Четверг, Июнь 13, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту — уақыт талабы

Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту — уақыт талабы

Рахым БЕКНАЗАРОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының докторы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бастама, сонымен қатар наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілгенмаңызды мәселелер одан әрі тереңдете қамтылған. Президент Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет екенін атап өтті.

Шын мәнінде, елімізде өмір сүріп жатқан этностар ортақ Отанда бәріміздің тең екенімізді сезінеді. Этноұлттық-мәдени бірлестіктердің жетекшілері өздерінің күнделікті қызметі арқылы қоғамдағы түсіністік пен бірліктің іргесін нығайта түсуге атсалысады. Еліміздегі соңғы айлардағы су тасқыны кезіндегі оқиғалар халқымыздың ынтымақтастығын, бір-біріне деген тілеулестігі мен жанашырлығын көрсетті. Соның ішінде біздің Жұбанов университетінде, облыс әкімдігімен бірлесіп, ерікті студенттерден құрылған бригадалар су басу қаупі төнген елді мекендерде бөгеттер тұрғызу, тұрғындырды көшіру жұмыстарына қомақты үлес қосты. Ал психолог мамандар мен педагогтер балалар мен жасөспірімдерге қажетті шұғыл көмектер ұйымдастырды. Облыстық штабтың ұйғарымына сай, біз 90-ға жуық адамды өз жатақханаларымызға орналастырдық. Үйлері су астында қалған тұрғындарға өз бөлмелерін босатып берген студенттеріміз де бұл жағдайға түсіністікпен қарады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік, өңірлік деңгейде белсенді жұмыс істеп, ел бірлігін нығайтуға атсалысып келеді. Дегенмен ішкі және сыртқы сынақтар өзгеріп, сан құбылған заманда Ассамблея жұмысын одан әрі жақсарта түсу — уақыт талабы. Мемлекет басшысыАссамблеяның мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керектігін, бұл үшін оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажеттігін айрықша атап айтты. Еліміздегі жоғары оқу орындарының ғалымдары осы бағытта олармен әріптестік орнатуға әзір.