми зерттеу әдістері бойынша сабақ берген. Бүгінде Жұбанов университетінде шәкірт даярлап, өзінің ғылыми мектебін қалыптастыруда. Докторанттармен бірге әзірлеген жобасы арнайы конкурста гранттық қаржыландыруға ие болды. Нәтижесінде Ақтөбе облысындағы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық мамандық студенттерінің оқушылар бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастыру жөніндегі тәжірибелерін зерттеу жобасы жүзеге асуда.

Лаура Қарабасова 2021 жылы ҚР Ұлттық Ғылыми Кеңесінде қызмет етті. 2023 жылы ғылыми көрсеткіштері үшін Қазақстандағы үздік ғалымдар рейтінгіне кірді. Ол — Amanat партиясының белсенді мүшесі.

//aqtobegazeti.kz/