Жұбанов университетіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент өкілдері келіп, студенттермен кездесу өткізді.
Жиын барысында мемлекеттік қызметтің артықшылықтары талқыланып, жұмысқа орналасу жолдары айтылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Роза Шумекеева өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға арналған мемлекеттік басқару саласындағы заманауи үрдістер мен жаңалықтар туралы айтты.
- Облысымыздағы мемлекеттік қызметкерлердің 39 пайызын жастар құрайды. Олардың қатарында Жұбанов университетінің түлектері де бар. Елімізді көркейту үшін мемлекеттік қызметке білікті жас мамандар қажет. Әсіресе, ауылдық жерлерде кадр жетіспеушілігі орын алып жатады. Мемлекет жас мамандарға мансаптық өсу үшін барлық қажетті жағдайларды ұсынады. Мемлекеттік грант бойынша бітірген, GPA жоғары түлектер қызметке тестілеуден өтпей-ақ қабылданады, — деген ол мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктерін баяндады.
Кездесуде жастар департамент өкілдеріне көкейдегі сұрақтарын қойып,пікір алмасты.