Воскресенье, Апрель 21, 2024
Басты > Жастар саясаты > Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған Халықаралық экслибрис көрмесі өтті

Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған Халықаралық экслибрис көрмесі өтті

Бүгін Жұбанов университетінде Үнді елінің Курукшетра университетінен келген PhD Ишу Джиндал және Белоруссия елінің танымал техникалық суретшісі Ольга Терещенконың қатысуымен Халықаралық экслибрис шығармашылық көрмесі өткізілді.

Көрмеге 200-ге жуық графика және экслибрис жұмыстары қойылды. Оның ішінде Белорусь суретшісі Ольга Терещенконың, үнді студенттері мен Жұбанов университетінің білім алушыларының туындылары бар.

Мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина мұндай халықаралық деңгейдегі көрмені өткізу үлкен еңбекті талап ететінін айтты.
— Биыл тіл білімі саласындағы тұңғыш қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановқа — 125 жыл. Осыған орай студенттермен бірге осындай маңызды көрме ұйымдастыруды ұйғардық. Студенттер көп еңбектенді. Туындыларында Құдайберген Жұбановтың өмірі, бейнесі, кітаптары бейнеленген. Тіпті кішкентай экслибристің ішінде біртуар тұлғаның өмірде қол жеткізе алмай кеткен армандары да болуы мүмкін, — дейді профессор.

Өз кезегінде Үнді елінен келген Ишу Джиндал студенттердің шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Халықаралық маңызға ие шараға қолдау танытқан университет басшылығына, профессор-оқытушыларға алғысын жеткізді.

Айта кетейік, ақтөбеліктер мен қала қонақтары Студенттер сарайының холында қойылған ерекше туындыларды бір ай бойы тамашалай алады.