Воскресенье, Апрель 21, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > 50 жастағы студент

50 жастағы студент

…Ақтөбелік Нұрбай Матсалаевпен түске дейін байланысу мүмкін емес. Қанша рет телефон шалып, онымен сөйлесудің сан түрлі амалын жасасаңыз да, «сабақта отырмын» деген қысқа SMS-хабарламасын жолдаумен шектеледі. Жігіт ағасы күнделікті оқу барысын бәрінен жоғары қойып, тіпті жеке кәсібін де уақытша тоқтатуды дұрыс көріпті. Өйткені күндізгі оқу бөлімінде күрделі сала — компьютерлік инженерия мамандығын ағылшын тілінде игеріп жүр.Грантта оқитын үлгілі студент.

Оның айтуынша, шынымен талаптанған адамға ештеңе кедергі бола алмайды. 50-60 жаста да білім алу кеш емес. Отбасылық жағдай, жасының үлкендігі, көпшіліктің сөзін де елемей, университетке оқуға түскен кейіпкеріміз балаларымен жасты курстастарымен алғашқы оқу жылын аяқтауға жақын.

«Болашақ бүгіннен басталады»

Байғанин ауданында туып-өскен Нұрбай — Атырау политехникалық колледжінің 1998 жылғы түлегі. Мұнайшы мамандығын тәмамдаған ол бұған дейін жиһаз өндірісі, құрылыс салаларында еңбек етіпті. 2010 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады, автошеберханасы бар. Жігіт ағасы орта арнаулы білімін жетілдіруді бұрыннан ойластырып жүргенін айтады.

— Жасыратыны жоқ, мен мектеп бітіріп, оқуға түскен жыл қиын кезеңге тап келді. Жағалай жұмыссыздық, бәрі қымбат, қаржы дағдарысының уағы.

Жылдар өтіп, жағдай жақсарғанда ғана, соңғы 2-3 жылдардың ішінде оқуым керектігі туралы ойлана бастадым. Жаңа нәрсені үйренудің белгілі бір мезгілі болмаса керек, болашақ бүгіннен басталады демей ме? Әрі жеке кәсібім автомобильдердің электронды жүйелерін диагностикалауға қатысты болғандықтан, компьютерлік инженерия туралы тереңірек білуге ұмтылдым. Сөйтіп, былтыр осы іске мықтап кірісіп, жоғары оқу орнына түсуге талаптана бастадым. Бұл мақсатта жеке бизнесімді де уақытша жабуға тура келді. Өйткені сабақ барысында ештеңеге алаңдауға болмайды, — деген Нұрбай жұрт қатарлы Ұлттық бірыңғай тест тапсырғанын атап өтті. Ол үшін бірнеше ай тынбай әзірленгенін, одан кейін ағылшын тіліндегі емтиханнан сүрінбеу үшін арнайы репетитордың қызметіне жүгінгенін қосты.

«Талаптыға нұр жауар» демекші, Нұрбайдың еңбегі еш кетпеді. 50 жасқа жақындаған талапкер ҰБТ-дан 69 балл жинап, ағылшын тіліндегі емтиханнан да жақсы баға алып, Ұлыбританияның байырғы оқу орындарының бірі — Heriot-Watt университетінің былтыр ғана Ақтөбеде ашылған филиалына грантқа оқуға түседі. Әлбетте, оның білім алуға құлшынысын айналасындағы адамдар әртүрлі қабылдайды. Отбасы сенім білдіріп, оқуда сәттілік тілесе, замандастары түсінбестік танытыпты, ал курстастары алғаш көргенде таңданысын жасыра алмапты. Өйтпегенде ше, әңгімелесушіміз— топтағы студенттердің арасында ең үлкені, қалғандары мектепті енді бітірген жігіттер мен қыздар.

Шетелдік бағдарлама бойынша оқиды, шәкіртақы алады

— Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндесабақ беретін зайыбым, мектеп жасындағы үш балам да оқимын деген талабымды қолдады. Осы университеттің базасында шетелдік оқу орнының өкілдігі ашылатынын келіншегімнен білгенмін.

