Воскресенье, Июль 14, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ғылымды қаржыландыру жолдары

Ғылымды қаржыландыру жолдары

Форум

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің және облыс әкімдігінің қолдауымен «Ғылымды коммерцияландыру: Ғылым. Бизнес. Интеграция» тақырыбында халықаралық форум өтті.

Жиында сөз алған университет ректоры Лаура Қарабасова форумның негізгі мақсатына тоқталып, арнайы келген қонақтарды таныстырып өтті.

— Ғылымның экономиканы дамытудағы нақты үлесін арттыру, өндіріс саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге бағыттау туралы Президент тапсырмасында айтылғаны белгілі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылымды қаржыландыруға көп көңіл бөлініп жатыр. Университетімізде де соңғы үш жылда қаржыландыруға ие болған ғылыми жобалар саны еселенгенін көріп отырмыз.

Ғылымның негізгі мақсаты — адам өмірін жақсы жаққа қарай өзгерту. Егер ғылым мен өндірістің, бизнестің арасындағы байланыс әлсіреп кетсе, онда ғалымдардың еңбегі тек қағаз жүзінде ғана қалып қояды. Соған жол бермеу мақсатында бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз, — деді ол.

Форум жұмысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов ғылыми жобаларды қаржыландыру әлемдік мәселе екеніне тоқталып, оны шешу жолында мемлекет тарапынан ауқымды іс-шаралар атқарылып жатқанын айтты.

— Облыс әкімдігі ғылыми және инновациялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасап отыр. Бұл өңірдің инновациялық экожүйесінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн. Мәселен, биыл біз өңірдің әлеуметтік жағдайын зерттеу үшін ғалымдарға 5 грант бөлдік. Сондай-ақ  «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң шеңберінде ауқымды іс-шаралар жоспарланған.

Ғылым комитеті басшысының, «Ғылым қоры» қоғамының, сонымен қатар коммерциаландыру бойынша еліміздегі эксперт-мамандардың бір алаңда жиналып, бір шешімге келуі ғылыми жобаларды коммерцияландыру жолында үлкен нәтиже береді деп сенемін! — деген Ғалымжан Елеуов форум қонақтарына облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан сәттілік тіледі.

Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, ғалымдар бас қосқан жиында ғылымды қалай қаржыландыруға болады, қаржы тартудың қандай тетіктері бар, сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар шеңберінде ғалымдар қандай қиындықтарға жиі тап болады деген сұрақтарға жауап берілді, мазмұнды баяндамалар жасалды.

Форум соңында технологияны коммерцияландыру орталығы мен Жұбанов университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.