Среда, Июль 24, 2024
Басты > Білім > Heriot-Watt емтиханы: жетекші британдық оқу орнына түсу мүмкіндігі

Heriot-Watt емтиханы: жетекші британдық оқу орнына түсу мүмкіндігі

Бүгін Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі филиалына оқуға түсуге арналған ағылшын тілінен тестілеу өтті.
Емтихан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, британдық университеттің ұйымдастыруымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында орналасқан филиалында өтті.
Емтиханға 5 өңірден, оның ішінде, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар және Ақтөбеден 200-ге жуық талапкер қатысты.
Айта кетейік, Жұбанов университеті Ақтөбе облысымен қоса есептегенде Қазақстанның 5 өңірінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын ауқымды түрде жүргізді.
Емтихан тапсырудың толқулы сәт екенін екенін айтқан Heriot-Watt университетінің академиялық бағдарламалар бойынша менеджері Дэниел Свонсон тестілеуге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Heriot-Watt филиалында білім алып жатқан студенттерге дән ризамын. Сіздерге де әлемдік жетекші жоғары оқу орнының студенті атануларыңызға тілектеспін!», — деді ол.
Сонымен қатар тестке қатысқан талапкерлердің ата-аналарына арнайы инфосессия өтті. Олар Heriot-Watt және Жұбанов университеттері өкілдеріне оқу процесіне қатысты сұрақтарын қойды.
Еске сала кетейік, Жұбанов университеті базасында орналасқан Heriot-Watt университетінің филиалы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы ашылды. Қазір мұнда өңір сұранысына сай 3 білім бағдарламасы бойынша 300-ге жуық студент білім алуда.
Ағылшын тілінен өтетін тестілеу емтиханы ақысыз түрде әр айдың соңғы сенбісінде жүйелі түрде жүргізіледі. Талапкерлер тест нәтижесін 2-3 апта ішінде ала алады. Ал емтиханнан өтпеген жағдайда қайта тапсыруға бірнеше мүмкіндігі бар.