Сабағымыз толығымен ағылшын тілінде өтеді. Шетелдік бағдарламаға сәйкес оқу барысы мүлдем бөлек. Топтағы 21 студент сияқты барлық тапсырманы тиянақты орындауға, оқудан қалмауға тырысамын. Грант иегеріболғандықтан, 42 мың теңге көлемінде шәкіртақы аламын.

«Білім — ырыс қазығы» деген сөз бар. Осы қадамым арқылы жоғары білім алып, шетелдік университеттің оқу жүйесін біліп, сондай-ақ өсіп келе жатқан балаларыма үлгі болғым келді. Мүмкіндік болса оқып, таным көкжиегіңді кеңейткенге не жетсін?! Жасым біразға келді деп өзіңді дамытпай, тоқмейілсіген дұрыс емес. Бұл жағынан шетелдіктерден үйренеріміз көп, олар 70-80 жаста да студент болудан арланбайды, — дейді Нұрбай.

Күнделікті оқу бағдарламасының оңай емес екенін, бірақ шындап кіріссе еңсеруге болатынын айтқан жігіт ағасының мақсат-жоспары көп. Дипломын қолына алғасын бағдарламалау, ақпараттық жүйелер, желілік технологиялар, т.б. салаларда қызмет ете алатынын білдік. Бір анығы, «арық сөйлеп, семіз шыққанды» жөн көретін I курс студенті университетке түскен соң ой-түсінігінің жүз пайын өзгергенін білдірді.

Айта кетейік, Heriot-Watt — 1821 жылы негізі қаланған әлемдегі жетекші университеттердің бірі.

Кураторы не дейді?

Шетелдік университеттің осындағы филиалында жұмыс істейтін Жайна Әбдірахманованы әңгімеге тартқанымызда, төмендегідей ой-пікіріне қанық болдық:

— Шетелдік оқу бағдарламасында куратордың қызметін координатор атқарады. Өткен жылы Heriot-Watt халықаралық университетінің осындағы өкілдігінің компьютерлік инженерия мамандығының I курс студенттеріне координатор ретінде бекітілдім. Тобымда 21 студент бар. Старостасы — Сержан Абаев. Нұрбайды ескермегенде, барлығы — мектепті енді бітірген жастар.

Нұрбай оқуда өзін жақсы жағынан көрсетіп келеді, сабақтан қалған емес. Өзін дамыту жолында көп ізденетін қасиетін жоғары бағалаймын. Берілген тапсырманы уақтылы әрі өз деңгейінде орындай білуі оны үлкен  жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Осындай студенттерімізбен дәйім мақтанамыз.

Жалпы, оқу 4 жылға созылады. Әдеттесабақтар таңғы сағат 8.30-да басталып, түске таман аяқталады. Егер GPA жоғары болса, алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда 1 семестр оқуына мүмкіндігі бар, — дейді.

Жасамыстың жігерін жану үшін…

Осы мақаланы жазу барысында елімізде 2021 жылдан бері «Күміс  университет» жобасының (үшінші буын университеті деп те аталады) іске асырылатынын білдік.

Аталған жоба аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 50 жастан асқан адамдарға цифрлық және қаржылық-құқықтық сауаттылық, шетел тілі, вокал, емдік дене тәрбиесі, қолөнер бағыттары бойынша курстарды тегін өткізеді.

— Мұндай жоба бүкіл әлем бойынша бұрыннан бар. Мәселен, Франция, Англия, Қытай және Жапония сияқты мемлекеттердебұл 60 жылдан астам уақыт бойы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл білім беру саласында life-long learning (өмір бойы оқыту) бағытын қамтиды.

«Күміс университеттің» басты мақсаты — зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдардың немесе қарттардың өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бос уақытын тиімді өткізу.

Бұған дейін 300-ге жуық ересек азамат 15 бағдарлама бойынша біліктілікті арттыру курстарына қатысты. Соңында әрқайсысына сертификат табысталды.

Биыл 15 ақпанға дейін сондай ақысыз курстарға 65-ке жуық тыңдаушы жазылды. Олар әр сала бойынша оқытушылардан дәріс алуды бастап кетті. Ұзақтығы — 36 сағат, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  университеті қосымша білім беру департаментінің директоры Жадыра Мұзбаева.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

//aqtobegazeti.kz/