Среда, Май 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Әз-Наурыз мерекесі тойланды

Жұбанов университетінде Әз-Наурыз мерекесі тойланды

Бүгін Жұбанов университетінің ұжымы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. Мерекелік жиын аясында киіз үйлер тігіліп, театрландырылған көріністер, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, ұлттық тағамдар және салт-дәстүрлер көрмесі, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Оқу орнында Наурыз мейрамына орай ақ дастарқан жайылып, жиналғандар наурыз көже мен бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татты. Жігіттер қауымы қазақтың ұлттық ойындары асық ату, арқан тартыстан бақ сынап, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар жиналған көпшілік филология факультетінің талантты жастарының айтыс өнерін тамашалады.

Ұлық мерекені ұжыммен бірге тойлауға келген университет ректоры Лаура Қарабасова жиналғандарды ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
— Биыл Мемлекет басшысының идеясымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатта тойланып отыр. Бұл — жақсы тілектер тілеп, ізгі амалдар жасайтын ерекше күн. Бүгін мәнді де мазмұнды себеппен бас қосып, ата дәстүрімізді жалғастырып отырмыз, — деді ректор.

Салтанатты кештің әсерлі сәтінің бірі – тұсау кесу рәсімі болды. «Біреудің ала жібін аттамасын, адал азамат болсын» деген ниетпен университет ректоры Лаура Қарабасова кішкентай Эмирдің тұсауын кесті.

Мерекеде қазақтың ән-күйі шырқалып, студенттер өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар шетел тілдері факультеті өнерпаздарынан құрылған хор және «Әжелер» ансамблі мерекелік көңіл-күй сыйлады. Оқу орнының 50-ге жуық қыз-жігіттері «Қара жорға» биін билеп, тағылым мен тәрбиенің қара шаңырағы Жұбанов университетіндегі мерекелік кеште ерекше атмосфера орнатты.