Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > Жаңалықтар > Zhubanov University жас ғалымдары«Жас ғалым» бағдарламасы бойынша баспаналы болды

Zhubanov University жас ғалымдары«Жас ғалым» бағдарламасы бойынша баспаналы болды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ғылым айының қорытындылауына орай Ғылыми кеңес мәжілісі өтті.

Жиында ғылым айы аясында белсенділік танытқан және университеттің ғылыми-зерттеу саласының дамытуда елеулі үлес қосып жүрген үздіктер марапатталып, университеттің 5 жас ғалымына пәтерге сертификат табысталды. Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан  бірқатар оқытушылар мен қызметкерлер«Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапатталды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова университеттің ғылыми жетістіктеріне тоқталып, мемлекет тарапынан ғылым саласына көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтты.

— Бүгінгі таңда ҚР Ғылым және білім министрлігінің қолдауымен бірқатар ғылыми жобаларымыз сәтті жүзеге асуда. Әсіресе, жас ғалымдарымызға беріліп жатқан мүмкіндіктердің бірі – «Жас ғалым» ипотекалық несие беру бағдарламасы. Биыл бұл бағдарлама арқылы 5 әріптесіміз баспаналы болып отыр,- деді университет ректоры.

Баспанаға ие болған Ғылым және инновациялар департаментінің аға ғылыми қызметкері Жайнар Сатбай қуанышымен бөлісті.

  • «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша тиімді шарттармен жеке баспана алу мүмкіндігіне ие болып отырмын. Өте қуаныштымын. Бұл біз сияқты жас ғалымдарға ғылыммен еркін айналысу үшін жігер береді. Қолдау білдірген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, университет басшылығына алғысым шексіз, — деді жас ғалым.

Айта кетейік, Ғылым айы аясында Жұбанов университетінде 75-ке жуық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференциялар, семинарлар, ғылымды қаржыландыруға бағытталған халықаралық форум және дарынды оқушылардың ғылыми жобалар байқаулары мен олимпиадалар өтті.