Среда, Июль 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тәрбие мен тәлім

Тәрбие мен тәлім

Ұлттық құрылтай — қоғамдық құндылықтар төңірегінде әлеуметті біріктіретін алаң екені баршамызға белгілі. Ел дамуының маңызды факторларының бірі — ғылым мен білім саласының өкілі ретінде биыл құрылтай құрамының мүшелігіне қабылдандым. Біздің ғалымдарымыз бен оқытушыларымыз, әсіресе аға буын өкілдерінің ғылыми идеялары жас ұрпақты тәрбиелеуде, қоғамның бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ал жастар — қоғамның қозғаушы күші.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде жастарға құндылықтар туралы айтып, ел болашағы үшін бүгіннен бастап жауапкершілікті қабылдауға дайын болуға үндеді.

Мен үнемі жастармен тығыз байланыста болғандықтан, бірнеше маңызды идеяларға тоқталғым келеді. Президент оқу мен жұмыстың алуан түрлі тәжірибесін алудың маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде ұтқырлық пен өзін-өзі дамытудың шексіз мүмкіндіктеріне әрдайым ашық болуға шақырды. Шынында да, білім беру миграциясы жаһандық құбылыстарға дайын кадрларды даярлауда маңызды рөл атқарады. Аймақтардағы жастар түрлі себептермен бір жерде қалуға бейім, мысалы, сол университетте бакалавриат, магистратура және докторантурада оқиды. Содан кейін олар сол университетте қызмет жолын жалғастырады. Интеллектуалды әлеует тұрғысынан қарастыратын болсақ, жастардың тәжірибесі артып, түрлі ортаға бейімделіп, жаңа идеялар мен дәстүрлерді сіңірген кезде маңыздылығы артады. Әлемнің озық жоғары оқу орындарында басқа жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа қабылдап, ал өз түлектерін басқа жерлерге шығуға ынталандыру тәжірибесі қалыптасқан.

Қазіргі таңда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде әртүрлілікті дамытып жатырмыз. Мысалы, соңғы 3 жылда бізге Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау сияқты өзге де қалалардан мамандар тарттық.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірі Heriot-Watt университетінің Ақтөбедегі филиалын сәтті аштық. Нәтижесінде университетімізге оқуға түсуші талапкерлердің географиясы кеңейді. Көршілес облыстардан бөлек, Жетісу, Алматы, Ақмола облыстарының мектеп бітірушілері университетімізге оқуға түсті. Келесі оқу жылына еліміздің басқа өңірлерінен одан да көп талапкерді тартуды жоспарлап отырмыз. Осы тұста ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды рөл атқарады.

Екі жыл ішінде біз профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерімізге ағылшын тілі курсын ұйымдастырдық. Мақсат — әріптестеріміздің біліктілігін арттырып, өзге ғалымдармен еркін қарым-қатынас жасауын және тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету.

Биыл университетіміздің 40-қа жуық жас маманы доктор дәрежесін алу үшін Алматы, Астана және басқа қалалардың жоғары оқу орындарына түсті. Біз оларды өңірге жаңа біліммен, жаңа дағдылармен оралу үшін тәжірибе жинақтауға жібердік. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасымен 18 әріптесіміз шетелде тағылымдамадан өтіп жатыр. Мұндай бастамалар мықты академиялық орта құруда өте маңызды.

Елімізде жас мамандар белсенді түрде жауапты лауазымдарға тағайындалуда әрі оларға әлеуметтік лифттердің барлық түрлері жасалып жатыр. Өзімді де осындай мысалдардың бірі деп санаймын. Ең бастысы — мемлекет құрған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, адал еңбекпен оқу және жұмыс істеу. Әрине, білім алу және тұлғаны дамыту процесінде оқу маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысының құрылтайда айтқан үндеуінің басым бағыты — ұлттық құндылықтарымызды, тарихымыз бен мәдениетімізді қастерлеп, адал еңбек етіп, сауатты, білімді «Адал азамат» ұғымына сай болу. Әсіресе кітап оқитын ұлтқа айналу үшін кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайтынын айтып, жастарды кітап оқуға шақырды. Осы тұста университет кітапханасын үлгілік кітапханаға айналдыру бойынша алдымызда маңызды миссия тұр. Бұл жер тек кітап сақтайтын қор емес, студенттердің емін-еркін білім алып, тиімді уақыт өткізетін жерге айналуы керек. Кітап қорын жаңартып қана қоймай, кітапхананың тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Университет кітапханасы жастарды қызықтыратын орынға айналуы үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда өзекті болып тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылық, лудомания, буллинг, вандализм мәселелеріне де тоқталды. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау секілді теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайтынын ескертіп, қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуға үндеді.

Екі жылдан бері университетіміздегі «Денсаулық және салауаттылық» орталығында студенттер мен қызметкерлерімізге тегін психологиялық тренингтер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бұл үрдіс — олардың психологиялық денсаулығының басты кепілі.

Қазіргі уақытта облыстық жастар саясаты басқармасымен бірлесіп семинар, кездесулер ұйымдастырып қана қоймай, ішкі мәселелерді жан-жақты қарастыруға ұсыныс білдірдік. Әрине, бала тәрбиесінде ата-ананың қолдауы бірінші кезекте тұрады. Ал біз университет тарапынан әр білім алушының қолайлы ортада білім алып, маман атануына жағдай жасаймыз.

Лаура ҚАРАБАСОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің
Басқарма төрағасы — ректор, Ұлттық құрылтай мүшесі.